Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Биыл Қазақстанда зейнетақы мөлшері қанша теңгеге артады ?

01.01.2018 | 17:13

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2018 жылдан бастап қазақстандықтардың зейнетақысы қаншалықты өсетінін жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». «Қазақстан Республикасының «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» Заңына сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мөлшері ең төмен зейнетақы 33 745 теңгені, ал базалық зейнетақы 15 274 теңгені құрайтын болады. Еңбек еткен жылдары мен жасы бойынша 2018 жылдан бастап зейнетақы көлемі 8 пайызға артады», - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің ресми сауал хатына жауап берген министрліктің баспасөз қызметінен. Осылайша, 2018 жылдың 2 қаңтарынан бастап, базалық зейнетақыны қосқанда минималды зейнетақының мөлшері 49 019 теңге болмақ. Бұл зейнетақы қазіргі уақытта елімізде зейнет жасында отырған 2 миллион зейнеткерге беріледі. Келер жылы енгізетін жаңалықтардың тағы бірі - 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы жүйесінде қатысуына қарай базалық зейнетақы жаңа әдіспен есептелмек. «Нақтырақ айтқанда, егер еңбек өтілі 10 жыл немесе одан да көп болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54 пайызға артық болады. 10 жылдың үстінен әр жыл сайын оның мөлшері 2 пайызға көбейіп отырады. Ал еңбек өтілі 33 жылдан асса, зейнеткерге ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайыздық мөлшері беріледі. Осыған байланысты, барлық зейнеткерлер үшін 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны бір жолғы қайта есептеу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша зейнеткерлердің 44,1 пайызы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайыздық мөлшерін, ал 44,5 пайызы 74-тен 100 пайыздық мөлшерін алатын болады деп күтілуде», - деп түсіндіреді министрліктен. Ведомствоның түсіндіруі бойынша, бұл әдіс әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, адам неғұрлым көп еңбек еткен сайын оған соғұрлым көбірек ақша берілетін болады. Бұл қазіргі және келешекте зейнеткерлікке шығатын барлық адамдарға қатысты болады.  

 

 
Көрілді: 853
Жаңартылған: 01.01.2018 | 17:16
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар