Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Телеарна директоры Мұхтар Шаханов үшін әруақтардан кешірім сұрады

05.04.2018 | 13:30
 Телеарна директоры Мұхтар Шаханов үшін әруақтардан кешірім сұрады

Ақын Мұхтар Шахановтың ұлт қайраткерлеріне қатысты мәлімдемесі көпті елең еткізбей қоймады. Халық қалаулысының сөзіне сенгісі келгендер де, сенбейтіндер де табылды. Шахановтың бұл пікірі “Алматы” арнасындағы бағдарламалардың бірінде айтылғанын мойындап, телеарнаның директоры Әлібек Әлденей арна көрермендері мен халықтан кешірім сұрады деп жазады stan.kz.

Ақын Шаханов Мұқағали Мақатаевты Жұқағали Бұқатаев деп, Мағжанның өліміне Мұхтар Әуезовтің де кінәсі бар деп келтірген жырларын жариялаған еді. Ал, Жамбыл Жабаев Сталиннің туфлиін жалаған дейді, бір өлеңдерінде.

Халық арасында дау тудырған Шахановтың “шындығы” үшін “Алматы” арнасының директоры әруақтар алдында кешірім сұрады.

“«Алматы» телеарнасының басшысы ретінде, 4 сәуір күні «Ақшам Алаң» бағдарламасында Мұхтар Шахановтың айтылған әңгімесіне байланысты, ұлы бабаларымның киелі Аруағының алдында кешірім сұраймын.
Бағдарламада иісі қазақ төбесіне тұтқан ұлы тұлғалар – ірі эпик жырау Жамбыл атамның, қазақ әдебиетінің классигі, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атамның, қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаев атамның аруағынан, қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар қайраткер, ақын ағам Нұрлан Оразалиннің өзінен, айтылған қисынсыз ой-пікірлер үшін кешірім өтінемін!”, – деп жазды арна директоры желідегі парақшасында. 

Директоры бағдарлама мақсатын айқындап, қателігін мойындады.

“«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды» дейді қазақ. Біздің тараптан осындай жаңсақтық кетті…
Қоғам қайраткерлерін эфирге шақырғандағы мақсатымыз – қоғамға үлгі болар ой тарату. Зиялы қауым өкілдері қашанда халықты тәрбиелеуші, асыл сөздің қазынасы, терең пайым иесі деп санаймыз.
Дегенмен, міне осындай ұятқа қалып отырмыз.
Бұл «Алматы» арнасы басшылығының, яғни, менің және жауапты редакцияның жіберген қателігі”, – деді ол.

Ол бағдарлама қонағының сөзі арнаның ұстанымына сәйкес келмейтінін ескертті. Сонымен қатар, бағдарлама қызметкерлері жазаланатынын да айтты.

“Ең қиыны, осы бір әбес әңгіме, жел сөз ел арасына іріткі салмаса, қалған қаңқу сөзге тамызық болып кетпесе деген адал ниетпен, ақ көңілмен осы сөздерді жазып отырмын…
«Айтылған сөз, атылған оқ» дейді. Батпандай сөздің салмағын сезініп отырмыз…
Хабарды дайындаған жауапты қызметкерлерге қатаң жаза қолданылады. Бағдарламада айтылған сөз жеке менің және «Алматы» арнасының пікірін білдірмейді, ол Мұхтар Шахановтың жеке ойы, жеке пікірі.
Ардақты ағайын, әдейі айтылмаған, қасақана істелмеген келеңсіздік үшін тағы да ғафу өтінемін!
Біз, әр уақытта Елдің игілігі мен бірлігі үшін ғана жасалар істің ғана басы-қасында болуға тырысамыз. Біздің мақсатымыз осы!”, – деді Әлібек Әлденей.

91396427d1df7feea6e3640a9c1fd44a XL

 
Көрілді: 739
Жаңартылған: 05.04.2018 | 13:37
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар