Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ең арзан бензин Қазақстанда... Бозымбаевтың ойынша

25.05.2018 | 10:42
Ең арзан бензин Қазақстанда... Бозымбаевтың ойынша

-«Ең қымбат мұнай өнімдері біздің елде» деген сөзді өте жиі естиміз. Салыстыру үшін 167 елдегі мұнай өнімдерінің бағасын сарапқа салған халықаралық агенттіктің рейтингісіне назар аударсақ. Бензин бағасы бойынша Қазақстан рейтингтің соңынан есептегенде 12-ші орында, дизель отыны бойынша 14-ші орында тұр. Яғни, әлемнің 167 елінің ішінде 11-інде  ғана бензин біздегіден арзан. Олардың арасында Венесуэла, Иран, Кувейт, Түрікменстан бар. Дизель отынының бағасы 13 мемлекетте ғана төмен, олар — Венесуэла, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Түрікменстан. Бұл мұнай өндіруші елдер деп айтуларыңыз мүмкін. Бірақ Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Ресей, Әзербайжан секілді мұнай өндіруші елдерде бензин бағасы бізден қымбат. Бұл рейтингті халықаралық агенттік ай сайын жасайды, — деді министр.

Бозымбаевтың айтқанына сенсек, таяуда Үкімет нарықты отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етеді. Яғни, бір мұнай зауыты жөндеуге тоқтаса, Ресейден келетін өнімге тәуелді болып, ішкі нарықта жүргізушілердің бензин таппай сандалуы тоқтайды. Дегенмен министр мұның нақты қай уақытта жүзеге асатынын айтқан жоқ.   Қазір Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау аяқталған. Шымкенттегі зауыттағы жаңғырту жұмыстары 2018 жылы бітеді. 

Қазір Қазақстан отандық бензинмен ішкі нарықты 90 пайыз, дизель отынымен 90 пайыз, әуе керосинімен 58 пайыз қамтамасыз етуде.

-Үш мұнай өңдеу зауытында өнімділікті арттыру үшін техникалық жөндеуді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Жыл сайынғы жөндеудің уақыты 45 күннен 20 күнге қысқарады, ал 45 күнге тоқтату үш жылда бір рет іске асырылатын болады. Бұл әрбір зауыттың мұнай өңдеу көлемін жылына орта есеппен 300 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді,-деді Қ.Бозымбаев.

Дегенмен министрдің айтуынша, Қазақстан Кедендік одақ аясында  фискалдық режимдегі айырмашылықты ескере отырып, бағаның тепе-теңдігін сақтауы керек. Мәселен, Ресейде АИ-92 бензині қазір 214-220 теңге, ал біздің елімізде орташа алғанда 160 теңге тұрады. 

10

 
Көрілді: 1991
Жаңартылған: 25.05.2018 | 10:47
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика