Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сөгіс те алмаған Сәдібековтың сыбайластыққа баруы мүмкін емес

Кеңесші вице-министрдің тұтқындалуына қатысты біраз жәйттің бетін ашты

03.03.2018 | 12:45

 

 

Энергетика министрінің орынбасары Ғани Сәдібековтың ұсталуына қатысты ақпараттарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы тым асығыс таратқан және онда түсініксіз нәрселер көп. Мұндай пікірді Энергетика министрінің кеңесшісі Асқар Жалдинов Фейсбуктегі парақшасында жариялады.  

-Біріншіден, брифинг тосыннан жасалды. Екіншіден, пресс-релизде ұсталғандарды сотсыз, тергеусіз ұры деп атады. Үшіншісі видеоға қатысты: теңге, доллар түріндегі бума ақшалар байқалады. бірақ ұсталушы Сәдібековтың өзі жоқ. Айнала шенеуніктің кабинетіне немесе үйіне ұқсамайды. Бәлкім бұл құрылыс фирмасының офисі шығар. Кадрде темір торлар қылаң береді. Бәлкім бұл жемқорлықпен күресушілердің кеңсесі ме? Олай болса бұл жерде процессуалдық бұзушылықтар бар, егер мұны кейінірер сотқа айғақ ретінде ұсынса. Аталған органның өкілі «миллиардтан астам теңге табылды» деп мәлімдеді. Ал кадрде тек доллар ғана бар. Ақшаның кімнен табылғаны айтылмайды: шенеуніктерден бе, құрылысшылардан ба, бәлкім компанияның кассасынан ба? Мүмкін банктен табылған шығар, әлде еден жуушыдан ба?-деп жазыпты А,Жалдинов.  

Осыдан кейін ол Сәдібековтың қызмет барысында тіпті сөгіс те алмағанын алға тартады. Соңынан бір жылдан бері аңдып жүргенін және компанияның (мердігер, ред.) артында өте ықпалды адамдар тұрғанын білетін Сәдібековтың сыбайластыққа баруы мүмкін емес көрінеді.

-Мұндайға тек камикадзе ғана барады,-деген Жалдинов жұртшылыққа не айтса соған сене бермеуге шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық іс-қимыл бюросының қызметкерлері Энергетика министрлігінің бірнеше лауазымды тұлғасын ұстады. Аталған органның таратқан ресми мліметіне қарағанда, «Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков "Аймақ" ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Дуанбек Д.-мен біріге отырып, бюджеттен аса ірі көлемдегі қаражатты жымқырған. Ол қаражат Щучинск-Бурабай курорттық орнында өзенді тазалауға арналған қаражат болған. Осы қылмысқа Энергетика министрлігінің департамент басшысы Нұрбеков Ж. мен мердігер компанияның өкілдері Жұмалинов С. мен Қадырберлин Б. қатысқан. Сәдібеков қол қойған жалған актілердің нәтижесінде Энергетика министрлігі 2017 жылы орындалған жұмыстардың үлкен көлемі үшін 3,6 миллиард теңге төлеген. Осы сомадан 1 миллиард теңгеден аса ақша қолма-қол төлемге айналдырылған. Тексеріс кезінде бұл ақшалар тәркіленген».

be33aed18890405a5d9361a93988ec7a resize w 600 h 315

 
Көрілді: 1442
Жаңартылған: 03.03.2018 | 12:50
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар