Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ж.Асанов: Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар аз емес

27.01.2018 | 10:04

 

Елімізде соттарда қаралатын азаматтық істердің саны еселеп артуда. Бұл туралы Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов мәлім етті.

-Азаматтық істер қатты көбейіп келеді, 5 жылда екі есе. 2013 жылы 560 мың болса, былтыр 900 мыңға жетті. Алматының Әуезов ауданында бір судья күніне 12 іс пен материалды  қарайды екен. 4 жылда жүктеме 4 есеге өсті. Судьялар қағазға көмілуде. Адамдарды конвейнерге айналдырсақ, сапа қайдан болсын. Әр іс бойынша екі тарап. Сонда қарап отырсақ, 900 мың іс болса, кемінде  2 миллиондай адам сот әуресінде жүр. Оған сот аппаратын,  прокурорларды, адвокаттарды, сарапшыларды, сот орындаушыларын қосыңыз. Бұл жалпы бюджетке үлкен салмақ. Ал еліміздің дамуына үлкен кедергі, - деді Жақып Асанов.

Төрағаның айтуынша, арызданып жүргендердің көпшілігі кәсіпкерлер.  

 -Бірі меншігін даулайды, екіншісі қарызын талап  етеді, үшіншісі еңбекақысын өндіргісі келеді. Үйдегі проблемасын сотта шешемін деушілер де  көп. Ағасы інісімен, әкесі баласымен соттасып жатқан жағдайлар аз емес. Кәсіпкерден «жағдайың қалай?» деп сұрасаң «біреумен соттасып жатырмын» дегенді жиі естисің. Сонда  қалай? Табиғатынан сабырлы, жанжалды жақтырмайтын халқымыз дауға құмар болып кеткені ме? Басымыз піспей қалса, дереу сотқа жүгіреміз. Қит етсек сол. Екіарадағы дауды сот аренаға шығарып, айқай-шумен шешкіміз келеді. Бітімге келу, татуласу, келісу  мәдениетіміз қайда жоғалып кетті? - деді Жоғарғы сот төрағасы.

b7af74e971a3803b6760733ba19997f4

 
Көрілді: 817
Жаңартылған: 26.01.2018 | 16:08
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар