Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Арыстың жағасында...

30.11.2017 | 12:20
Арыстың жағасында...

Кеше Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов Шәуілдір ауылындағы Арыс өзенінің жағалауын қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысанды құрылыс және су мамандарымен аралап шыққан аудан басшысы, бұл жоба аудандағы маңызы бар бірден-бір көрікті жобалардың бірі екенін айтып, құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін тиісті сала басшыларына тапсырды. Аталмыш жұмыстар бірінші кезекте ағысы қатты Арыс өзені жағалауын жойылып кетуден сақтап, су тасу қаупін азайту мақсатында қолға алынған болса, екінші жағынан маңызы бар жол бойын абаттандыру болып табылады. Өткен жылы Арыс өзенін мұз буған жоқ. Алдағы уақыттарда өзенді мұз буып, өзеннің бұрылысында орналасқан демалыс кешені мен тұрғын үйлерге қауіп төндірген жағдайда өзеннің жоғары жағынан арнасын бұру арқылы қауіпті сейілту жолдарын ойластыра отырып, нақты жоспар жасауды сала мамандарына міндеттеді. Қазір көріктендіру-көкалдандыру жұмыстары қызу қолға алынуда. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған уақытта Арыс өзенінің маңы аудан тұрғындары мен қонақтары демалатын керемет демалыс аймағына айналатыны сөзсіз. Демалушыларға арналған орындықтар, жарық шамдары мен қоқыс жәшіктері қойылған. Десек те аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы мердігерлерге көшеттің бір – екі түрлерін ғана емес, әр түрлі декаративті ағаштар мен көшеттер отырғызудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Бүгінгі таңда өзен арнасын таспен қаптау жұмыстары аяқталуға жақын. Мұнан бөлек аудан басшысы демалушыларға арналған кешеннің көрікті жерінен Ұлы отан соғысының батырлары мен жауынгерлеріне арнайы ескерткіш пен мемориалдық кешен бой көтеруі тиістігін сала басшыларына жүктеді.

 
Көрілді: 402
Жаңартылған: 30.11.2017 | 12:21
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар