Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Туған ауылына қақпа орнатты

30.11.2017 | 10:57
Туған ауылына қақпа орнатты

Мақтарал ауданы Жаңажол ауылдық округіне қарасты Өргебас ауылында "Есен" шаруа қожалығының демеушілігімен ауылдың іргесіне қақпа тұрғызды. M-39 "Ташкент-Термез" бағытындағы халықаралық транзит дәлізінің бойында орналасқан елді мекенде ауыл тұрғындарының қатысуымен қақпаның ресми ашылу салтанаты болып өтті.  "Әкеміз Есен жас кезінде таршылықты көп көріп өсіпті. Кейіннен өзі туып-өскен ауылдың адамдары көмектесіп, аяғына тік тұрған. 11 жыл бұрын өмірден өткен әкемнің жалғыз арманы, аманаты - өзінің ауылының көркейюі үшін осындай бір қақпа тұрғызып беру болатын. Әкеміздің жасап үлгере алмаған арманын біз орындадық" - дейді кәсіпкер Қанат Есенұлы. Өргебастықтардың қуанышында шек жоқ. Кіреберіске орнатылған қақпа ауылдың сәнін келтіріп тұр. Сондай-ақ, билборд тақтайшаларына жазылған даналық мақал-мәтелдер ауыл жастарының тәрбиесіне үлкен септігін тигізіп, олардың туған жерлеріне деген сүйіспеншіліктерін арттырары сөзсіз. Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төртінші бағытының 85 қадамында «МӘҢГІЛІК ЕЛ» патриоттық актісі жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Мәңгілік Ел жобасы бойынша әрбір азамат өз туған жерінің дамуына, әлеуметтік-экономикалық саласына үлестерін қосқаны абзал. Міне, Елбасымыздың дәл осы сөзін басшылыққа алған кәсіпкер туған жеріне осындай тарту жасады.  Қанат Есенұлы тұрғызған қақпада ҚР-ның туы, шаңырақ, Мақтарал ауданының логотипы бейнеленген, сондай-ақ қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендірілген. Кәсіпкердің тартуы мұнымен тоқтамақ емес. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың портреті бейнеленіп, рухани жаңғыруға байланысты даналық сөздері жазылған үлкен билбордты жуық арада орнатпақшы және көшенің бойына 500 түп тал отырғызу жоспары да бар. Айта кетейік, 1971 жылы Мақтарал ауданында Жаңа жол (Новый путь) ауылдық округі құрылған. Сол уақытта "Киров бөлімшесі" деп аталған "Өргебас" ауылы осы округтің құрамына кірген. Бүгінгі таңда ауылда 1500 тұрғын, 1 мектеп, 2 балабақша, 1 уческелік полиция, 1 медициналық пункт, 1 мешіт бар. Жер көлемі 1200 гектарды құрайтын ауылда 310 шаруа қожалық жұмыс жасайды. 

 
Көрілді: 259
Жаңартылған: 30.11.2017 | 10:59
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар