Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

ЕХРО қалашығындағы баспаналарды ТҚЖБ арқылы алуға болады

18.08.2017 | 09:59
ЕХРО қалашығындағы баспаналарды ТҚЖБ арқылы алуға болады

       ЕХРО көрмесіне арнап салынған баспаналарды «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» арқылы алуға болады. Ал Астана мен Алматы қалаларында жеке тұрғын үй үшін 10 сотық жер телімі берілмейді. Бірақ облыс орталықтары мен елді мекен жұртшылығы өздеріне тиесілі жерді ала алады. Бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте осы мәселелер көтерілді. Мамандар «Нұрлы жер» бағдарламасының орындалу барысын жеткізіп, жоба аясында жалдамалы баспана кімдерге берілетінін айтты.

     Бүгінде еліміз бойынша 1 млн 300 мың адам 10 сотық жер алу үшін кезекте тұр. Бірақ биыл азаматтарға 60 мың жер телімін беру жоспарланған. Қазір оның 23 мыңы үлестірілді. Алайда Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары 10 сотық жерге үміттене алмайды. Дегенмен ауылдық жерлерде тиісті инфрақұрылым жүргізіліп, қолданысқа беріледі. Ал облыс орталықтарында өздеріне тиесілі телімді иеленгендер үйді қаланың бас жоспарына сай бірыңғай талапты сақтай отырып тұрғызуы қажет. Тіпті әкімдіктер құрылыс компанияларымен келісіп, тұрғындарға үй салып беріп жатыр.

    Мархабат Жайымбетов, ҚР ИДМ ТКШ комитетінің төрағасы:

    - Пилоттық режимде қазір Ақтөбеде, ОҚО, Жамбыл, Қостанай облыстарында салынып басталды. Бұл жерде коттедж қалашықтар салынып жатыр. Жақында ғана біз Ақтөбе облысында болдық, үлкен жиналыс болды. 200 үйді құрылыс компаниялары бірыңғай сәулетпен салып қойған. Өзінің қаржысы болса, өзінің қаржысына алады. Бағасы арзан. Шаршы метрі – 120 мың. Өзінің қаржысы болмаса, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 30% бірінші жарнасын беріп, қалғанын 5%-бен алуға болады.

     Алдағы 15 жылда азаматтарға 600 мыңнан аса жер телімі үлестіріледі. Ал онда тиісті инфрақұрылым жүргізу үшін жыл сайын бюджеттен 80 млрд теңге бөлініп отырады. Жалпы «Нұрлы жер» аясында биыл 100 мың баспана пайдалануға берілсе, оның 3 мыңы жалдамалы. Мұндай пәтерлермен тұрмысы төмен азаматтар қамтамасыз етіледі.

    Айта кетейік, елімізде 2 жарым млн адам баспанаға мұқтаж болса, оның 450 мыңы үй кезегінде тұр. «Әрі бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді», – дейді Мархабат Жайымбетов.       Мархабат Жайымбетов, ҚР ИДМ ТКШ комитетінің төрағасы:

      - Әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға беріледі. Мұны әкімдіктер шешеді. Бірінші кезекте І топтағы мүгедектер мен жетімдерге беріледі. Көпбалалы ата-аналар да ала алады. Бірақ бұл жердегі бір мәселе – жекешелендірілмейді. Бұл жерде өмір бойы тұра алады. 1 шаршы метріне 100 теңгеден төлейді. Аймақтарда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің әр шаршы метрі – 140, Астана мен Алматы және батыс өңірлерінде – 180 мың теңге. «Яғни нарықтағы бағадан 20-30%-ға арзан», – дейді мамандар. Бұл үйлер бірінші кезекте тұрақты қаржысы бар мұғалімдер мен дәрігерлер және әскери қызметкерлерге беріледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төмен пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Сондай-ақ ЕХРО көрмесіне орай салынған пәтерлерді де осы банк арқылы рәсімдей аласыз. Ляззат Ибрагимова, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы: - ЕХРО маңында үй салған құрылыс компаниялары қазір бізге келіп пәтерлерін ұсынып жатыр. Біз оның жартысын жүзеге асырамыз. Ал көрме кешенінің ішіндегі «Бәйтерек» холдингі тарапынан қаржыландырылған жобаларға қатысты шешім шара біткеннен кейін қабылданады. Ал ЕХРО аумағында салынған үйлердің сатылымға қашан шығарылатыны әзірге белгісіз. Бағасы да жұмбақ. Мархабат Жайымбетов, ҚР ИДМ ТКШ комитетінің төрағасы:  - ЕХРО біткеннен кейін қарастырылады деп ойлаймын. Бағаларын әзірге айтпай-ақ қояйын.

                                     Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Өмірбек Ізімов, Бақтияр Ырза


 
Көрілді: 581
Жаңартылған: 18.08.2017 | 10:03
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика