Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Беларусь пен Қазақстан бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырады

01.12.2018 | 17:48
Беларусь пен Қазақстан бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастырады

Беларусь пен Қазақстан бірлесіп ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығарады. Бұл туралы Беларусь премьер-министрінің бірінші орынбасары Александр Турчин екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның отырысында мәлім етті.
«Таяу уақытта Қазақстанда беларусьтік ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыратынымыз күтіледі. IT-саладағы өзара ынтымақтастықтың қарқыны артып, осы салада бірлескен бастамалар саны артатынына үміттенеміз», — деп атап өтті Александр Турчин.

«Өнеркәсіптік кооперацияға, ауыл шаруашылығы мен көлік салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, IT, ғарыш және жоғары технологиялар салаларындағы инвестициялық ынтымақтастыққа серпін беру қажет деп есептейміз», — деп атап өтті бірінші вице-премьер.

Беларусь тарабы инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік бірлескен жобаларға белсенді қатысуға дайын.

«Жібек жолы экономикалық белдеуінің дербес бағыты немесе бастаманың бір бөлігі ретінде Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы мен «Ұлы тас» Қытай-Беларусь индустриялық паркінің әлеуетін бірлесіп пайдалану керек», — деп есептейді Александр Турчин.

Өз кезегінде Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин де Беларусьпен өндірістік кооперацияны кеңейтуді қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, проблемалық жағдайлар талқыланған, енді келісімді тәжірибеде жүзеге асыру керек. Қазақстан Беларусьпен Қытай-Еуропа-Қытай бағытындағы контейнерлік тасымалдау көлемін арттыруға мүдделі. Беларусь пен Қазақстан үкімет отырысында 2019-2020 жылдарға ынтымақтастықты дамытудың жол картасына қол қояды.

 
Көрілді: 373
Жаңартылған: 06.12.2018 | 17:51
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар