Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Көшбасшы ауданның әлеуеті артқан

30.11.2017 | 11:37
Көшбасшы ауданның әлеуеті артқан

Мақтарал ауданы ауыл шаруашылығы саласында облыс бойынша ғана емес, республика бойынша көш бастап келе жатқан аудандардың бірі. Мәселен, орташа есеппен облыс бойынша өндірілген мақтаның 80 %-ы, бақшаның 60%-ы, бау-бақша және жеміс-жидектің 30%-ы, көкөністің 10 %-ы біздің ауданда өндіріледі. Елбасының «Қазақстан 2050» Стратегиялық жоспарында 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы тиіс деген тапсырмасына қол жеткізіп келе жатқан  ауданда ауыл шаруашылығына, соның ішінде егін шаруашылығына қолданылып жатқан 138 мың гектар жер бар. Егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда бақша дақылдарының көлемі 20 мың гектарға, көкөніс 4 мың гектарға, картоп мың гектарға артып, сәйкесінше егіс көлемімен қатар алынатын өнім көлемі де еселеп өсуде. Облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдауларды мақсатты пайдаланудың арқасында,  су шаруашылығы объектілерін қалпына келтіру, айналымнан шығып қалған жерлерді қайта айналымға қосу, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға және егін, мал шаруашылығының дамуына орасан зор көңіл бөлінуде. Биыл ПУИД-2 бағдарламасы бойынша облысқа бөлінген 32 миллиард теңгенің 22 миллиард теңгесі Мақтарал ауданына қарастырылды. Дәл осы бағдарламаның аясында тұзданған жерлерді азайтып, егіннен алатын өнімді көбейту көзделіп отыр. 2011 жылы ауданымызда тамшылатып сауғару әдісі  400 гектарға ендірілген болса, бүгінде жалпы көлемі 1,6 мың гектарға жетті. Жылыжайлардың көлемі 2011 жылы 33 гектарды құраған болса, қазіргі көрсеткіші 2,5 есеге артып, жалпы көлемі 84 гектарға таяды. Сонымен қатар, соңғы үш жылда жерді жаңа әдіспен пайдалану жұмыстары жүргізілуде. Терең қопсыту технологиясы 30 мың гектарға енгізілді. Тәжірибе жүзінде мақтадан орташа есеппен 25-26 центнер өнім алынса, терең қопсыту технологиясын енгізген шаруашылықтар 40-45 центнер өнім алуда. Аталған технологияның катты топырақ ылғалдылығын сақтаудағы тиімділігін ескере отырып, алдағы уақытта бұл технологияны басқа дақылдар егілетін жерлерге қолдану ұсынылып отыр.

 
Көрілді: 310
Жаңартылған: 30.11.2017 | 11:40
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар