Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Шейхтар Қырғызстанды неге жағалап жүр?

10.08.2017 | 12:30
Шейхтар Қырғызстанды неге жағалап жүр?

    Қырғызстанның оңтүстігінде соңғы уақытта мешіттердің саны жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай күрт көбейген. Мешіттердің құрылысы осындай қарқынмен салына берсе, енді біраз уақыттан кейін «әр қырғызға бір мешіттен» тиіп қалуы әбден мүмкін. ЦентрАзия сайты осылай деп жазыпты. Әрине, Алланың үйі неге көбейіп бара жатыр деу күпірлік болатын шығар. Мәселе сол мешіттерді кімнің салып жатқандығында болып тұр.

    Жуырда Жалалабад облысы Базарқорған ауданы Қошқорған ауылында 200 орындық мешіт пайдалануға берілді. Момын-мұсылманға есігін айқара ашқан  Алла үйі Бүкіләлемдік ислам жастары қауымдастығының Қырғызстандағы өкілдігінің қаржылай қолдауымен салынған.    

     Бұл мешіттің құрылысына Базарқорған ауданы әкімінің орынбасары К.Тілекеев жетекшілік жасапты. Ал Тілекеев «Таблиғи жамағат» ұйымының белсенді мүшесі көрінеді. Ашылу салтанатына жоғарыда аталған қауымдастық жетекшісінің көмекшісі Саид Ахмад Рамазон Сауд Арабиясынан арнайы келіп,  сөз сөйлеген. Оның айтуынша, Қырғызстанның оңтүстігінде мешіт жетіспеушілігіне байланысты Бүкіләлемдік ислам жастары қауымдастығының қолдауымен құлшылық үйлерін салу алдағы уақытта да жалғаса береді. Жақын күндері Базарқорған ауданындағы Ақман ауылында тағы бір мешіттің қазығы қағылмақ екен.

   Жиында сөз алғандардың барлығы жұртшылыққа мұсылманша сауат ашу үшін балаларын  мешітке беруді сұранған. Мешіттегі дәрістерде алғырлығымен көзге түскендер қауымдастықтың арнайы емтиханынан өтеді. Одан әрі шетелге діни оқуға жіберілетін болады. Айтқандай, жаңадан ашылған мешіттің имамдығына Талант Маматкулов деген азамат тағайындалыпты. Бұл азамат та өңірдегі таблиғшы жастардың белсендісі көрінеді.

   Сарапшылардың айтуынша, соңғы уақытта Қырғызстанда мешіттердің бақылаудан тыс қалып бара жатқаны қатты алаңдатады. Кейбір құлшылық үйлеріндегі жағдай күмәнді, күдікті. Мәселен Ош облысы Үзген ауылындағы Кенеш мешітінің имамы Рашид Тұрсынов атышулы «Хиз-ут-Тахрир» ұйымының Үзгендегі бөлімшесінің мүшесі. Оның халықтың бойына қандай иман нұрын сеуіп жатқаны осыдан кейін түсінікті сияқты.  Тұрсынов уақтысында Жиддадағы әлдебір діни оқу орнында тәлім алған. Елге оралған соң ол араб елдерімен арадағы байланыстың суытпай, қазір жергілікті жастарды сонда оқуға жіберіп тұратын көрінеді. Аталған аудандағы Жақшылық ауылындағы мешіттің имамы  Раим Ортиков да тахрирлық. Қысқасы имамдардың бірі «хизбутшы», бірі «жамағатшы». «Жамағатшылар» халықты екі айда бір рет ел аралап, дағуат жасауға шақырып тұратынға ұқсайды. Ал зерек шәкірттер Пәкістан мен Үндістандағы таблиғшылардың оқу ордасына жіберіледі.

   Жуырда Бүкіләлемдік ислам жастары қауымдастының жетекшісі шейх Саид Баюми биыл өз қаржыларымен Қырғызстанда төрт мектептің құрылысын қаржыландыратынын мәлім етті. Осы уақытқа дейін аталған ұйымының қаржысымен Қырғызстанда 20 мектеп салыныпты. Бұдан бөлек 200 мешіттің құрылысы пайдалануға берілген.

   Әрине, бұл экономикасы әлсіз Қырғызстан үшін үлкен көмек.  Бүкіләлемдік ислам жастары қауымдастығы жетпісінші жылдары Сауд Арабиясында құрылған ұйым. Ұйым көптеген мұсылман елдерінде түрлі шаралар өткізумен айналысады. Кейбір сарапшылардың айтуынша, ұйым осы шаралардың қалқасында экстермистік идеяларын да тықпалайтын көрінеді.

   Шейхтардың қырғыз жұртын жағалап, мешіт, мектеп салып жанашыр бола қалуының арғы жағында осындай теріс пиғыл жатқан жоқ па? Орталық Азияда «демократия аралы» атана бастаған Қырғызстан ертең Ауғанстанның кебін құшып жүрмесе деңіз.



 
Көрілді: 339
Жаңартылған: 10.08.2017 | 11:15
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем