Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Тәжікстанда кәріс шіркеуінің пасторы "экстремизм" айыбымен сотталды

07.08.2017 | 09:51

   Тәжікстанның Худжанд қаласының соты "Сонмин Сонбогым" христиан шіркеуінің пасторы Бахром Холматовты экстремизм айыбы үшін үш жылға соттады. Сот үкімі биыл шілде айының соңында шыққан.

  42 жастағы Бахром Холматов биыл 10 сәуірде Худжанд қаласында кәрістердің протестанттық шіркеуін тексеруден соң ұсталған. Сол кезде құқық қорғау мекемесі ер кісіні экстремизмге қатысы бар деген күдікпен ұстағанын хабарлаған.

Христиан шіркеуінің веб-сайтында келтірілген дерек бойынша, 10 сәуірде қауіпсіздік органының қызметкерлері шіркеуге баса-көктеп кіріп келіп, келушілерді негізсіз ұстай бастаған. Шіркеуден және шіркеуге келушілердің бірі Бахром Холмотовтың үйінен діни әдебиет табылып, сарапшылар оның "экстремистік мазмұны бар" деп таныған.

  Холматовқа шыққан үкімге қатысты сот өкілдерімен және сотталушының туыстарымен хабарласу мүмкін болмады. Мұның алдында "Форум-18" сайты Холматовтың туыстары сот ісіне қатысты пікір білдіргісі келмейтінін жазған. Шіркеуге келушілер де қуғындалудан қорқып отыр.

Тәжікстан билігі "Сонмин Сонбогым" христиан шіркеуі "ресми түрде тіркелмегендіктен, ел аумағындағы қызметі заңсыз" дейді. Бірақ кәріс шіркеуінің сайтында "Сонмин Сонбогым" орталығының 2009 жылы Тәжікстанның дін істері жөніндегі комитетінде тіркеуден өткені туралы жазылған.

 
Көрілді: 260
Жаңартылған: 07.08.2017 | 09:55
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем