Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Даму» қоры отандық өнімді қолдауда

14.12.2016 | 10:20

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша аймақтық филиалы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында елордалық екі кәсіпорынға несие рәсімдеуге көмектесті.

    Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде кәсібін дөңгелеткендердің бірі – жеке кәсіпкер Жангүл Телбаева. Ол аяқ киім шығаратын цехты ашу үшін 430 мың теңге субсидия алып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп отыр. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4 пайызға арзандатылған, ал оған «Даму» қоры кепілдік берген. Нәтижесінде  алған қаржыға кәсіпкер үй жанынан цех ашып, өніріске  керекті құрал-жабдықтар мен шикізаттар сатып алды. Бүгінде күніне 7-8 жұп аяқ киім шығарып, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Түркиялық мамандарды тартты.

Бұдан бұрын кәсіпкер Түркия мен Тайландтан аяқ-киім әкеліп, дайын өнімді сатумен айналысқан. Бүгінде тауарды алушы қандастарымыз көп екен. Әсіресе отандық өнім екендігін білгенде басқаға бармастан, «Begim-Sulu Fashion Shoes» аяқ киімін таңдайды. Тауарына осындай атау берген іскер әйел алдағы уақытта «Begim-Sulu Fashion Shoes» аяқ киім брендін тіркетуді ойластырып жүр. Отандық өнім  сырттан келетін кез-келген аяқ киімнен кем емес, керісінше сапасы жоғары. Өйткені терісі – Алматыдан, жүні Тараз бен Көкшетаудан тасымалданады. «Тек суыққа шыдамды аяқ-киімнің термо табанын Түркиядан жеткіземіз» дейді Жангүл Телбаева.

 «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорының қолдау қаржысына қол жеткізген екінші кәсіпорын «Kazyna Gold» ЖШС-і әшекей бұйымдарды шығару цехының жұмысын жандандыруға 698 мың теңге алған. Мұндағы зергерлік бұйымдар классикалық үлгіде және барлық қатаң қағидаларымен дайындалады. Соның нәтижесінде сұраныс тұрақты түрде өсуде. Айта кету керек, атадан балаға өткен бұл компанияда бүгінде 25 адам жұмыспен қамтылып отыр.

 –Мемлекеттік бағдарлама басталғалы бері 7 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер субсидияға және кепілдік ретінде мемлекеттік көмекке қол жеткізген. Төленген субсидия мөлшері 138 967 млн. теңгені құрайды. Астана қаласында аталған мемлекеттік көмекті 500-ден астам кәсіпорын алған.  Ағымдағы жылдың басынан бері Астана қаласында несиенің барлық сомасы 20 200 млн.теңгені құрайтын 71 субсидия келісімшартына қол қойылды»- дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша аймақтық филиалының менеджері Дана Ақылбекқызы.

  Ағымдағы жылдың басынан бері 62 жоба кепілдік бойынша мақұлданды. Қол қойылған кепілдік келісімшарттарының құны 866 млн.теңгені құрайды. Астана қаласының кәсіпкерлеріне жобалары бойынша биыл 2 640 млн теңге субсидия төленді.

 Жұлдыз Төлен

 
Көрілді: 810
Жаңартылған: 14.12.2016 | 10:22
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика, Экономикадағы басты жаңалықтар