Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Еліміздегі университеттер енді оқу оқысын өздері белгілейді

13.07.2018 | 09:40

Биыл жоғары оқу орындарында білім алудың құны қанша болмақ? Білім және ғылым министрлігінің баға саясатына қатысты шектеуді алып тастауы түрлі түсінбеушілік туындатуы мүмкін.  Себебі, бұған дейін ақылы оқу бөлімінің қаржысы грантқа төленетін ақшадан төмен болмауы тиіс еді.  Енді әр жоғары оқу ордасы ақылы оқу ақысын керегінше өзі белгілейді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Құзырлы министрлік нарыққа сәйкес бәсекелестік орнайды дегенмен, мамандар арзан ақшаға талапкерлерді топырлатып жинайтын университеттер көбейіп кете ме деп қауіптенеді. Ал, талапқа сай білім алмаған диплом иесі жұмыссыз қалады, дейді олар.

Құзырлы министрлік ел құлағы елеңдеген жаңа бастаманы қызғыштай қорып әлек.  Себебі, баға саясатына еркіндік беріліп, нарықтағы нағыз бәселестік басталмақ. Әрине, бір-бірімен таласқа түскен университеттер бағаны төмендетсе, болашақ студенттің қалтасына жеңіл тимек.

«Аталмыш заңды қабылдағанға дейін ақылы бөлімге қатысты шектеу болатын. Ол мемлекеттік гранттың бағасымен өлшеніп, одан төмен болмауы тиіс еді. Қазір бұл шектеу алынып тасталды. Енді әр университет қандай ақылы оқу ақысын қаншадан белгілесе де өзі біледі», – дейді ҚР БҒМ департамент директорының орынбасары Бану Нарбекова.

Алайда, оқу ақысының арзандағанын байқамадық. Мәселен, алматыдағы белді білім ордасынан тіс дәрігері мамандағын таңдаған талапкер 1 миллион 200 мың теңге төлеуі қажет. Тек, медицина саласындағы бұл көрсеткіш Астана, Ақтөбе және Семей қалаларында 650-900 мың шамасында. Ал, керісінше ақылы оқу ақысы жыл сайын орта есеппен 6-10 пайызға өседі екен.

«635 800 теңге деп келеді гранттың өзінің бағасы. Сол төңіректе ұлттық университеттер төмен қабылдамау керек еді. Яғни, мемлекет тарапынан қатаң тексерілетін еді.  Қазіргі жағдайда бағаны әр университет халықаралық рейтингіне сәйкес белгілейді және де жыл сайынғы инфляцияға орай өзінің бағасын көтеруге мүмкіндік беріп тұр», – дейді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары Бақытжан Сапаров.

Бірақ, аңысын аңдыған кейбір оқу ордалары әлі күнге дейін ақыны белгілемепті. Ал, Алматыдағы ұлттық университеттер талапкердің қалтасын түрлі бағада қағуға әзір. Бір қызығы, аграрлық саланы таңдағандар жылына 635 800 төлейді. Дегенмен, жеңілдік арқылы 420 және 230 мыңға да мамандық таңдауға болады. Ал, баға саясатының еркіндігі  аймақтағы университеттрдің оң жамбасына тиіп, оқу ақысы арзандауы мүмкін деген мамандар, кейбірінің араны ашылатынын да жасырмады.

«Кейбір жоғары оқу орындары артық қоямыз деген. Мысалы, Нархоз.университетіның ақысы 1 жарым миллионға дейін. Бірақ сұраныс бар ма, жоқ па? Қолына билік алғанымен, ертең министрлік тексереміз деп жатыр. Мәселен, 100 мың теңге алдың ба? Жеткілікті оқулықтар бар ма, мұғалімдер айлық алып жатыр ма, ғимараттарың жеткілікті ме дегендей», – дейді Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.

Сондықтан, білімге әркімнің ақ талабы болғанымен, оқу ақысы арзан деп кез-келген университеттің есігін жағалауға болмайды, дейді мамандар.

«Біз қазір еліміздегі жоғары оқу орындарының әр мамандық бойынша рейтингісін жасап жатырмыз. Алғашқы кезеңде экономист, мұнай-газ және тау-кен өндіріс секілді 33 мамандықты таңдап, өткен жылы бітірген  3 мың түлекке сауланама жүргіздік. Өкініштісі, оның 1247-сі осыған дейін жұмыс таппаған», – дейді «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры Олжас Ордабаев.

Министрліктің уәжінше, шектеуден құтылған бағаны нарық реттейді. Әрі білім қуған түрлі әлеуметтік топ өкілдеріне тамаша мүмкіндік тумақ. Бірақ, мамандар арзан ақшаға талапкерлерді топырлатып жинайтын университеттер білім сапасын базарға айналдырып жібере ме деп қауіптенеді.

7

 
Көрілді: 4253
Жаңартылған: 13.07.2018 | 09:47
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар