Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Рақышев «Қазкомнан» неге кетті?

04.08.2017 | 10:00

 

 

Тақырыптың тұздығын «түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген мәтелден бастасақ па деп отырмыз.  Биыл ақпанда ойда-жоқта вице-премьер лауазымынан Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметіне ауысқан Иманғали Тасмағамбетовтың соңынан енді оның күйеу баласы Кеңес Рақышев та кетіп бара жатқандай көрінеді. Бәлкім бұл тек бір қарағанда солай көрінетін шығар. Бірақ атақты күйеу баланың атақты банктегі акцияларынан авйырылып жатқаны рас енді.

Кеңес Рақышев атағы да, дәулеті де бір басынан жетіп артылатын жігіттердің сапында.  Қазақстанның ең ықпалды әрі табысты деген 50 бизнесменінің тізімінен түспейді (былтырғы тізімде ол 7-орын алды). Оның қазіргі дәулеті  718 миллион доллар деп бағаланады. Қарамағында «7 телеарна», «Magnum Cash & Carry» сауда орталықтары, «SAT &Company» өнеркәсіп холдингі, «Standart сақтандыру компаниясы» мен тағы басқа да көптеген бизнестік құрылымдар бар.  Рақышевтың Шешенстанның президенті Рамзан Қадыровпен айырылмас дос екендігіне де ел қанық.  

 Осы шілде айында өзінің 38 жасқа толған туған күнін тойлаған кәсіпкер "Қазкоммерцбанк" АҚ басқармасындағы төрағалық тізгінен айырылып қалды.  Осы аптада банктің акционерлері жаңа директорлар кеңесін сайлады. "Қазақстанның Халық Банкі" АҚ ірі акционерінің кеңесі ескеріліп, "Қазкоммерцбанк" АҚ Директорлар кеңесінің жаңа құрамына үш жылдық мерзімге алты тұлға сайланды.

Банктің таратқан ресми мәліметіне қарағанда, Кеңес Рақышевтің төрағалығын тоқтату акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған. Кеңестен кеткен жалғыз Кеңес Рақышев емес. Қызметінен сондай-ақ, мерзімінен бұрын директорлар кеңесі төрағасының орынбасары, тәуелсіз директор — Аханов Серик Ахметжанұлы мырза, Марк Хольцман мен Махат Рашит, Әбдуов Нұрлан босатылды. Олардың орнын Вокурка Ульф, Асқар Елемесов, Азамат Жолдасбеков, Арман Дунаев, Әлия Қарпықова, Сәуле Кішкімбаева «Казкоммерцбанк» АҚ-ның Директорлар кеңесінің мүшелері болып сайланды,

 -Солардың ішінде Асқар Елемесов, Азамат Жолдасбеков және Арман Дунаев «Қазкоммерцбанктің» басқару органына тәуелсіз директорлар ретінде, ал Әлия Қарпықова «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ  акционерінің өкілі ретінде сайланды. Банк акционерлері сондай-ақ ҚКБ Директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сыйақысының мөлшері мен төлемнің шарттарын қарастырып, бекітті, - делінген банктің таратқан ресми хабарламасында.

«Қазком» Рақышевтың былтырдан бері көз тіккен ірі жобасы болатын. Танымал бизнесмен Нұржан Суханбердинге тиесілі акцияларды біртіндеп сатып алып отырды. Осыдан бір жыл бұрын ғана, яғни 2016 жылдың шілдесінде  К.Рақышевтің  Н. Сүбханбердиннен - ҚКБ-ның 47 800 962  жай акцияларын сатып алғаны, оның енді «Казкомдағы» тікелей үлесі 43,23 пайыздан 86,09 пайызға дейін артқаны, ал Суханбердиннің өзі банктің акционерлер құрамынан толықтай шығып кеткені айтылған еді. Арада бір жыл өтпей жатыр Рақышевті не түлен түртті?   

Кеңес Рақышев «Казкомдағы» директорлар кеңесінен  ойда-жоқта кеткен жоқ. Рақышевтың алға қойған жоспары маусым айында айтыла бастаған болатын. Бұл жоспарды мынандай тәсіл арқылы жүзеге асыру көзделді. Рақышев пен «Халық банкі» арасында және сонымен бірге «Самұрық-Қазына» қоры мен «Халық банкі» арасындағы келісім жасалады. Осы келісімнің нәтижесінде Рақышев пен «Самұрық-Қазына» «Халық банкіне»  өзіндегі тиесілі акциялардың әр пакетін 1 теңгеден сатады. Бұл келісім Қазақстанның Үкіметі, Ұлттық банк, «Самұрық-Қазына», «Проблемалық несиелер қоры», «БТА» банкі, «Халық банкі», «Казкоммерцбанк» және Кеңес Рақышев арасында 2 маусым күні жасалған келісімнің  шеңберінде жүзеге асқан. Осы келісімшарттың нәтижесінде түбінде «Халық банкінің» «Казкоммерцбанктегі» үлесі 96,8 пайызды құрайтын болады.

Ал «Халық банкінің» ірі акцинері президенттің ортаншы қызы Динара және күйеу баласы Тимур Құлыбаев екендігі белгілі.

Былтыр шетелдік ақпарат құралдарына берген сұхбатында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Казкоммерцбанктегі» жағдайға тоқтала келе «біз банкті жұмысшы қалпына келтіруіміз қажет. Бұл банктің құлауына жол бермейміз. Қазіргі әңгіме санация, яғни банкті сауықтыру жайында» деген болатын (мұның қандай сауықтыру екендігі енді белгілі болған сияқты). Осы сұхбатында президент алдағы уақытта отандық банк саласына өзгерістер енгізу қажеттігін айтып, «банктерді ірілендіру ісіне объективті түрде қараймыз, кейбір банктер банкротқа ұшырайтын болады» деген.

Осыдан кейін жуық арада «Казкомда»  бір өзгерістің болары белгілі еді. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ең ірі банктің бірігуі қаржы саласына оң өзгеріс алып келеді. Ал енді мұның басқа қырына тоқталсақ.

Кеңес Рақышевтің БТА банктің де ірі акционері екендігі белгілі.  Қазақстандағы «Казкомның» акцияларын сатқан Рақышев енді БТА-ның Украинадағы филиалының жұмысына тың серпін беріп жатқанға ұқсайды.  Украинадағы «Экономические известия» басылымы таратқан мәліметке қарағанда ол Мәскеудегі «Косинкая Плаза» бизнес орталығын сатып алғалы жатқан көрінеді. Екі арадағы келісімнің құны 80 миллин долларға дейін баруы мүмкін екен.

...Күйеу баланың бизнесті Мәскеуге қарай жақындатуының төркіні түсінікті сияқты.

«Рейтинг» газеті.

 
Көрілді: 471
Жаңартылған: 04.08.2017 | 10:06
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика