Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Туканың» Алла туралы не білгені бар?

01.03.2018 | 16:03

 

         Бүгінде газет-журналдарда «Алла қайда?» деген сұраққа жауап ретінде жазылған мақалалар да жариялануда. Жуырда бір басылымнан: «Шетел ғалымдары өлімнен кейін өмір барын ғылым тілінде түсіндіріп көруге тырысты демесеңіз, о дүние туралы түсінік бағзы заманнан бері дінде бар. Бірақ әзірге бірде-бір ғалым өз теориясында Құдайдың орнын белгілеген емес»,– деген жолдарды оқып, ойға баттым.

         Мен қадалып оқыған құнды дүниелердің бірінде: «Жаратушы Иеміздің мекені көкте ме, басқа жерде ме, оны ешкім білген емес»,–  деп жазылса, енді бірінде: «Алла әрбір пенденің не істеп, не қойғанын, не ойлайтынын, болашағын т.б. егжей-тегжейлі түгел біледі. Ол әрбір адаммен бірге. Бірақ затымен емес, білгіштігімен», – делінген.

         Ал «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының телеарналардан жиі берілетін «Қарттар» атты екі бөлімді қойылымындағы: «Ілгеріде бір жігіт анасын арқалап, Алланың мекені – Меккеге аттаныпты. Анасын арқалап ай жүреді, күн жүреді, түн жүреді, арып-ашып әзер дегенде Алланың мекені – Меккеге жетеді»,– деп перзенттік парыз туралы сөз қозғаған кейіпкер есіңізде ме?

         «Сырты бүтін, іші түтін» сол қарт – Нұржан Төлендиев сомдаған кейіпкер туралы ойласам, «Мекке Алланың мекені ме?» деген сұрақ мені мазалайды. Бәлкім, «Алдараспан» театры әртістерінің әрбір көрерменнің көкейінде жүрген бұл сұраққа қатысты бір білгені, бір айтары бар шығар?

         ...Жуырда теледидардан көрсетілген әзіл-сықақ театрларының концертінде ел қорғаған батыр жайлы әңгіме бастаған бір әртіс:«Сол батырдың анасы қайтыс болыпты, бұ жалғаннан о жалғанға аттаныпты»,– деді. «Жалған дүниеден мәңгілік бақи өмірге аттану» немесе «фәниден бақиға көшу, бет алу» дегенді естіп те, айтып та жүрміз  ғой. Бірақ «бұ жалғаннан о жалғанға» дегенді бұрын естімеген екенмін. «Сөйлей-сөйлей шешен болған» әлгі әртістің де бір білгені бар шығар?

Құттымұрат Раманұлы

Жамбыл облысы,

Тараз қаласы

«Рейтинг» газеті.

9RjLSPZowss

 
Көрілді: 1357
Жаңартылған: 01.03.2018 | 16:10
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар