Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бас прокурор жарты миллиард доллар жеп қойған

25.05.2018 | 10:51
Бас прокурор жарты миллиард доллар жеп қойған

Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыровтың басындағы жағдайды қазір ешкім дұшпанына тілемейтін шығар. 15 жыл бойы Өзбекстанды жатқызып-тұрғызған шендінің жағдайы мүшкіл. Барлық жағынан. Экс-прокурордың істі болып қамалғанынан бөлек денсаулығы сыр беріп, қатаң режимдегі ауруханаға түсті. Күні ертең қатаң режимдегі абақтының төрінде отыратынына да күмән қалмаған сияқты.

Рашид Қадыров Ташкенттегі жұрт арасына «Сангород» деп аталатып кеткен  қатаң режимдегі ауруханаға осыдан екі апта бұрын түскен. Экс-прокурордың қан қысымы қатты көтеріліп кеткен көрінеді.

Рашид Қадыров «КГБ»-ның шекпенінен шыққан кадр. Ол 2000 жылдан бастап  Бас прокурор лауазымына төрт рет тағайындалып, бас-аяғы бұл орында 15 жыл тапжылмастан отырған. Қадыров уақтысында Ислам Каримовтың ең сенімді серіктерінің бірі болған.  2015 жылдың көктемінде, яғни Ислам Каримов президенттік мерзіміне ақырғы рет сайланғаннан кейін Қадыров кенеттен отставкіге кетті. Оның қызметтен шеттетілуін сарапшылар кланаралық тартыстардағы жеңілісімен байланыстырған. Экс-бас прокурорды алғашқыда зейнеткерлікке шықты деді, кейіннен оның Конституциялық соттың судьясы болғандығы айтылды. Осыдан кейін Қадыров туралы ел аузында түрлі «аңыз-әңгімелер» шыға бастады.

Ақпарат құралдары экс-прокурордың қызметтен кетуін ұлы Әлішер Қадыровпен байланыстырды. Кіші Қадыров бұл кезде Өзбекстанда ірі дүкендер желісінің және елге  медициналық бұйымдарды жеткізетін компанияның басшысы ретінде белгілі болатын. Оған әкесінің лауазымын пайдаланып, бәсекелестерін нарықтан ығыстырды және мемлекеттен ірі көлемде тапсырыстар алды деген айыптар тағылды. Осы кездері Латвияда Қадыровтар отбасына тиесілі ірі жылжымайтын мүлектердің бары белгілі болды. Бас прокуратураның басқарған жылдары Рашид Қадыровтың 1,5 миллиард долларлық активтерді иеленгені әшкереленді.

Қадыровтың тұтқынға алынғаны биыл ақпан айында белгілі болды. Оны ұлы Әлішер шетелге қашып кетті. Қадыровпен бірге Бас прокуратурадағы тағы бірнеше лауазымды шендінің қолына кісен салынды. Биыл 19 мамырда Әндіжан облысына барған сапарында презридент Шавкат Мирзияев  алдағы 2-3 айдың көлемінде экс-бас прокурордың Ұлттық телеарна арқылы халықтан кешірім сұрайтынын мәлім етті.

-Қазір бас прокурор (дәлірегі экс-бас проурор, ред.) өзінің сыбайластарымен бірге түрмеде отыр. Бірнеше миллион долларлап қайтарып жатыр (дәлірегі ішкен-жегендерін қайта құсып жатыр, ред.) Енді 2-3 айдан кейін мен оның теледидар арқылы барлық кінәларын мойындауын қамтамасыз етемін. Өйткені ол барлық жерде сыбайластық жасаған. Әр аудан прокурорынан 30-40 мың доллардан алған. Ол нағыз ұры болған. Сол себепті прокуратура органдарындағы кадрлардың 70 пайызы қуылды. Мен ол жерге адал азаматтарды алып келдім. Егер кімде кім сатқындық жасаса, олар да осылардың кебін құшады,-деді президент.

Рашид Қадыровқа Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша: бопсалау, қызмет бабын асыра пайдалану және пара алды деген айыптар тағылған. Ішкі істер министрлігі оның ұлы Әлішерге халықаралық іздеу жариялады. Кіші Қадыровқа алаяқтық және бопсалау баптары бойынша айып тағылған. Бүгінгі күні әкелі-балалы қадыровтардың үстінен жарты миллиард доллар көлеміндегі қаржыны өндіру жөнінде талап арыз берілген.

Биыл наурызда Шавкат Мирзияев Ұлттық қауіпсізідк қызметін Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі деп қайта құрды.

-Ұлттық қауіпсіздік қызметі басшыларының 20 пайызы ұрылар болатын. Бірақ қарапайым қызметкерлер арасында адал азаматтар аз емес. Мен оларды баспанамен қамтамасыз етіп, жалақыларын көтеремін,-деді президент. Мирзияев елдегі мұғалімдердің жалақыларын 10 есеге дейін көтеретінін, алайда дәл қазір ел экономикасы мұны көтере алмайтынын мәлім етті.

12

 

 
Көрілді: 7226
Жаңартылған: 25.05.2018 | 10:54
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем