Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Көлеңкесі жоқ президент

03.08.2017 | 12:38
Көлеңкесі жоқ президент

    Түркіменстанда президент Ғұрбанғұлы Бердымұхамедовтың суреттерін жұрттың назары көп түсетін жерлерге ілу қалыпты жағдай саналады. Бір суретте Арқадағ шайтанарба теуіп жүрсе, бір суретте тікұшақтың жанында қолын алға қарай сермеп, халқына түзу жолды көрсетіп тұрған кейіпте бейнеленген. Жуырда «Хроники Туркменстана» басылымы осы суреттердің бірінде мамандардың фотошопты шамадан тыс қолданғаны соншалықты қарапайым табиғи заңдылықтардың сақталмағанын жазыпты. Дәлірегі суретте президенттің көлеңкесі жоқ болып шықты. Көлеңкесі болмаған суретте президент бейнебір ауада қалқып тұрғандай кейіпте суреттелген. Арқадағтың көлеңкесін алып тастауды кәнігі мамандардың шешімі ме әлде бұл жоғарыдағы шенекуніктердің тапсырмасы ма, бұл жағы енді белгісіз.

Дегенмен қазіргі уақытта Бердымұхамедовтың тұрмыс тауқыметін тартып жатқан халыққа да көлеңкесі түспей тұр. Қайта президент ешкімге пайдасы жоқ шаруалармен шұғылданып, қарамағындағы қызметкерлеріне де соны істетуді әдетке айналдырып барады. Жуырда Арқадағ Каспий теңізі Аваза демалыс орнына барып, министрлерді тік тұрғызып қойып, жаттығу жасатқан. Бұдан кейін президенттің өзі үш немересімен қалып, сол жерде музыкалық аспаптармен ән айтқан.  Арқадағтың немерелерінің бірі пианинода, бірі электроникалық барабанда, бірі микшерде, ал президенттің өзі әдеттегіше синтезаторда ойнаған. «Бәрі бір мезгілде жамыраған кезде құлақа түрпідей тиетін түсініксіз даңғаза әуен шықты» дейді көзкөргендер. 

 
Көрілді: 636
Жаңартылған: 03.08.2017 | 12:57
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем