Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сауат Мыңбаев -құпия миллиардер

02.03.2018 | 09:10

 

2013 жылдың шілде айында  «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының сол  кездегі басшысы Ө.Шөкеев Холдингке қарасты «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жаңа басшысын таныстырды. Ләззат Қиыновтың орнына келген Сауат Мыңбаев жайлы Өмекең былай деген еді:  «Сауат Мыңбаевты таныстырып жатудың өзі артық. Ол өз ісінің хас шебері.  2006 жылдан бергі қызметі «Самұрық Қазына» АҚ және мұнай-газ саласымен тығыз байланысты. Мұнай және газ министрлігінің жетекшілігінен бөлек, ол соңғы тоғыз ай бойы «ҚазМұнайГаз» компаниясы директорлар кеңесін басқарып, осындағы барлық стратегиялық және ағымдағы мәселелерге қанық болды. Сауат Мұхаметбайұлы, сізге жаңа қызметіңізде сәттілік тілеймін. Сіздің тағайындалуыңыз компанияның дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін».

Өмекең  оңбай қателесіпті. Арада бес жылдай уақыт өткенімен,  «ҚазМұнайГаз» өркендеудің орнына жағдайы жыл өткен сайын нашарлап бара жатқандай. Компанияда қазір табыс табу деген жоқ. Мұнай сатудан түскен барлық пайда басыбүтін сыртқы қарыздарды жабуға жұмсалуда. Бұл қарыз қайдан шықты? Адың күннің аманында «ҚазМұнайГаз» неге қарызға белшесінен батып жүр. Бұл сұраққа толыққанды жауапты Сауат Мыңбаев беруі тиіс. Бірақ, оның тарапынан осы мәселеге қатысты ақылға қонарлық уәжді ести алмадық.

 Дәл қазір Сауат Мыңбаевтың жағдайы мәз емес.  «ҚазМұнайГаздағы» былықтардан бөлек, оның жеке басына қатысты да жайсыз әңгімелер шықты. Былтыр күзде оның Meridian Capital атты оффшорлық компанияның акционері екені де анықталып, Мыңбаев шетелдік ақпарат құралдарының назарына іліккен болатын. Айта кету керек, шетелдіктер Мыңбаевты «нағыз миллиардер» деп таниды. Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы осы мәселеге қатысты сараптама жүргізген соң Meridian Capital арқылы ондаған жылдар бойы оффшорға жүздеген миллион  доллар қаражаттың шығарылғаны анықталды. Көптен бері «судан таза, сүттен ақ» болып келген Мыңбаев тек осы жарияланымнан соң   шетелдік компаниядағы үлесі бары  кенет есіне түсе қалды. Бір ғана 2006 жылы Meridian Capital компаниясының табысы 3 миллиард долларға бағаланыпты. Ал осы оффшорлық компаниядағы акцияның 18 пайыздан астам үлесі Мыңбаевқа тиесілі болғанын ескерсек, мақала кейіпкерін нағыз  миллиардер ретінде мойындамасқа лажымыз қалмайтын сияқты. Ендігі мәселе – оны ресми түрде «Форбстың» тізіміне енгізу ғана.

Жалпы, кейбір сарапшылардың пайымдауынша, соңғы уақытта Сауат Мұхаметбайұлына қарсы ақпараттық майдан ашылған ба деп қаласың. Әйтеуір, соңғы бір жылда басылым беттерінде дәл Мыңбаевтай сыналған элита өкілі  жоқ шығар.

Дегенмен, Мыңбаев түк болмағандай міз бақпай отыр. Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын деп осыны айт. Жақын арада жылы орнын босататын түрі жоқ. Ол аздай, «ҚазМұнайГазды»  қып-қызыл шығынға әбден батырған топ-менеджерлерге қомақты сыйақы төлеу осы компаниядағы бұрыннан келе жатқан «игі үрдіс» па деген де ой келеді. Әйтпесе 2016 жылдың қорытындысы бойынша 33 миллиард теңге көлемінде шығынға батқан «Қазмұнайгаз» басшылық құрамдағыларға   жарты миллиардтан астам теңге көлемінде сыйақы төлегенін қалай түсінеміз?   

 Мыңбаев басшылыққа келгелі бергі ұлттық компанияның «жетістіктеріне» кеңірек тоқтала кетсек. «ҚазМұнайГаздың» қаржылық есептілігі бойынша 2014 жылғы таза табыс көлемі 199,2 миллиард теңгені құрапты. 2013 жылғы көрсеткіш 450 миллиард теңгені жуықтағанын ескерсек, бір жыл ішінде табыстың неліктен екі есе азайып кеткені таңданарлық жайт. Компания өкілдері мұны сырттан алынған қарыздар бйоынша міндеттемелерді өтеу қажеттігімен түсіндірді. Компанияның  қарызы тек 2014 жылдың барысында 2,3 триллионнан 3,1 триллион теңгеге дейін өсіпті. Оның үстіне, займдардың 87 пайызы теңгемен емес, доллар және евромен алынғандықтан, валюта нарығындағы толқулар қарыздың ұлғаюына әсерін тигізді.

Жалпы, алпауыт компанияны басқаруда ақылға қонбайтын жайттар көп.  Шетелден түрлі займдарды ала бергеннен кім, не ұтады? Негізгі міндеті – мұнай мен  газ өндіріп, соны сатудан табыс табу болса да, ұлттық компаниядағылар «жан-жақтылығы мен пысықтығына» еріксіз таңдай қағасыз. Қайбір жылдарда компанияның активтерінің құрамында Елордадағы медициналық орталық, аң шаруашылығы, Түркиядағы бесжұлдызды қонақ үй, Батумидегі (Грузия) спорт клубы, Қырғызстандағы демалыс аймағы, Өзбекстандағы бизнес орталық кірген екен. Компания басшылығы мұндай активтерді қай ойымен және не үшін ала берген  деген сұрақ сол күйі жауапсыз қалды.   Кейбір ақпарат құралдарында жарияланған ақпаратқа сенсек, «Қазмұнайгаз» Бурабайда 100 гектар жер сатып алып, гольф-курорттың құрылысын да жүргізген екен. Құрамына  қонақ үй, теннис корты, жағажай, 17 коттедж, аквасаябақ пен яхтаға арналған пирс кіретін кешеннің құрылысы шамамен 100 миллион долларды құрапты. 2014 жылы компания басшылығы Грузиядағы әріптестермен құны 18 милллион доллар құрайтын фешенебельдік қонақ үйдің құрылысы жөнінде меморандумға қол қойды.  Осынау дүниенің барлығы не үшін керек болды? Әлде компания басшылығы «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» дегенді осылайша түсінгені ме? 

«Қазмұнайгаздың» негізгі міндеті – мұнай өндіріп, ел қазынасын толықтыру екенін Мыңбаев пен оның командасы ұмытқан сияқты. Кезінде Мыңбаевты мақтаған Шөкеев екі жылдан кейін «компания бар тапқан табысын қарызын жабуға жұмсап жатыр. Қарыздың жалпы құны 18 миллиард долларға жетті» деп күрсінді.

Сарапшылар «ҚазМұнайГаз» жұмысының тиімділігін еліміздегі ірі мұнай өндіруші компания – «ТеңізШеврОйлдің» көрсеткіштерімен салыстырыпты. Былтыр   21,4 миллион тонна мұнай өндірген ТШО Қазақстанның бюджетіне 1,9 триллион теңге аударып, өзі 1 триллион теңге таза табыс тапқан. «ҚазМұнайГаз» болса 17,5 миллион тонна мұнай өндіргенімен, 171 миллиард теңге көлемінде операциялық шығынға батқан. Рас, ұлттық компания 582,5 миллиард теңге көлемінде табыс түскенін мәлімдегенімен, ол қаржының дені, жоғарыда айтылғандай, сыртқы қарыз бойынша міндеттемелерді өтеуге жұмсалатын көрінеді.

Әйтеуір, «ҚазМұнайГаз» өзінің жұмыс бағытына сай келмейтін активтердің біразынан құтыла бастады. Бірақ, дәл қазір бұдан қандай-да нәтиже шығатынына күмәніміз бар. Ұлттық компания қарызын  қашан төлеп бітетіні де белгісіз. Анығы бір нәрсе – басшылықта Сауат Мыңбаевтай «сауатты» кадр отырғанда «ҚазМұнайГаздың» көсегесі көгеретін түрі жоқ.

Бекбол Қалдыбек,

«Рейтинг» газеті.

7a57523dddc423bd4282d4c4248f9176-small

 
Көрілді: 1419
Жаңартылған: 02.03.2018 | 09:13
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар