Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Әскерде өзіне-өзі қол жұмсаған сарбаздардың отбасына моральдық өтемақы төленбейді

04.05.2018 | 14:34
Әскерде өзіне-өзі қол жұмсаған сарбаздардың отбасына моральдық өтемақы төленбейді

Әскери қызметте  өзіне-өзі қол жұмсаған сарбаздың отбасыларына моральдық өтемақы төленбейді.  Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Талғат Әліқұлов мәлімдеді.

     Бапасөз мәслихатында өзекті мәселелердің бірі әскерге аттанған сарбаздардың әр-түрлі себептермен мерт болуы талқыланды. « Талғат Шымкентбайұлы өзіңіз айтып өткендей тоғыз дәрігердің тексерілуінен толық өткен азамат әскери борышын өтеуге  мүмкіндік алады екен. Алайда бұл жерде бір парадокс. Дені сау, әскерге жарамды деген сарбаздар не себепті өзіне-өзі қол жұмсап жатады немесе  басқа диагноздармен қайтыс болып жатыр? Әлде психолог мамандардың, медициналық комиссияда отыратын дәрігер мамандардың   салғырттығының салдарынан дені сау емес азаматтар әскерге аттанып  ондағы психологиялық қысымға шыдай алмай өзін-өзі өлтіріп жатыр ма? Осы орайда қайтыс болған азаматтың туыстары моральдық өтемақы алуға құқығы бар ма?»-, «Рейтинг» газетінің тілшісі қойған осы сауалға Талғат Әліқұлов жауап берді

    -Өте күрделі сұрақ. Елді қорғамаса тағы да болмайды. Әскери бөлімдерде психологиялық атмосфера мүлдем басқа.  Ер азаматтар мені жақсы түсінеді деп ойлаймын.  Әскерге енді келген жігіттің ішкі жан дүниесі, психологиясы , мінез-құлқы өзгеріске ұшырайды. Әскери өмірге бейімделуі қиын болып жатады. Кейде шыдай алмай өзіне-өзі қол жұмсайды. Өзіне қол жұмсаған азамат қызметінен, әскери борышынан бас тартып отыр дегенді білдіреді.  Яғни өзін-өзі өлтіру заң бұзушылық болып саналады. Заңды бұзып отырғандықтан моральдық өтемақы төленбейді. Негізі моральдық өтемақы заңмен қатаң қадағаланады. Сондықтан жастарымызды психологиялық тұрғыдан өте мықты етіп тәрбиелеуіміз қажет.

Айта кетейік, биылғы жылы көктемгі мерзімде әскери қызметке шақырылуға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне және басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға 2000-нан астам  азамат әскерге шақырылды. Оның Ұлттық Қауіпсізідік Комитеті Шекара қызметіне 500-ге жуық азамат, Мемлекеттік Күзет қызметіне 26 азамат әскерге жөнелтілді.  Алдағы уақыта Қарулы Күштеріне 700, ал Ұлттық Ұланға 1000-ға жуық әскерге шақырылушыны жөнелту жоспарланып отыр.

     Жиында жемқорлық мәселесіде сөз етілді. Себебі жуырда Бәйдібек ауданында Қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары  пара алып ұсталынды.  Қазіргі таңда бұл іс бойынша  тергеу амалдары жүріп жатыр. Расымен де тұрғындардың тарапынан да әскерилерге ақша ұсынбасақ  ұлдарымызды әскерге ала бермейді деген  пікірлер жиі айтылады.  Осы сауалға да департамент басшысы жауап беруге тырысты.

    «Әскерге жіберу үшін пара алып жатқан жағдайлар болатыны рас. Маған бұл сауалды жиі қойып жатады. Өмірлік кредомның бірі  жемқорлықты түбімен жою. Маған да телефон соғып жатады.  Баламды әскерге жіберуге көмектесіңіз,  деп айтады. Барлық военкоматтарда прокурордың, өзімнің, әскери тергеу құқық қорғау органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюроларының  нөмірлерін іліп қойдық.  Егер ақша талап еткен жағдайда осы көрсетілген нөмірлерге хабарласады»,-дейді Т.Әліқұлов.

Дана Сүлейменова

 
Көрілді: 566
Жаңартылған: 04.05.2018 | 14:36
Категориялар: Қоғам