Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Достық дастарханы жайылды

14.11.2017 | 15:17

       Шымкентте «Қазақстан 2050» Стратегиялық жоспарында көзделген елдегі  түрлі ұлт өкілдерінің татулығын нығайту мақсатында этнос өкілдерінің арасында қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан сайыс өтті. Өңірдегі этнос өкілдері қазақтың төңкерме, жөргем, жоңқа, көмбе, үлпершек, бұқпа, қарын бөртпе, мипалау, қазан жаппа, құрт көже сынды түрлі ұлттық тағамдарын өздері әзірлеп, оны пісірудің әдіс-тәсілін көпшілікке үйретті. Сондай-ақ фестиваль аясында этномәдени бірлестік мүшелері мақал-мәтел айтып, асық атудан сайысты. Қазақстанды жерұйығым деп санайтын, ұлтқа бөлінушілікті жөн санамайтын қатысушылар қазылар алқасы мен көремендерге арнап жиырма дастархан жайды. Бұл күні достық дастарханынан дәм татпаған жұрт қалмады. Барлығының да тағамдары тіл үйіреді. Қызықты әрі тартысты өткен жарысқа қатысқан Кирилл Русанов облыстық грузин этномәдени бірлестігінің мүшесі. Ол көмбені бір кісідей әзірледі. Ұлттық тағамның дайындау әдісін қариялардан үйренген көрінеді. Кирилл секілді әрбір қатысушы әзірлеген тағамының тарихына, дайындау әдісі мен ағзаға пайдалы тұстарына тоқталып өтті. Фестиваль барысында олар осындай мамыражай, бейбіт елде өмір сүріп отырғандарына шүкіршілік етіп, қазақ халқына алғыстарын жаудырды. Ән айтып, тәтті күйді де тартты. 

 
Көрілді: 231
Жаңартылған: 14.11.2017 | 15:20
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар