Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

"Химфармда" жаңа цех іске қосылды

09.09.2017 | 10:44

       «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 54 және 55-ші қадамдары елдегі кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Оңтүстік Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорынның бірі «Химфарм» зауыты  Елбасының Жолдауында айтылғандай бүгінде өңірдің экономикасының өсуіне өз үлесін қосып келеді. Жақында  аталмыш зауытта  қатты пероральды дәрі шығаратын жаңа цех іске қосылды деп хабарлайды әкімдік мамандары. Жылына 200 миллион таблетка шығаруға қауқарлы жаңа цехтың жобасы Polpharma (польфарма)  тобы мамандарының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

     SANTO зауытының 135 жылдығы аясында іске қосылған цехтың ашылу салтанатына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, ҚР ИДМ Инвестициялар комитетінің төрағасы болып Сапарбек Тұяқбаев, Польша мемлекетінің Экономикалық даму вице-министрі Тадеуш Костинский, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің төрайымы Людмила Бюробекова, сонымен бірге SANTO компаниясының бас акционерлері мен компания серіктестері және БАҚ өкілдері қатысты.

      Польфарм компаниясы фармацевтикалық өнімдердің жаңа түрлерін жаңғырту және өндіру мақсатында «Химфарм» АҚ-на 100 млн. АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазіргі уақытта компания дәрі-дәрмектер өндірушілердің арасында жетекші орын алады және отандық дәрі-дәрмектер нарығының 40 пайызын, ал еліміздегі жалпы дәрі-дәрмектер нарығының 4 пайызын қамтиды.

     Жаңа цех фармацевтикалық өнімдерге қойылатын GMP талаптарына сай салынған. Қатты дәрі шығаратын өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылса, олардың басым бөлігі арнайы барып Polpharma тобының үздік өндіріс орындарында оқып келген. Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бөлігі болып табылатын аталмыш өндірістің құны 13,5 АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, ҚР Үкіметі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен SANTO компаниясының өнімдерін сатып алу кепілдігі беріліп отыр.  «Химфарм» зауытының өндіріс қоржынында терапияның түрлі салаларындағы ауруларды емдеуге арналған 12 фарамацевтикалық топқа жататын генериктік және түпнұсқа¬лық 200-ден астам дәрі-дәрмек бар. Компания өз өнімдерінің 90% ішкі нарыққа жеткізсе, 10%-ын бес елге экспорттайды. Яғни, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Монғолия және Түрікменстан.

       Айта кетейік, 2016 жылы Польша Республикасы мен ОҚО арасындағы тауар айналым 13,3 млн. АҚШ долларын құраса, жыл басынан бері тауар айналым 8,5 млн. АҚШ долларын құрады.

 
Көрілді: 85
Жаңартылған: 09.09.2017 | 10:46
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар