Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Той тойлауға заңның қажеті бар ма?

09.04.2015 | 12:17
Той тойлауға заңның қажеті бар ма?

«Қазақ байыса той жасайды» деген сөз бар. Бірақ, бұл мақалдың бүгінгі заманға қатысы шамалы. Себебі, қазір қалталысы да,  бір айлықтың бетіне қарап, қарызданып жүргені де той жасауға құмар-ақ. Әрине, қуанышты бөліссең көбейеді емес пе?! Ағайын-туыстың бір дастархан басына жиналып, арқа-жарқа болғаны қандай жарасымды.

Бірақ, қазіргі тойлар бұрынғы тойлардан өзгерек. Жасанды сценарийді айтпағанда тойдағы мәдениетті ұмытып барамыз. Біріншіден, сағат алтыға шақырылған қонақтар сегіз-тоғызда жиналса, екіншіден, қыз-келіншек, жеңгелердің жалаңаштанып киінуі қалыпты жағдайға айналды. Пәленшенің тойынан да мықты етіп өткіземін деген  той иелері асабаларға ерекшелікті, ешкімнің тойында болмаған тосын сыйлар жасауды талап етіп жатады. Халық небір тойларда осындай тосын сыйларға куә болып жүр. Мәселен, асабаның ақылға сыймайтын, кейде шектен шыққан ойындарын көргенде масқара деуден басқа амалың қалмайды. Оны қызық көріп, кейбірі ұялы телефонына түсіріп, ғаламторға жариялап үлгереді. Сол ғаламторды ақтарсаңыз қазақтың тойындағы сорақы жәйттардан жағаңызды ұстайсыз. Мәселен, жақында ғана қазақтың тойында бір  жігіттің тізесіне сорайған жас келіншекті жатқызып алып, домбыра ретінде тартып отырғаны әлеуметтік желілерде кең тарады. Қара домбыраны мазақ еткендерге тойға жиналған қауым шапалақты аямай ұрып  жатыр. Масқара-ай десеңізші!

Жақын арада той тойлаудан жарысқа түсіп, әдептен озғандарға тыйым салынатын секілді. Заң шеңберінде. Тойлар мен мерекелерді өткізу және жиналған қонақтарды қадағалау жөніндегі заң сенат пен мәжіліске түспек. Енді тәртіп бойынша тойларды тек түнгі сағат 23:30-ға дейін өткізуге рұқсат беріледі. Қонақтарға тойдан сарқыт алуға, бір-бірімен қоштасуға тек жарты сағат қосымша уақыт бөлінуі мүмкін. Яғни,  түнгі сағат 00:00-де барлығы тарқап кетуі тиіс. Мұнымен қоса, тойдың барысын арнайы инспектор қадағалайтын болады. Инспектор арақты көп ішіп қойғандарды тойдан шығарып жіберуге құқылы. Ашық-шашық киінген әйелдерге де тойда инспектор орамалдар үлестіріп, ұятты жерлерін жабуын талап ете алады. Сондай-ақ, кеш басында той қонақтарына өзін өзі ұстау әдебі мен ішімдіктің зияны туралы фильм көрсетіледі және инспектор жиналғандарға Қазақстанның моральдық бет-бейнесі жөнінде әңгіме айтып, брошюралар таратады. Ең бастысы, инспектор асабаның әдепсіз сайыстары мен орынсыз қалжыңдарына тоқтам сала алады екен.

Сондықтан тойға да сақтықпен барған жөн. Өйткені, көпшілік алдында жалаңаштанатын қонақтарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады. Мұнымен қоса, тойда ұятсыз әрекеттерге барған азаматтардың фотосы БАҚ-қа жарияланып, көшелерге ілінеді.

Жаңа заң қазақстандық той-бизнесінің дұрыс дамуына септігін тигізеді деп санайды заң жобасын жасаған азаматтар. Депутаттар аталған заң қоғамның моральдық құлдырауына жол бермей, қазынаны салықпен толтырумен қатар, мемлекет имиджін сақтайтын болады деп үміттенеді.

Ал, аталған  заң тойшыл қауымға қалай әсер етпек? Бар жиған тергенін тойда шашып, шын ықыласпен қуанышына ортақтаса келген қонақтарды  инспектордың мысы басып тастамай ма? Әлде жаңа ереже шынымен де бүгінгі қазақтың тойына жетіспей тұрған мәдениеттілік пен әдептілікті, тәртіпті орната ала ма?! Жалпы халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрі тойға арнайы заңмен тәртіп енгізу қаншалықты дұрыс?

 

1111fdfg11Зейін Әліпбек, журналист:

«Тәртіп орнатпасақ, той қадірі қашты»

—Мынау тамаша бастама екен. Себебі, қазір қазекемдер біз тойшыл халықпыз дегенді алға тартып, шектен шығып бара жатқаны менің де көңіліме қаяу түсіріп жүр еді. Алайда, елді де түсінуге болады. Көштен қалғысы келмей тойдың жолында қарызданып-қауғаланып, шашылып жатады. Бірақ, мұны ысырапшылдық дер едім. Қазір жұртты ерекше той жасаймын деп таңқалдыру қиын. Және ол басты мақсат болмауы тиіс.  Той түнгі он екіге дейін тарқауы керек деген ұсынысты қолдаймын.  Келесі күнді де ойлау керек қой. Бәрінің шаруасы бар дегендей. Ұйқысы қанбаған шаршау адам өндіріп жұмыс та істей алмайды. Оның үстіне түн ауғанша отырумен өтетін есіл уақытты да аяу керек. Сол себепті тойды ертерек бастап, ертерек аяқтаған жөн. Одан кейін тойдағы басты нәрсе - елдің батасын алу. Меніңше сол орындалса - жеткілікті. Заңдағы тағы бір құптарлық жағдай  жалаңаштануға әуес қонақтарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу.  Және  масайғандарды шығарып отыру да - өте дұрыс шешім. Осындай шараларды қолға алып, елді тәртіпке шақырмаса алдағы уақытта тойларда мүлдем сый-құрмет қалмайтын болады. Сөйтіп ел тойға барудан қалып, тойшылдығымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан мұны дер кезінде көтерілген мәселе деп білемін. 

 

erkebЕркебұлан Мырзабек, әзілкеш,  тележүргізуші:

«Ақылға қонымсыз»

— Кейбір тойларға барғанда қарның ашып қайтатыны рас. Тәртіптің кез-келген жерде болғаны дұрыс қой. Алайда, тойда инспектордың жүргені меніңше ақылға қонымсыз секілді. Өйткені, тәртіп орнатушылардың өзі қазақтың тойында қонақтармен қосылып, тойлап кететін секілді. Тойды он екіге дейін шектеу мүлдем дұрыс емес.  Той қашанға дейін болады, онда кім қалай көңіл көтереді ол әркімнің өз шаруасы емес пе. Той иелерін сыйлап, қуанышын бөлісуге келген адамдарды сағат санап қалай қайтарып жібересің. Бұл меніңше той иелерінің әдепсіздігі болар еді. Дегенмен,  ашық-шашық киінген ханымдарды тезге салғаны жөн екен. Заң қабылдайтын жоғарыда отырған ағалар бәрін сараптап дұрыс шешім қабылдайды деген сенімдемін. Тек заң көңіл көтеруге, бата алуға барған қонақтардың тынысын тарылтып жібермесе болғаны. 

 

 

 

Бейбіт Мұсаев, әнші:

«Қазақтай-ақ тойласын!»

155ec582152d1550161923111efe7245—Той Құдайдың қазынасы.  Қазақта түнгі он екі түгілі қуанышты жәйтті 30 күн ойын ойнап, 40 күн тойлаған. Әр отбасы жеке басының қуанышын қанша уақыт тойласа да өз еркі. Ал енді сағат он екіге дейін ғана тойлайсың деп төбеңнен біреу төніп тұрса тойдың сәні бола ма?! Тойға жиналған қауымда мәдениет қалмады, тәртіп жоқ дегенді қайдан шығарып алдық осы. Өз басым ешқандай шектен шыққандықты көрмедім. Қыз ұзатсақ та, келін түсірсек те барлық салт-дәстүрді ұстанып, жоралғыларды жасап жатырмыз. Дастарханымызда бауырсақ, қазы-қарта, қымызымыз тұр. Ендеше заңның не қажеті бар? Қуанышты өзгелер қазақтай-ақ тойласын дер едім.

 

 

 

19827 632607660202544 7990768553972622871 nОлжас Сәндібек, ақын:

«Халық келіспейді»

—Заңды өте орынды деп білем. Алайда, бір өкініштісі, бізде заңдар қабылданғанмен, олардың орындалуы қиын. Бұл жолы да солай болатыны сөзсіз. Әркім өз қуанышын қалай тойласа да еркінде. Осы тұрғыдан алып қарағанда келіспейтін тұстары бар. Бірақ,  тойда жалаңаштану секілді анайылықтың көбейгенін көргенде ұлттық намысымыз барған сайын әлсіреп бара жатыр-ау деген ой келеді. Инспекторлардың бұл кемшіліктің орнын толтыра алатыны құптарлық жәйт. Егер айыппұл салса, сол жалаңаш қызды шақырған тойдың иесіне салу керек деп ойлаймын. Ал тойда масайраған қонақтарды шығарып жіберу және он екіге дейін тарату қиын болатын шығар.  Сондықтан бұл заң халық тарапынан қарсылыққа тап болатыны анық.

Жалпы қазір тойдан мәдениет кеткені рас. Асабалар халықтың мәртебесін көтерудің орнына керісінше төмендетіп жібереді. Күлдіремін деп артық кетіп жататын тұстары да болады. Асаба оңбай тұрса мәдениет қайдан болсын. 

 

Айнұр ОҢҒАРБАЙ

"Рейтинг" газеті №13, 9сәуір 2015ж.

 
Көрілді: 2262
Жаңартылған: 09.04.2015 | 12:33
Категориялар: Басты жаңалықтар, Қоғам, Мәдениет, Мәдениеттегі басты жаңалықтар