Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Құралай ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ: дизайнер, суретші, стилист: 15-16 жасымнан бастап жұмыс істеп, ақша таптым

24.02.2018 | 10:29
Құралай ЗАМАНБЕКҚЫЗЫ: дизайнер, суретші, стилист: 15-16 жасымнан бастап жұмыс істеп, ақша таптым

 

— Еліміздегі ең танымал дизайнерлердің бірісіз, қазақстандық сән өнерін басқа елдерге танытушы ретінде бірегейсіз. Ұлттық дизайн дегеніміз не? Қазақ дизайнерлердің ерекшелігі неде? Мәселен ресейлік, украиндық немесе норвегиялық әріптестерінен басты айырмашылығы қандай ?

— Біз керемет салт-дәстүріміз, терең мәдени тарихымыз арқылы да әлемге танылып жатқан елміз. Қазақ этнографиясы мен өнерінен шабыт алған отандық дизайнерлердің шығыс стилін пайдалану арқылы сән әлемінде өзіндік орны қалыптасқан. Шығыс пен Еуропа стилін біріктіріп, екі стильді де ұтымды пайдалана алатынымыз тағы бар. Шығыс әйелдерінің бейнесі жұмбақтылығымен, нәзіктігімен, ұстамдылығымен ерекшеленсе, еуропалық үлгіні пайдаланып әйелдің сымбатын ерекше әдемі етіп көрсететіндей жасаймыз. Мәселен, украиндық немесе ресейлік дизайнерлер көйлекті қысқа және кей тұстарда ашық қылып көрсететін болса, біз оны ұзындау барынша шығыс халықтарына жақын үлгіде беруге тырысамыз. Жабық болғанның өзінде біздің көйлектерімізді киген нәзік жандылардың сұлу тұлғасы ерекшеленіп тұрады. Сондай-ақ, біз түрлі түстерді пайдаланып, қазақтың ою-өрнегімен киімдерді нақыштап безендіруге назар аударамыз. Отандық дизайнерлердің шетелдік әріптестерінен басты айырмашылығы – ол шығыс стилі мен этносын негізге ала отырып, киім үлгілерін жасау. Қазіргі таңда ТМД елдерінің эстрадасының жұлдыздары, атақты жүргізушілер, кәсіпкер қыз-келіншектер көптеген шараларда қазақстандық дизайнерлердің киім үлгілерін киіп жүр. Бұл дегеніміз отандық дизайнерлерге деген қызығушылықтың артқанын аңғартады. Сән әлеміндегі бұл үдерісті үлкен жетістік деп білемін.

— Құралай Заманбекқызы, сіз қоғамға алғаш сән әлеміндегі тұлға ретінде танылдыңыз ба, әлде әке абыройы арқылы ма?

— Көпшілік мені отандық сән әлемінің іргесін қалыптастырушы, 1995 жылы «Құралай» сән үйін ашқан іскер әйел ретінде таниды. Менің сән топтамаларым әлемдік танымал брендтерValentino, Кристиан Лакруа, атақты Versace, Ferre және Escada сияқты сән үйлерінің бірлескен көрсетілімінде таныстырылымға мүмкіндік алған. Тұтынушылардың қалауын терең және жан-жақты зерделеудің, тың әрі креативті идеяларымның арқасында сән үйі көптеген жетістіктерге жетіп, отандық компаниялардың киім үлгілерінің дизайнын жасады. Мысалы, Пекинде және Лондонда өткен Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларымыздың киім үлгісі біздің жұмысымыз. Ал халықаралық байқауларда сән топтамаларым бірнеше рет жеңіске жеткен. Дегенмен, бұл жетістіктерді бір сәт ұмытатын болсақ, әкем Заманбек Қалабайұлының арқасында түптеп келгенде қоғамда танымал тұлға болар едім. Әкемнің абыройы, саясаткер ретіндегі қоғамда алатын орны маған әсер ететіні сөзсіз! Мен сол үшін әкеме ризашылығымды білдіремін! Алайда мен өзімді әкімнің қызы емес жеке тұлға ретінде қалыптастырдым. 15-16 жасымнан бастап жұмыс істеп, ақша таптым. Біреуге тәуелді болмай, өз еңбегіммен өмір сүруге үйрендім. Бүгінде сол қасиеттерімнің арқасында басқа дизайнерлерден еңбекқорлығыммен, ерекше талғамыммен, іскерлігіммен ерекшеленемін деп айта аламын. Бүгінгі күнге дейін еліміздің сән әлемінде алтын әріптермен жазылатын жаңалықтарды алып келдім. Бұл тек бастамасы алдағы уақытта бұдан да зор еңбектер атқарылатын болады.

— Отандық сән әлемінің негізін қалыптастырушылардың бірі, қазақстандық сән өнерін басқа елдерге танытушы дизайнер ретінде өте танымал тұлғалардың бірісіз. Осындай дәрежеге қалай және кімдердің көмегімен жеттіңіз?

— Менің сән әлеміне келуіме өмірімдегі айтулы жағдайлар әсер етті. Ол жағдайлар мені батыл қадам жасауға итермеледі. Жас кезімде басқа саланың маманы болуды армандадым. Ол саланың дизайнға, сән әлеміне қатысы жоқ еді. Дегенмен, жастайымнан эскиздердің суретін салуға әуестеніп жүрдім. Әрине, мен кейде дизайнер болуды армандайтынмын . Маған сән көрсетілімдері топтамаларын тамашалаған ұнайтын. Тіпті сән көрсетілімдерін көру үшін шетел асатынмын. Кейде отандық сән апталарын көріп жүретінмін. Дизайнер болуыма осы факторлар әсер етті. Егер айтып өткендей белгілі бір жағдайлар өмірімде орын алмағанда мүмкін мен өзімнің фирмамды ашып, атақты дизайнер болмауым да ықтимал еді. Тағы да бір негіз әсер етті -ол менің ата-анам берген тәрбиенің арқасы. Олар маған жоғары талғам иесі болуды, киімді қалай үйлестіріп киюді үйретті. Себебі, екеуі де талғамы жоғары және ерекше нәрселерге құмар жандар. Анам Нұрбике Елімбайқызы өз ортасында сәнді киініп жүретін әйел ретінде көпшілікке белгілі. Ал, анамның киген шляпалары, аксессуарлары қоғамда қызу талқыға түсетіні есімде. Мен сәнді, ерекше дизайында киінетін анамды көріп өстім. Осы негіз себеп арқасында жоғары модада өзіндік қолтаңбам қалыптасты.

— Сіздің жарыққа шыққан топтамаңызға туындыгер ретінде таласқан немесе жаңадан шығарған технологияңызды қолданып жүрген дизайнер кездесті ме? Кездессе ондай жағдайларда өзіңізді қалай ұстайтын едіңіз?

— Жоқ, ондай мәселе менің тәжірибемде болған емес. Себебі еліміздегі сән әлемі жолға қойылмай тұрып өз қолтаңбамды қалыптастырып үлгердім. Мен өз кәсібімді тоқсаныншы жылдары бастадым. Ол кезде интернет дамымаған заман. Біреудің идеясын көруге мүмкіндігің жоқ. Тіпті, сән әлеміндегі жаңалықтардан хабар беретін журналдарды әдейі оқымай өзіндік стильді қалыптастырғым келетін. Әрбір сән топтамамды жасағанда ноу-хау әзірлеуге бейімделгенмін. Шетелде көрсетілген сән апталарында топтамаларымды көрген дизайнерлер таң қалатын. Сахнада, кәсіби тілмен айтқанда, «плессировка» болып көрінеді, ал жақыннан қарағанда метация екені белгілі болады.
Елімізде ең алғашқы «корсет» ұғымын киімдерде қолдануды мен алып келдім. Тағы сәукелені айтып өтуге болады. Оны ең алғаш өзгертіп, түрлі — түсті металдарды, қазақи нақыштағы әшекейлерді пайдаланып, ерекше ете жандандырған алғаш дизайнерлердің бірімін. Маған дейін сәукеле екі түрде шығатын. Біріншісі, фетр арқылы өте қарапайым жасалған. Екіншісі, кестеленген сәукеле. Қазір барлық отандық дизайнерлер сәукеленің түр-түрін шығаруда, олар менің технологиямды пайдаланып жасауда. Бірақ кезінде заңдастырып алмағаннан кейін ешнәрсе айта алмайсың. Бұл әрине енді өткеннің еншісінде. Алдағы уақытта көптеген жаңа дүниелер жасалынатын болады.
Менің туындыларым әйелдердің сыр-сымбатын айшықтап, нәзіктілігін және кербездігін көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, түстерді, әртүрлі принттерді, техниканы үйлесімді және ұтымды қолдануыммен, жаңа идеялармен көйлектерім ерекшеленеді. 24 жыл тынымсыз еңбек етіп, отандық сән индустриясының дамуына үлес қостым. Қазақстанға жоғарғы мода түсінігін алғашқылардың бірі болып алып келген, сән әлемінде өзіндік қолтаңбамды қалыптастырған дизайнермін.

— Сіз әдетте топтамаларыңызда қандай маталарды қолданасыз? Бір коллекцияда қанша көйлектер жасалады?

— Мен кез-келген материалдармен жұмыс жасаймын. Кәсібімді енді бастаған сәтте «кутюр» көйлектерімен, той көйлектерімен жұмыс істеу кезінде «тафтаны» жиі қолданатынмын. Уақыт өте келе барлық материалдардан киім тігуді меңгердім. Топтамаларды оның сатылу көрсеткішіне қарай жасаймыз. Егер сұраныс жоғары болса, онда оның саны да артады. «Заман» маркасындағы топтама жиі қайталанып, шығып тұрады. Ол қарапайым халыққа арналған жоғары сапалы киімдерді өте тиімді бағада ұсынады.

— Еліміздің бірнеше қалаларында сән үйлеріңіз жұмыс істейтіні белгілі. Енді шетел нарығын бағындыру жоспарыңызда бар ма?

— Астанаға көшіп келіп, бүгінде елордада бөлімше ашып жатырмын. Бірақ бас кеңсе Алматыда орналасқан. Елордамызда орналасқан кеңсенің ерекшелігі көп. Ең мықты технологтарым Алматыда ірі көлемдегі тапсырыстарды қабылдап, өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Жақын арада Атырау, Ақтау қалаларында бөлімшелер ашу жоспарда бар. Дегенмен, ол уақыттың еншісінде. «Kuralai Jewerly» топтамасы түрлі аксессуарлар шығаруға негізделген. Сонымен қатар, «Құралай Нұркаділовадан сыйлық» атты жобамыз іске асырылуда. Оның бағасы да әр түрлі. Біз әлемнің кез-келген жеріне және үйіне дейін сыйлықты жеткізе аламыз. Қазіргі таңда әлемнің түпкір-түпкірінен онлайн тапсырыс қабылдауды, оны дамытуды қолға алып жатырмыз.

— Қазір көп адам брендке тәуелді. «Құралай» брендінің негізін салушы ретінде сән әлеміне енді қадам басқан жас әріптестеріңізге «бренд» қалыптастыруда қандай кеңес берер едіңіз?

–Көп ізденіп, бренд қалыптастыруды меңгердім. Қазіргі таңда консалтингтік бизнесті жүрігізіп келемін. Яғни, брендті дұрыс қалыптастыру «live branding», «business branding» бойынша. Жалпы бұл бағытта тәжірибеммен бөлісіп, жастарға дәріс оқимын. Ал, дұрыс жасалған логотип дұрыс істердің бастамасы. Сондықтан логотипке басты назар аудару қажет. Мәселен, сән үйімді ашқан кезде логотипке қатты көңіл бөлдім. Логотипті көрген жұрт сәнді киімге, дизайнға қатысы бар екенін білгенін қаладым. Логотипте түйме, жіптер және басқа да киім саласына қатысты бұйымдарды көре аласыз. Ең маңыздысы оның мағынасы терең. Құралай араб, жапон қаріптерімен жазылған. Ал логотиптің орталығында менің қолым қойылған. Сондай-ақ кей әріптерде «бір» деген сан бар. Бірінші болуды білдіреді. Логотиптің өзі қызыл түсті. Ол түстің ерекше энергетиканы тартатыны белгілі. Тоқсаныншы жылдары қоғамда Құдайға сенбейтін атеисттер көп болатын. Мен сол кезде логотипке мұсылмандардың жұлдызын бейнеледім. Қарап тұрсаңыз бір ғана логотипімнің қаншама мағынасы бар. Болашақта фирмамның осы логотиппен балаларыма мұраға қалғанын қалаймын. Сол күнге жетемін деп ойлаймын. Менің ішкі жан дүниемді, сан түрлі өмірге аса қажетті қабілеттерімді бойымда дамытқан әкеме алғысымды білдіремін. Менің каллиграфиядан хабардар болуым, сурет салу қабілетім де әкемнен дарыған. Әкем де тамаша сурет салатын. Әкемнің сөйлеген сөзі, айтқан ақылы, әкеммен бірлесіп жасаған шаруалар, әкеммен өткізген әрбір күн, әрбір сағат, әрбір минут – мен үшін үлкен тәрбие мектебі. Сол мектептің арқасында мен өмірге қажетті нәрселерді үйрендім.

— Сіздің кәсібіңіз жақсы табыс әкеле ме? Бір сән топтамаңыздан қанша пайда табасыз?
— Егер кәсібім маған пайда алып келмесе, бұл істі тоқтататын едім. «Құралай» сән үйінің ашылғанына биыл 24 жыл толып отыр. Сән үйінде, сондай-ақ, химиялық тазалау, қалпына келтіру, киім тігу сынды түрлі қызметтер көрсетіледі. Ең бастысы біздің киімдер халықаралық стандарттарға жауап беретін жоғары сапалы материалдан тігіледі. Яғни, кәсібім жақсы табыс әкеледі.

Дана СҮЛЕЙМЕНОВА

«Рейтинг» газеті, 2018 жыл

231296dd104e8563e561f53d928002fe-696x464

 
Көрілді: 1566
Жаңартылған: 23.02.2018 | 15:32
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар