Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

ҰБТ бойынша мектеп директорлары жазаланбайтын болды

25.05.2018 | 10:30
ҰБТ бойынша мектеп директорлары жазаланбайтын болды

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша мектептердің рейтингісі жүргізілмейді.

Бұл не деген сөз? Енді ҰБТ-ның қорытындысы бойынша облысты төменге тартқаны үшін аудан әкімдерінің білім саласына жауапты орынбасарларына, білім бөлімінің басшыларына  тәртіптік шара көру деген болмайды. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша тізімнің ең төменгі жағынан орын алған мектеп директорларын жазалау, қызметтерінен босату шаралары жүргізілмейді. Түптеп келгенде білім саласын тек ҰБТ-ның нәтижесімен бағалау тәжірибесі тоқтатылады.  Ал бұл жақсы ма, жаман ба? Біздіңше жақсы сияқты. Бәрінен бұрын бұл ҰБТ-ның кезінде оқушылардың жүйкесіне түсетін салмақты азайтып, жалпы оң әсер беруі мүмкін. 

 -Өздеріңіз білетіндей, тестілеудің  форматы 2017 жылы өзгерді. Енді қорытынды аттестаттау немесе бітіру емтихандары мектептерде өткізіледі, ал ҰБТ – жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тағайындау емтиханы болып қалып отыр, — деді Е. Сағадиев.

Қорытынды аттестаттау, басқа сөзбен айтқанда мектептегі бітіру емтиханы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өткізіледі. Емтихан 5 пән бойынша, оның ішінде 4 міндетті және 1 таңдау пәнінен өткізіледі. Барлық емтихандар ауызша, жазбаша және тестілеу түрлеріне бөлінген. Бітіру емтихандарының материалдарын Ұлттық тестілеу орталығы дайындады және арнайы байланыс желісі арқылы барлық облыстық білім басқармаларына биылғы 25 мамырға дейін жеткізілетін болады.

-2018 жылы ҰБТ форматы өзгермейді, яғни былтырғы жылғы форматқа сәйкес өткізіледі. ҰБТ-ның өткізілу мерзімі және берілетін тест сұрақтарының саны да өзгермейді, — деді білім және ғылым министрі.

Айта кетері, биылдан бастап «Алтын белгіге» ие болған түлектер білім беру гранттарын тағайындау кезінде тек балдары тең болған жағдайда ғана басым құқыққа ие болады. Осы жылдың тамыз және келесі жылдың қаңтар айларында ЖОО-ның ақылы бөліміне түсу мүмкіндігі бұрынғысында сақталады. Осы норманың арқасында 30 мыңнан астам жастарға жоғары білім алу құқығы берілген.

08

 
Көрілді: 1647
Жаңартылған: 25.05.2018 | 10:35
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар