Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Суретші Сальвадор Далидің денесі жер қойнынан қайта қазып алынды

21.07.2017 | 10:52
Суретші Сальвадор Далидің денесі жер қойнынан қайта қазып алынды

Белгілі испандық суретші Сальвадор Далидің (1904-1989) сүйегі Испанияның Фигерас қаласында бейсенбі күні кешке эксгумацияланды. Оған негіз - Сальвадор Далиді өзінің әкесі екендігін айтып отырған әйелдің талабы. Бұл туралы Reuters хабарлады. Сот сараптамасы саласындағы мамандар заңгерлердің қатысуымен марқұмның бальзамдалған денесінен ДНК сынамаларын алды. Каталония тұрғыны Пилар Абель өзін суретшінің қызы деп тану үшін сотқа талап-арыз түсірген. Сот Сальвадор Далиді әйелдің биологиялық әкесі болып табылатындығын анықтау үшін эксгумацияға рұқсат берді. 1956 жылдың 1 ақпаны күні дүниеге келген әйел өзінің анасы Далимен жасырын түрде кездесіп тұрғанын айтуда. 2007 жылдан бері Пилар Абель суретшімен туысқан екендігін дәлелдеуге тырысып келеді. Абельдің айтуынша, ол Далидің қызы екендігін әжесінен білген. Егер ДНК-тест әйелдің сөзін растайтын болса, ол оның тегін иеленіп, туындыларына авторлық құқық ала алады. Сальвадор Дали 1904 жылы 11 мамыр күні дүниеге келген. Өзінің шығармашылығында жүздеген картина салды. Далидің жұбайы Қазан қаласының тумасы Елена Дьяконова (1894-1982) болды. Суретші 1989 жылы 23 қаңтар күні дүниеден озды. Оның бейіті Фигерас қаласындағы Дали театр-музейінің сахнасының ұңғылында орналасқан.

 

 
Көрілді: 698
Жаңартылған: 21.07.2017 | 10:55
Категориялар: Басты жаңалықтар, Әлем