Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Мұнай бағасы 50 доллардан асты

27.05.2016 | 11:01

 

Мұнай баррелінің бағасы биыл тұңғыш рет 50 доллардан асты. Азия нарығының сауда алаңдарындағы бағаның өсімі Ресей, Қазақстан, Иран және Ирак секілді көмірсутек өндіріп, сатумен айналысатын елдерге үміт сыйлады.

Солтүстік теңізден өндірілген Brent маркалы мұнай бағасының өсуіне (жыл басындағы 27 доллардан 50 долларға қымбаттады) санкцияға дейінгі тәулігіне 4 миллион баррельге жуық мұнай өндірісін қалпына келтіруге тырысып жатқан Иранның өндіріс көлемін ұлғайтуы да кері әсер етпеді.

Баға Ресей, ОПЕК және тағы басқа басты мұнай өндірушілер бір-бірімен биыл өндіріс көлемін ұлғайтпау туралы келісе алмай жатқанына қарамастан өсіп жатыр.

Сарапшылар мұны доллар бағамы мен Федералды резерв жүйесінің пайыздық үстемеақыны көтеру саясатымен, сонымен бірге Канададағы өрт пен Нигериядағы тәртіпсіздіктерге байланысты мұнай өндірудің азаюымен байланыстырады.

Сингапурдағы биржада Brent мұнайының фьючерстік бағасы 27 центке өсіп, мұнай баррелінің бағасы 50,01 долларға жетті. Америкалық WTI мұнайының бағасы 21 центке қымбаттап, 49,77 доллар болды.

Дереккөзі: Орталық Азия жаңалықтар қызметі.

 
Көрілді: 862
Жаңартылған: 27.05.2016 | 11:03
Категориялар: Басты жаңалықтар, Экономика