Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Оңтүстікте 3 айда 25 жасөспірім суицид жасаған

26.04.2018 | 12:01
Оңтүстікте 3 айда 25 жасөспірім суицид жасаған

«Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін облыста баланың өміріне, денсаулығына жауапты мекемелер бірлесіп жұмыс істеуі тиіс». Кешегі күні, 25 сәуірде  жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға арналған жиында  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев осылай деді.  Басқарма басшысының айтуынша, осыған байланысты өңірде жаңа пилоттық жоба қолға алынуда.

Бұған дейін мұндай жоба Қызылорда облысында жүргізіліп, жақсы нәтиже берген екен.  Облыстық денсаулық сақтау, білім, отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқармалардың білікті мамандары бұған дейін Қызылордаға барып жобамен танысып қайтқан.  Жобаның басты мақсаты - баланың суицидке ұмтылуын дер кезінде анықтауда, оның алдын алуда мектеп пен медициналық мекемелердің бірлесіп әрекет етуінің тиімді жүйесін құру. Ол үшін мектеп психологтары мен дәрігерлердің білімін жетілдіру қажет. Қазір осы бағытта денсаулық сақтау басқармасы 25 дәрігер-психиаторды қайта оқытудан өткізген. Шымкент қаласындағы мектептерде жұмыс істейтін психологтар да біліктілігін арттыру курстарында оқуда. 

Суицидттің алдын алуда мектеп психологтарына жүктелетін жүк ауыр. Олар баланың мінез-құлқындағы өз-өзіне қол жұмсауға деген ұмтылысты уақтында байқап, қажет болған жағдайда білікті психологтарды шақыруы тиіс. Егер балада психикалық ауытқушылықтар байқалса, тәжірибелі психиаторлардың көмегіне жүгініп, ата-ананың келісімімен сауықтыру шаралары жүргізіледі. 

Мамандардың айтуынша, облыста қазір 1515 мектеп психологы жұмыс істейді. Кейбір мектептердегі психологтардың жүктемесі көп. Мәселен Шымкенттегі көп мектептерде орта есеппен 3 мыңнан астам бала білім алады. Штат кестесі бойынша 3 мың бала білім алатын білім ұясына 2 психолог қарастырылған. Мұндай жағдайда психолог сапалы жұмыс істей алады ма? Осыған байланысты облыс әкімдігінің атынан Үкіметке мектептегі психолог кадрлардың штатын көбейту жөнінде ұсыныс беріліп отыр.

           Оңтүстік Қазақстан облысында биылдың алғашқы тоқсанында  18 жасқа дейінгі балалар арасында өз-өзіне қол салудың 25 оқиғасы тіркелген екен. Оның 12-сі өліммен аяқталған. Былтырдың бірінші тоқсанында 41 оқиға тіркеліп, оның 17-сі қайғылы жағдаймен аяқталған. Көрсеткіш былтырдан қарағанда біршама жақсы. Оңтүстік Қазақстан республикада бұл көрсеткіш бойынша алғашқы орында емес. М.Егізбаевтың айтуынша, өңірде суицид оқиғалары көбейіп бара жатыр деп дабыл қағудың реті жоқ. Алайда жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары азамай отыр. Егер жаңа жоба тиімді жүзеге асырылған жағдайда оң нәтиже  қалыптастыруға мүмкіндік тумақ.

042

 
Көрілді: 1168
Жаңартылған: 26.04.2018 | 12:12
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар