Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Біреу 24 мың теңге жалақы, біреу 22 миллион теңгеге торт алады

15.01.2018 | 11:58

 

Шымкентте «Риксос Хадиша» қонақ үйінде өткен үйлену тойында тарту етілген алып торт туралы республикалық ақпарат құралдары «ауыздарынан суы» құрып жазып жатыр. Иә, расында да таңқалатын жөні бар. «Не шықса да Шымкенттен шығады» деген сөз тағы бір дәлелденді.

Ертегілердегі көпқабатты, зәулім сарай түрінде жасалған торттың бір ерекшелігі қимыл-қозғалысы бар. Пар ат жегілген пәуеске сарайды айналып жүріп, есіктің аузына тоқтайды. Арабадан жас жұбайлар шығып,  сарайдың ішіне кіреді. Кейінен олар сарайдың балконынан шығатын көрінеді. Айтпақшы, жас жұбайлар жоғары қабатқа лифтімен көтерілгенге ұқсайды. Не деген фантазия десеңізші. Тойдың асабасы, уақытында Елбасының немересінің тойына да тамадалық еткен Тұрсынбек Қабатовтың өзі де «это просто супер, не деген торт мынау мынаның ішінде тұруға болады ғой. Мұндай тортты өз басым бірінші рет көріп отырмын» деп, таңданысын жасыра алмай қалады (біз осы тойдан түсірілген, кейіннен ақпарат құралдарында жарияланған видеодағы көріністерді баяндап отырмыз).

Тортты ресейлік кондитер, осы сала бойынша чемпион атанған Ренат Агзамов жасаған көрінеді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында торттың диаметрінің 3 метр, салмағының 1500 келі екендігін жазыпты. Ал бағасы... Торттың бағасын есептеген жергілікті ақпарат құралдары ең кем дегенде 21 миллион немесе 52 мың 600 евро деп жазыпты. Торттың бағасын 179 мың доллар тұрады деген сайттар да болды.

Мұндай сән-салтанатқа екінің бірі түгілі миллионның бірі де тәуекел етпесі белгілі. Соншалықты шығынды қалтасы көтерген бұл қандай бай-бағлан? Аталған қонақ үйдің қожайындары, белгілі миллионерлер, дәулеті де, сәулеті де де  жыл санап артып келе жатқан Сейтжановтар әулеті ме? Бұл туралы әзірге ақпарат жоқ.

Ресми мәліметтерге қарағанда былтыр елімізде жалақының ең төменгі мөлшері 24 мың 459 теңгені құраған екен. Яғни, біреу бір ай бойы маңдайы терлеп еңбек етіп, 24 мың теңге жалақы алады. Ал енді бреу айналдырған 5-6 минуттық  рахат, біреу хош, біреу теріс көретін атақ пен мадақ үшін 22 миллион теңгеге жуық қаржыны шаша салады. Өмір-ай десеңізші. Бай мен кедейдің арасының қаншалықты алшақтағанына бұдан артық мысал келтіруге бола ма?

Апырай, біреу тойына 22 миллион теңгелік тортты алыстағы Ресейден алдыртып жатқанда, біреу науқастанып жатқан бауырын ажалдан арашалар қалу үшін 22 мың теңге таппай, енді біреу не асқа, не киімге жарымай көше жағалап, қайыр сұрап жүр-ау.

991

 
Көрілді: 1838
Жаңартылған: 15.01.2018 | 12:01
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем