Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Мырзахметовтен де, Тұрбековтен де қайран болмай тұр»

дейді мақташылардың мәселесін айтқан ақсақал

27.07.2017 | 15:12
«Мырзахметовтен де, Тұрбековтен де қайран болмай тұр»

 

 

- Биыл жылдағыдай мақта болмайды. Ауыл шаруашылығындағы жұмыстарды дұрыс үйлестіре алмаудан «ақ алтынның» биылғы шығымы нашарлау болып тұр,-деді «Рейтинг» газетіне Мақтарал ауданынан  арнайы келген, ауыл шаруашылығының тәжірибелі маманы Елемес Сабыров ақсақал. Неге?

 -Себебі былтыр күздік айдалмады. «Күз айдамасаң жүз айда» деген сөз бар. Топырағы тұзды егістікті күзде аударып барып суару қажет. Сонда топырақ сордан арылады әрі құнар жинайды. Ал Мақтааралда былтыр күздік айдалмады. Көктемгі жер аудару сәуірге дейін созылды. Жүйектеп суармаудың салдарынан су егістіктен асып, елді мекендерді басты. Былтыр шаруалар арасында үгіт-насихат жұмыстары нашар жүргізілді. Күзгі, қысқы агротехникалық шараларды жүргізуге бір шаруаның ақшасы болса, бірінде болмайды. Көмекке мұқтаждарға қолдау көрсетілуі керек (мәселен, жерді қарызға айдату деген сияқты). Жылда атқарылып жатқан осындай жұмыстарға аудан әкімдігі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы  бел шеше кіріскен жоқ. Мақта бір жерде ерте, бір жерде кеш егілгендіктен қазір өнімнің өсімі әртүрлі болып тұр. Бұл мақтаны суару,  зиянкестерге қарсы күреске кері әсерін тигізіп жатыр,-дейді Елемес ақсақал.

-Биыл мақта кенесі көбейіп тұр. Ол өнімнің жапырағын қуратып жібереді. Оған қарсы себілетін «Ниссоран» дәрісі дер кезінде жеткізілмеді. Әрине, мен ауданға келгеніне көп болмаған әкім Ғалым Исмаиловқа кінә тағудан аулақпын. Алайда оның ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Асан Махамбетовтың, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың тірлігіне қарным ашады. Шаруашылықтардағы жұмыстарды ұйымдастыру, семинарлар өтізудің орнына салқын кабинеттерінен шыққысы келмей ме қалай өзі?!  Шаруалардың ортасына бармай ма? Мен Асан Махамбетовтың алдына кіріп мақташылардың мұң-мұқтажын айтқанымда «бұған неге басыңызды ауыртасыз?» деді. Мақта біздің күнкөрісіміз болса неге басымыз ауырмасын?!-деді Е.Сабыров.

Қария бұдан кейін өзінің тікелей бастамасымен, Астанаға дейін шапқылаудың арқасында жүзеге асқан биотәсілге қатысты мәселенің әлі толық шешілмегеніне қынжылды. Мәселе биотәсілге бөлінетін субсидия жөнінде.

-Субсидия шаруаға қарашада беріледі. Бұл кезде бәрі кеш. Биоагенттер наурыз-сәуірде, мақта екі құлақтана бастаған кезде керек. Олай етпесе зиянкестерді құрта алмайды. Зиянкестерге қарсы қаржы диқандарға наурыз, сәуірде қажет. Ал биофабрикалар жеке кәсіпкерлік нысандары болғандықтан шаруаларға қарызға жұмыс істей алмайды. Субсидияның жартысын наурызда, жартысын қыркүйекте берілсін деп, Астанаға дейін бардым. Парламент депутаттарына дейін араласты. Алайда Асқар Мырзахметов басқаратын ауыл шаруашылығы министрлігінен де, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбековтен де қайран болмай тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы биотәсілге бөлінген қаржыны толық жарата алмауда. Жыл сайын бөлінетін 150 миллион теңгенің 2014 жылы 70 миллионы, 2015 жылы 60 миллионы игерілмеді деген ақпарат бар.Бұл ақпарат рас болса масқара емес пе?  Мақташылардың қолында субсидияның құжаттары бар. Бірақ сол баяғы шенеуніктік созбалаң. Аудан құжаттарды дер кезінде облысқа жолдамайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы құжатты  әр алуан себеппен қабылдамай, кері қайтарып жібереді. Екіортада қаржы игерілмейді.   Игерілмеген қаржыны басқа жаққа аударып жіберетіні шырылдаған шындық па? Субсидияға деп бөлінген қаржыны басқа мақсатқа жұмсап жіберу қаншалықты ақылға қонады?    С.Тұрбеков осыған жауап берсінші,-дейді Е.Сабыров.

Ақсақалдың айтуынша ендігі үміті облыс әкімі Жансейіт Түймебаевта.

-Түймебаевтың қабылдауына әлі кіре алмай жүрмін. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов қабылдады. Ол Серік Тұрбековты шақырып, тапсырмалар берген еді, әзірге нәтиже болмай жатыр. Президент Н.Назарбаев «бізде қатып қалған ештеңе жоқ. Қайсысы тиімді соны жасау қажет» деп еді. Уақтысында биотәсілдің  тиімділігін алға тартып, мәселе көтергенімізде шенеуніктер кедергі жасады. Бірақ бәрібір тиімділікті дәлелдеп, биотәсілді қолданысқа енгіздік. Енді соған бөлінген субсидияны күзде емес көктемде бөлудің тиімділігін түсіну үшін керітартпа шенеуніктермен әлі қанша алысуымыз керек,-деді ақсақал.

     Е.Сабыров  облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауына кіріп, аудандағы бірнеше өзекті мәселені айтсам дейді. Соның бірі  жайылымның аздығы.

-Уақтысында өзімнің бастамаммен ауданда Алматыдағы өсімдікті қорғау институтының филиалы және сапа зертханасы ашылған болатын. Оның ашылуына сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің өзі қатысқан. Сол кезде Молдавиядан шақыртылған ғалым алдағы уақытта мақта ғана емес қауын, қызанақ, картоптың зиянкестеріне қарсы биоагенттер шығарамыз деген еді.  Одан да нәтиже шықпады. Осы жөнінде уәде берген Өсімдік қорғау институтының бас директоры А.Сағитов та хабарсыз кетті. Кейіннен бұл жұмыстарды аудандағы Қазақ мақта ғылыми зерттеу институтының жанынан ашу туралы бастама көтерілген. Осындай мүмкіндіктің барын институттың басшысы И.Үмбетаев та айтқан еді. Алайда бұл да жүзеге аспай қалды. Осы мәселенің оң шешілуіне  араласамыз деген сол кездегі сенатор Қуаныш Айтханов пен мәжілісмен Құдайберген Ержаннан да хабар болмады,-деп аяқтады әңгімесін Елемес Сабыров.

Мақташылардың мәселесін көтеріп жүрген Е.Сабыровтың бұл айтқандарына Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков құлақ аса ма? Айтар уәждері болса жариялауға дайынбыз.

Бақытжан Әбдірашұлы,

 «Рейтинг» газеті №29, 27 шілде 2017 жыл

 
Көрілді: 529
Жаңартылған: 27.07.2017 | 15:43
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика