Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Отбасылық құндылықтар дәріптелді

09.09.2017 | 10:34
Отбасылық құндылықтар дәріптелді

     «Қазақстан 2050» Стратегиялық жоспарында «Азаматтық татулық  пен ұлтаралық келісім - біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениеттер үндесуінің  бірегей еуразиялық үлгісі болды» деп атап көрсетілген. Әлем елдеріне үлгі болған ассамблеяның бүгінде қоғамымызда белсенділігі жоғары. Олар бірлікті насихаттауда түрлі ісшаралар өткізіп келеді. Мәселен қыркүйек айының екінші жексенбісі - Отбасы күні қарсаңында ОҚО-да «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған фестиваль өтті. Мерекелік шараға өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің атынан 11 жас отбасы қатысып, қазақ халқының отбасылық дәстүрлерін қаншалықты меңгергенін жұртшылыққа көрсетті. Алғашқы айналымда әр жұп «ашамайға мінгізу», «тұсау кесу», «бесікке салу», «қыз ұзату», «келін түсіру» секілді халқымыздың салт-дәстүрлерін көпшіліктің назарына ұсынды. Қазақ тілінде ән айтып, мың бұрала би билеп, домбырамен күмбірлете күй шерткен жас отбасылардың өнері қонақтарды тәнті етті.

     Жалпы, фестиваль аясында ұлттық құндылықтарды қастерлеу, үлкенге құрмет, қонақжайлылық сияқты халқымыздың ең асыл рухани құндылықтары ұлықталды. Мұндай шаралар отбасы мүшелерінің бауырмалдылығын арттырып, жастарға отбасы құндылығының маңызын ұғынуға жол ашады. Әрбір отбасында бірлік, берекелі тірлік болса, ортақ Отанымыздың көркейіп, гүлденері хақ, дейді іс-шараға қатысушылар. Фестиваль соңында өнер мен салт-дәстүрге жүйріктігімен көзге түскен жас отбасылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 
Көрілді: 87
Жаңартылған: 09.09.2017 | 10:36
Категориялар: Қоғам, Қоғамдағы басты жаңалықтар