Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ордабасылықтар баспанамен қамтылды

29.11.2017 | 21:30
Ордабасылықтар баспанамен қамтылды

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Ордабасы ауданының орталығында екі пәтерлі 14 коммуналды тұрғын үй тапсырылды. Ордабасылықтарға тұрғын үйлерді беру салтанатты шарасына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысты. Аймақ басшысы аудан орталығы – Темірлан ауылында «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджет есебінен салынған тұрғын үйлердің кілтін жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, кезекте тұрған әлеуметтік тұрмысы төмен  отбасыларға табыстап, жаңа қоныс берекелі шаңыраққа айналуын тіледі. Атаған үйлердің құрылысын жүргізген «Барыс-Тассай» ЖШС-гі нысанды мерзімінде аяқтап, пайдалануға беріп отыр. Ордабасы ауданында барлығы 30 коммуналдық тұрғын үй бар. Мұндағы әр үйдің шаршы метрінің жалдау құны – 50 теңге болып белгіленген. Айта кетейік, ауданда жалпы коммуналдық тұрғын үй кезегінде 243 адам тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында аудан әкімдігі коммуналды көпқабатты тұрғын үйлерді салу үшін тиісті жұмыстарды жүргізуде. Осы күні облыс әкімі «Қазақстан 2050» Стратегиялық жоспары аясында Төрткүл ауыл округіндегі Қарсыбай Спатаев ауылындағы ауыз су жүесінің іске қосылу шарасына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Жаңа тартылған су құбырының ауыл халқы үшін орасан зор қуанышты оқиға екенін алға тартқан өңір басшысы облыстағы елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету облыстың даму бағытында атқарылатын жұмыстардың бастысы екенін жеткізді. Мереке қарсаңында ауылдағы 136 отбасы, яғни 1600 тұрғын таза ауыз сумен қамтылып отыр. Бұл нысанның құрылысын облыстық бюджет есебінен «Құрылыс-сервис- СК» ЖШС жүзеге асырып, пайдалануға берді. Жоба құрылысына 98 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалды.  Жалпы аудан көлеміндегі 57 елді мекеннің бүгінгі таңға 39-ы құбырлы ауыз сумен қамтылған. Яғни, тұрғындардың  88,7 пайызы таза ауыз суға қол жеткізген.  Алдағы 2020-2021 жылдары ауданды толық сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

 
Көрілді: 270
Жаңартылған: 29.11.2017 | 21:33
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар