Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бахадыр Нарымбетов саяси сахнаға қайта оралды

06.08.2018 | 18:53

Жақында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласы - облыстан еншісін алып шығып, Астана, Алматы секілді облысқа жалтақтамай жеке-дара дамитын қалалар қатарына қосылды. Бұл дегеніңіз жуық арада қалада көптеген өзгерістер орын алып, саяси сахнада қазан бұрқ-сарқ қайнайтынын білдіреді. Осыған орай, Елбасының өзі жіті бақылап қалада кадрлық тағайындаулар орын ала бастады. Бұл заңды нәрсе. Бүгінде қалада жаңадан басқармалар құрылды. Аудан басшылар ауысты. Енді бір басшылар жылы орындарын босатты. Қысқасы, қалада өмір қызып, тамырына қан жүгіріп жатыр. Десе де бұл қан қалай жүгіріп жатыр? Қоюланып бір орында ұйып қалмады ма? Егер ұйымаса барлық жерге жетті ме? Көзі ашық, көкірегі ояу жұрт мегаполисте орын алып жатқан әрбір өзгерістерді қадағалап, әрбір жаңалыққа құлақ түріп отыр. Мінекей, бүгін біз сүйінші жаңалықты естіп бір қуандық.  

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың бұйрығымен аталған партияның Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып Бахадыр Нарымбетов тағайындалды.  

Жалпы, Бахадыр Мәдәліұлын көпшілік іскер басшы ретінде таниды. Және ол тар шеңберде, ескі сүрлеуде кептеліп қалмай, өзін әр түрлі салада сынап көргенді құп көретін, жаны өзгерісті қалайтын жаңашыл жан. Бұған оның қызмет жолына үңіліп қарасаңыз көз жеткізесіз. 

1993-1998 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ-де саясаттану мамандығы бойынша бiлiм алған Бахадыр Мәдәліұлы өз мансабын Сарыағаш қаласындағы №13 кәсiптiк-техникалық училищеде ұстаз болып бастады. 

2001 жылдардан кейін Сарыағаш ауданы әкiмi аппаратында, ОҚО ақпарат және қоғамдық келiсiм басқармасында, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келiсiм министрлiгiнiң облыстық iшкi саясат департаментiнде, ҚР Президентi әкiмшiлiгiнiң iшкi саясат басқармасында маман, бас маман болып қызмет атқарды. 2006-2008 жылдары облыстық iшкi саясат басқармасының бастығы болды. 2008-2009 жылдары ҚР Президентiнiң баспасөз қызметi ұйымдастыру секторының меңгерушiсi болып iстедi. ҚР Әдiлет министрлiгi дiни iстер жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары болды.  2010 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, 2016 жылы ҚазТрансГаз» АҚ-на қарасты «Азиялық Газ құбыры» ЖШС-інің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.

Бір айта кетерлігі, ол мемлекет тарапынан өзіне сеніп тапсырылған барлық жұмысты ұршықша иіріп алып кете алды. Жұмысы істей алмай кібіртіктеп қалғанын, жұрт тарапынан оған сын айтылғанын байқамадық. Көрмедік. Тек, оңды істеріне куә болдық десек болады.

Оның жеті рет өлшеп барып бір кесетін сабырлығы, ұстамдылығы ел есінен шыға қоймады. Халық аманатын арқалаған бас партия «Нұр Отанға» дәл осындай білікті, тәжірибелі, ең бастысы арды ардақтайтын арда мамандар керек болған шығар. Нәтижесінде, таңдау Бахадыр Нарымбетовке түсіп отыр екен. Біздіңше бұл өте дұрыс шешім болды. Қазір барлық мәселе, барлық жоба жетекші партияның сүзгісінен өтіп барып шешілетіні, жүзеге асатыны белгілі. Ендеше, идея генераторы Бахадыр Нарымбетов жұмысын жандандырғалы қалалық "Нұр Отан" партиясы филиалының қолдауымен заман ағымына ілесе өркендеп келе жатқан Шымкентте оң өзгерістер орын алады деп сенейік. Алдағы уақытта қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен қоян-қолтық жұмыс істейтін оған сәттілік тілейміз! 

Дереккөз: Rgmedia.kz ақпараттық порталы

16e6ba92-07f4-4da7-a403-648d7d18aa38

 

 
Көрілді: 2186
Жаңартылған: 06.08.2018 | 19:54
Категориялар: Қоғам