Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Салауаттылық – өмір салтымыз!

18.01.2018 | 12:17
Салауаттылық – өмір салтымыз!

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиясында ұзақ мерзімді басымдықтың бірі – «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мән әл ауқаты» тармағында отандастарымыздың сапалы өмір сүруі үшін қоршаған табиғи ортаның таза болуы, азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттігі көрсетілген. Осы мақсатта Тәуелсіздігінің 26 жылын артқа тастаған  егемен еліміз жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұлғаларды, ұрпақты  тәрбиелеуді  басты  талап  етіп  қойған. Осындай игі істерді атқарып келе жатқан салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметіне биыл 20 жыл толды. Осы мерзім ішінде  аталған  қызметтің  қол  жеткізген  нәтижелері  айтарлықтай.   

1997 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметі құрылып, Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Салауатты  өмір  салтын  қалыптастыру ұлттық  орталығы  ашылды. «Қазақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асыру үшін «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы мен еліміздегі салауатты өмір салтын қалыптастырудың ұлттық саясатын жүзеге  асырудың іргетасы болып қаланған «Салауатты өмір салты» кешенді  бағдарламасы  қабылданды.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығын (СӨСҚП ҰО) құрып, 2004 жылға дейінгі аралықта Айхан Ақанов басқарды. Ол кісінің еліміздегі сол кездегі жаңа қызметтің қалыптасуына қосқан үлесі өте үлкен. 2004-2009 жылдар аралығында орталыққа Қазбек Төлебаев жетекшілік етсе, 2009-2011 жылдарда Сәуле Диқанбаева басшылық етті. Ал, 2011 жылдан бері, бүгінгі таңда да Жамиля Баттақова СӨСҚП ҰО директоры  қызметін  мінсіз  атқаруда.

Белгілі болғандай адам денсаулығының 55 пайызы оның өмір сүру дағдысына байланысты болғандықтан әр азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, салауатты өмір дағдыларын қалыптастыруы – уақыт  талабы.

Өткен уақытқа көз жүгіртсек, алғаш рет, 1953 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық санитарлық ағарту үйінің жанынан ашылған салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, 1989 жылдың 1 қарашасынан облыстық денсаулық орталығы болып өзгерген. 1998 жылы облыс әкімінің шешімімен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы, ал 1998 жылғы 3 қарашасынан облыстық Денсаулық сақтау Департаментінің №626-ө бұйрығы негізінде «Облыстық салауатты  өмір  салтын  қалыптастыру  орталығы» МКҚК болып өзгерді. Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің «Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы» Қаулысы негізінде «Оңтүстік Қазақстан облысы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» жеке шаруашылығы шектеулі серіктестігі (ЖШС)  болып құрылып,  жұмысты одан  әрі  қарай  жалғастыруда.  Қазір Түркістан қаласында «Нұр — Әлем», ОСӨСҚО-ның базасында «Әлем» жастар денсаулық орталықтары қызмет көрсетіп, «Темекіге қарсы бөлме» жұмыс жасаса,бастапқы медициналық- санитарлық көмек көрсету ұйымдарында 400-ден  аса денсаулық мектебі, 50-ге  жуық СӨС кабинеті  жұмыс  атқаруда.

Облыс көлемінде, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Салауатты жұмыс орындары» жобасы аясында 14 мекеме, «Салауатты университеттер» жобасы бойынша 5 жоғарғы оқу орны,  «Денсаулықты нығайтуға бейімделген мектептер» жобасына 155 орта білім беру мекемелері енгізіліп, салауатты өмір салтын насихаттауда жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

Денсаулық сақтау жүйесін нығайту және жақсарту жолында қабылданған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда білім беру, медицина мекемелері, департамент, басқармалар, аудан, қала әкімдіктері мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып сектораралық көптеген  іс-шаралар  ұйымдастырылып  өтуде. Соның негізгілері ретінде жыл сайын тамызда өтетін дәстүрлі «Денсаулық жолы» акциясын, халыққа тегін медициналық-консультативтік көмек көрсетіп, тұрғындарға пайдалы кеңестер беретін, қыркүйек айында ұйымдастыратын республикалық «Денсаулық Фестивалін» атап айтсақ та жеткілікті. Бұдан бөлек, аурулардың алдын алу, тұрғындардың ақпараттандырылу деңгейін жоғарылату мақсатында түрлі тақырыптарда ақпараттық-танымдық материалдар шығарылып, аудио-видеороликтер дайындалып жергілікті телеарналар арқылы, қала көшелерінде, адам көп шоғырланған қоғамдық орындарда, сыртқы жарнамалау, бейнероликтер көрсетілімі арқылы халыққа тұрақты насихатталып  келеді.

Облыста 5470 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның ішінде стадион, спорт сарайы,  спорттық құрылғылар кешені, құрама командалардың оқу-жаттығулар орталығы, спорт манежі, шаңғы базасы, ескек есу базасы, атқыштар тирі, ату алаңы, хоккей корты, теннис корты, иппадром, жүзу бассейні, спорт залдар да бар. Бұлардың қатары биыл былтырғымен салыстырғанда 120-ға артқан. Статистикалық деректерге сүйенсек, облыста 1922 дене шынықтыру ұжымы жұмыс жасайды. Бұл ұжымдарда дене шынықтыру және спортпен 767 мың 792 адам шұғылданады. 2016 жылмен салыстырғанда спортты жанынан серік еткендердің қатары биыл 58908 адамға артқан. Тіпті мүмкіндігі  шектеулі  жандардың саны 4056 адамды құрайды. Мұның 481-і биылдан бастап салауатты өмір салтына ден қойғандар.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы күнделікті таңғы уақытта жұмыс басталар алдында мекемелерде 15 минуттық физикалық жаттығу жасауды күнделікті әдетке айналдыру туралы бастаманы қолға алды. Өйткені аз қимыл-қозғалыс көптеген аурулардың туындауына себеп  болатын  бірден  бір  жағдай.

Мектепке дейінгі білім мекемелерінен бастап, оқушылар, жастар, аға буын, қарияларымыз арасында да салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сапалы өмір сүру үшін аурулардың алдын алудағы қажетті ақпараттардан мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер де тыс қалып жатқан жоқ. Көру қабілеті төмен балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатында, Ленгір қаласындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы косалқы мектеп-интернатында салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинеттері, спортпен шұғылдану бөлмелері ашылып, қажетті жабдықтармен қамтылды. Дактильді, ымдау тілі арқылы СӨС аспектілері бойынша тәрбиешілерге  арналған  әдістемелік құралдар  шығарылды.

Медицина ұйымдарында «Денсаулық мектептері» арқылы аурушаңдықты бәсеңдету, өмір жасын  ұзартуға  арналған  арнайы  сабақтар  тұрақты түрде  өткізіліп тұрады. Түрлі әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтаудың нәтижесінде  адамдардың денсаулығын дер кезінде жақсартып, ұзақ өмір сүруіне  сапалы медициналық профилактикалық  көмектер  көрсетуге жағдайлар  жасалуда.

«Дені сау адам – табиғаттың  ең  қымбат  жемісі» деп тегін айтылмаған. Олай  болса, Қазақстан азаматтарының денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру  кемел келешекке бастайтын жол  десе болады.

Денсаулық – бәрінен  де қымбат! Сондықтан салауатты өмір салтын ұстану біздің  қалыпты  тіршілігіміздің  іргетасы  болуы  қажет.

Салауатты, білімді азаматтардан ғана дені сау, салауатты ұрпақ өмірге келетінін ескеріп, қолымыздағы ең баға жетпес байлығымыз – денсаулығымызды күте білейік, отандастар! Себебі әр адамның денсаулығы өзінің өмір сүру сапасы мен стиліне  байланысты. Сапалы ұзақ өмір сүру өздеріңізге  байланысты.

Фарида БАЙЗАХОВА,

ОҚО Салауатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының атқарушы директоры.

 
Көрілді: 1421
Жаңартылған: 18.01.2018 | 12:19
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем