Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Нұралхан Көшеровтың жауабына не күлерімізді, не жыларымызды білмедік

19.01.2018 | 11:25
Нұралхан Көшеровтың жауабына не күлерімізді, не жыларымызды білмедік

 

Осы аптада Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың «Құрсай» шағынауданында берген есебінде билікке мұң-мұқтаждарын айтқан азаматтардың қарасы өте көп болды. Бұл туралы «Рейтинг» газеті жазды. Тұрғындардың толғандырған негізгі проблемалары газ, ауыз су, автобус, жол және аялдамаға қатысты болған.  Сондай-ақ сөз алушылар полиция қызмектерлерінің дәрменсіздігіне де көп сын айтқан. Жиында аудан әкімі:

– Сіздер айтып отырған мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Оны шешу қаржының көлеміне байланысты. «Құрсай» шағын ауданының қосылғанына 2 жыл болған жоқ. Сондықтан да сабыр сақтаңыздар, - деп, халықтан түсіністік танытуды сұрады. Дегенмен әкімдіктің де кейбір тірліктері де түсініксіз. Жиынға қатысқан облыстық мәслихаттың депутаты Жұмағали Білісбековтің айтуынша, жолға бөлінген өте қомақты бюджет қаржысы  мүлдем игерілмей қалған. Себебі, жобалық-сметалық құжат дайын болмапты. Әкімдіктегі бөлімдер бұған жауапкершілік танытпаған. Яғни, мәселе әкім айтқандай қаржының жоқтығында емес, жұмысты дұрыс үйлестіре алмағанда жатыр емес пе?       

Жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың айтқан уәжіне   не күлерімізді,  не жыларымызды білмедік.

– Мысалы, отбасыңызда 4 балаңыз бар делік. Әрқайсысы бір күнде түрлі нәрсе сұраса, сіз бәрін бірден әпере алмайсыз ғой. Оларға алдағы уақытта міндетті түрде әперем деп айтасыз. Сол секілді мұнда бәрі рет-ретімен іске асатын болады, - деген әкім орынбасары бір күнде бүкіл тірлікті тындырып тастау мүмкін еместігін алға тартты.

Сонда халық әр нәрсені сұрай беретін бала болғаны ма?

Дереккөзі: «Рейтинг» газеті.  

 

 
Көрілді: 759
Жаңартылған: 19.01.2018 | 11:33
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар