Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бақыткелді Тұрлыбеков, судья: Заң білген адам қор болмайды

12.09.2017 | 18:36
Бақыткелді Тұрлыбеков, судья: Заң білген адам қор болмайды

IMG 5287

Қоғам да тірі ағза секілді. Заманына қарай жаңарып, өзгеріп отырады. Оны өзгертетін – адам. «Заманың түлкі болып қашса, тазы болып шал» дегенді қазақ бекер айтпаса керек. Заманы қандай болса, заңы да сондай. Ешбір қоғамда төрт құбыласы тең, кемел заң болмайды. Заң да замана желінің ығына қарай өзгеріп отырмақ.

Бүгінгі қоғам қандай? Заң қандай? Халықтың сауаты артты ма? Осы сұрақтарды Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судясы Бақыткелді Тұрлыбековке қойдық.

- Қай уақыттан бері судья болып қызмет етіп келесіз?

- 1993 жылдың наурыз айынан бері осы салада қызметтемін. Алдағы жылдың наурыз айында ширек ғасыр толады. Таратып айтсам, он екі жыл әскери сотта судья болып қызмет атқардым. Одан кейінгі сегіз жылым Алматы облысының экономикалық сотында өтті. Тағы бес жыл жасөспірімдердің ісін қарайтын мамандандырылған ауданаралық сотта төраға болдым. Биылғы жылдың маусым айынан бастап Әуезов аудандық №2 сотының судьясымын.

- Сотқа келіп түсетін арыз көбейді ме, азайды ма? Халықтың заңдық тұрғыдағы сауатын сотқа түсетін арыздармен салмақтауға бола ма?

- Бұл – қоғамның қалай қарай өзгеруіне байланысты. Халықтың әл-ауқатының көтерілуі де көп нәрсені аңғартады. Қазір қылмыстық істер бойынша келіп түсетін арыздардан азаматтық істерге қатысты арыздар әлдеқайда көп. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда сотқа түсетін арыздардың көлемі айтарлықтай артқан. Оны мынадан да көруге болады: бұдан 10-15 жыл бұрын Алматы қаласындағы аудандық соттардың әрқайсысында оншақты судьядан қызмет атқарды. Олар қылмыстық істі де, әкімшілік істі де, азаматтық істі де қарайтын. Қазір заң талабына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерді қарайтын судьялар бөлінді. Мұның сыртында экономикалық дау-дамайты қарайтын соттар мен аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын соттар бөлек. Осылардың ішінде ең ауыр жүк азаматтық істерді қарайтын соттардың иығына артылған. Бұдан нені көруге болады? Яғни халықтың басым көпшілігі әділдікті заңнан іздей бастағанын, халықтың заңдық тұрғыда сауаты артқанын көреміз. Заң білген адам ешқашан қор болмайды. Осыны халық түсіне бастады.

- Халықтың сотқа деген сенімі артты ма?

- Судьялардың соңғы съезіне президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты. Елбасының соттарға қойған басты талабы осы – соттың халық алдындағы беделін көтеру, сенімді арттыру. Одан кейінгі тағы бір мәселе – соттардың ашықтығы. Яғни біздің қызметіміз халықтың көз алдында болуы керек. Сотқа деген халықтың сенімі артты деуге әбден болады. Сотқа сенімі болмаса, осыншама көп арыз түспейтін еді.

Бізде медиация туралы заң бар. Бұл дегеніңіз, медиаторлар арқылы істі сотқа дейінгі сатыда шешу деген сөз. Егер тараптар сотқа дейін өзара келіссе, онда сот олардың келісімін бекітеді. Бұл сот шешімімен бірдей деңгейде жасалады. Келісімді екі жақ та орындауға міндетті.

- Кімдер медиатор бола алады?

- Судьялар да медиатор бола алады. Сотқа дейінгі сатыда тараптарға жағдайды түсіндіреміз. «Мынадай мәселеде келісімге келіп, мәселені шешіп алуға болады» дегендей. Мәселен, өткен жылы облыстық сотта медиация бойынша жиырмадан аса іс қарадым.

Қазір медиаторларды дайындайтын курстар бар. Олар жергілікті атқарушы органдарда тіркеледі. Медиатор, ең алдымен, заңды білуі керек. Екіншіден, әкімшіліктерге тиісті құжаттар тапсыруы керек. Осыдан кейін медиатор тараптарды табыстыру жұмысына кірісе алады. Әуезов аудандық сотында сот процестеріне қатысып жүрген оншақты медиатор бар.

Медиаторлар соттың жұмысын біршама жеңілдетеді әрі тиімділігін арттырады. Тиісінше, сотқа деген халықтың сенімі де артады.

- Сот процесі барысында кімдерге сот тегін қорғаушы, яғни адвокат тағайындайды?

-  Азаматтық-процесуалдық кодексі бойынша ақыл-есі дұрыс емес адамдарға, кәмелеттік жасқа толмағандарға, өзін-өзі қорғай алмайтын мүгедектерге және өзге де нақты себебі бар адамдарға сот ұйғарымымен тегін адвокат тағайындалады. Қорғаушының еңбекақысы мемлекет есебінен төленеді. Қылмыстық істер бойынша ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға міндетті түрде қорғаушы тағайындалады.

- Судьяларды мемлекет басшысы тағайындайды. Солай ғой?

- Заң бойынша судьялар мемлекет басшысының жарлығымен тағайындалады. Алайда судьяларға қойылатын талап өте жоғары. Бұрын заң органдарында қызмет еткен адам судья болып қызмет істей беретін. Ал қазіргі заң талабы басқа. Біріншіден, судьялыққа үміткердің жасы отызға толған болуы керек. Екіншіден, ол жоғарғы сот кеңесіне сынақ тапсырып, білімін дәлелдеуі қажет. Жоғарғы сот кеңесі үміткердің біліміне қанағаттанса, оны бір жылға тәжірибеден өтуге облыстарға жібереді. Бір жылдан кейін үміткер облыстық соттан тағы бір сынақтан өтеді. Егер облыстық соттың көңілі толса, үміткер бос орынға таласуға құқылы.

Бұдан бөлек үміткер кемі бес жыл сот хатшысы болып қызмет атқаруы тиіс. Ал егер прокуратурада немесе адвокатурада қызмет істеген болса, еңбек өтілі он жылдан кем болмауы керек.

- Бұл сұрақты қойып отырған себебім, судьялардың тағайындалуына қатысты түрлі пікір аракідік көтеріліп жатады. Қалай ойлайсыз, судьяның сайланғаны дұрыс па, әлде тағайындалғаны жөн бе?

- Естеріңізде болса, Кеңес одағы кезінде халық судьялары сайланатын. Ол кезеңде қоғам да, халық та, түсінік те басқа еді. Сол тұста судьяларды сайлау өзін өзі ақтады ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Ал бүгінгі күнде судьялар тағайындалады. Тағайындалса да, оларға қойылатын талап өте жоғары. Мұны жоғарыда айттым. Ендеше, осыншама сүзгіден өткен судьяның біліксіз болуы мүмкін бе? Судьяның біліктілігін сот алқасы тексереді. Сыннан өтпеген жағдайда оны қызметтен босату жөнінде мемлекет басшысына ұсыныс жасайды.

- Біздің заңдарымызға байланысты да пікір әрқилы. Жалпы қабылданып жатқан заңдар тиімді ме?

- Судьялар заңға баға бере алмайды. Конституция бойынша заң шығарушы орган – Парламент. Мемлекеттік органдар заң жобасын дайындайды, оны Парламент қабылдайды. Әбден електен өткен заң президентке қол қоюға жіберіледі.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Қабылдануы да әркімнің түсінігіне байланысты. Қоғам күннен-күнге дамып келеді. Қоғамның дамуына қарай заңдар да өзгеріп отырады. Тек соны халыққа дұрыс түсіндіре білуіміз керек.

- Судьяның этикасына байланысты не айтасыз?

- Өткен жылдың соңында өткен судьялар съезінде этикаға байланысты заң қабылданды. Этика деген – мәдениет пен тәртіп. Заң бойынша, енді судьялар жеке басы үшін ғана емес, отбасының әрбір мүшесі үшін де жауапты. Қысқасы, судьялар сот процесі кезінде ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да өзгелерге үлгі көрсетуі тиіс.

- Әңгімеңізге рақмет.

 Әңгімелескен Б.СӘРСЕНБІ.

 
Көрілді: 87
Жаңартылған: 12.09.2017 | 18:40
Категориялар: Қоғам, Басты жаңалықтар