Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Кішкене ойлансаң қайтеді...»

Мырзахметов Тараздың әкімін тығырыққа тіреді

01.03.2018 | 12:50
 «Кішкене ойлансаң қайтеді...»

 

 

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болып барғалы Тараз қаласының дамуына қаттырақ көңіл бөліп, Әулиетаны Астана, Алматы мен Шымкенттің тәжірибесімен дамытуды қолға алғанын біз бұған дейін де жазған едік. Бір кездері Шымкенттің шырайын кіргізіп кеткен Мырзахметов Таразды тотыдай түрлендіруге шындап кірісті.

Облыс басшысы әдеттегіше бұл бағыттағы жұмысын қаланың проблемаларын түгендеп, кемшіліктерді тізуден бастаған сияқты. Әйтеуір, Әулиеатаның тізгінін қолға алғанына көп бола қоймаған Рүстем Дәулетте маза жоқ.

Осыдан екі апта бұрын қала әкімінің жылдық қорытынды есебінде Асқар Мырзахметов Таразда шешімін таппай тұрған біраз мәселенің басын қайырған болатын. Бақсақ, Таразда қазір 41 өндірістік база бос тұр, 54 кәсіпорын жұмысын тоқтатқан екен. Осы нысандарды басқа мақсатта пайдалану үшін зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет.  Жұмыссыздық әулиетаталықтардың ең басты проблемасы саналады. Тұрғындардың  48 пайызы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған. Шаһардың коммуналдық шаруашылығы тіпті сын көтермейді. Тозығы жеткен техникалар бір мәрте жауған қалың қарға төтеп бере алмады. Қала келбетін көркейту де кезек күттірмейтін мәселенің қатарында. Қара түтіні будақтаған қоғамдық көліктердің де жағдайы мәз емес. Жабайы сауда орындарын жою, ел демалатын саябақтарды ретке келтіру жағы да жүйелі жұмысты күтіп тұр.

Енді міне, өткен аптада облыс әкімдігінде өткен қоғамдық көліктерге қатысты жиында Асқар Мырзахметов Тараздың әкімі Рүстем Дәулетті алдына отырығызып қойып, ауырлау, ащылау әңгіме айтты.

-Мынау сенің жұмысың, мынаның бәрі міні. Ешқандай жұмыс атқарылмаған, мына жерде қара. Талап жоқ! Одан кейін мыналардың бәрі, ешкім талап етпегеннен кейін, жаңағыдай автобустардың бәрі көшеде жүр, қазір міне. Шамасы келмей ма, онда бұз анау келісім шартты. Басқа жақтан шақыр міне, басқа облыстан щақыр, басқа компаниядан шақыр. Бөлім бастығының бәрі міне, басы ауырмайды. Кішкене ойлансаң қайтеді,-деді облыс басшысы.

Тараздағы қоғамдық көліктердің қызмет сапасына көпшіліктің де көңілі толмайды. Кондукторлар дөрекі, автобустар кестеден кешігіп жүреді. Ақыр аяғында облыс басшысы құзырлы орган қызметкерлері мен жергілікті билік өкілдеріне нақты тапсырмалар берді.  Алдағы бір айдың көлемінде қаладағы қоғамдық көліктерге рейдтер ұйымдастырылмақ.

Рүстем Дәулет бұған дейін Жамбыл мен Шу аудандарының әкімі қызметін атқарған. Ол Тараздың әкім болып былтыр наурызда Кәрім Көкірекбаевтың өкімімен тағайындалған болатын.

Дәл қазір шаһар басшысына талабы қатаңдау Мырзахметовпен тіл табысып жұмыс істеу қажет болмаса у-шусыз қызметін тапсыру керек сияқты. Соңғы болжамның көп ұзамай-ақ расқа айналуы әбден мүмкін. Мұны түсіну үшін енді «кішкене ойланудың» өзі де көптік ететін сияқты.  

«Рейтинг» газеті.

378c3f1643dac6d2febc07219059ef9c0a929d37

 
Көрілді: 1094
Жаңартылған: 01.03.2018 | 12:53
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар