Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Атамқұловтың назары әйелдерге ауа бастады (видео)

18.02.2016 | 16:14

 

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтың бір ерекшелігі көпшілік алдындағы баяндамасын үнемі қазақ және орыс тілдерінде аралас оқиды. Алдымен қазақ тілінде бір абзац сөз оқып, артынша дәл сол сөздерді орыс тілінде қайталап шығады. Әкімнің мемлекеттік және ресми тілдерге бірдей назар аударып, қазақтілді және орыс тілді аудиторияны алаламайтын осындай бір қасиеті бар. Дегенмен Бейбіт Бәкірұлының қазақшадан гөрі орысшаға бейімдеу екендігі байқалады. Орысшасы тап-таза, ал қазақшаға келгенде кейде сөздерінің аяғын дұрыс айта алмай екі-үш қайталайтын, ал енді кейде сөз бен сөздің арасында кідіріп қалатыны бар. Бүгін «Түркістан» сарайында өткен халықпен кездесуінде де Бейбіт Атамқұлов баяндамасын қазақ және орыс тілдерінде араластырып оқыды.

Әкім облыстың әлеуметтік саласына көбірек тоқталды. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын пәтерлердің саны 74 пайызға көбейетінін айтқанда залдағылар ду қол шапалақтады. 2020 жылға дейін қала халқы 100 пайыз, ауыл халқы 80 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады. Өзінің баяндамасында Атамқұлов әсіресе кадр мәселесіне кеңірек тоқталды. Кадр тағайындауда отансүйгіштік, кәсібилік және адамгершілік қағидаларына арқа сүйейтінін айтты.

--Мемлекеттік басқару ісіне әйелдерді де көптеп тартуды біз назарда ұсайтын боламыз. Қазір біздің әйелдеріміз өте белсенді. Облысымызда көптеген нәзік жандылар өнеркәсіп мекемелерін басқарады. Мемлекеттік қызметкерлердің арасында да әйелдер көп. Әйелден жақсы және өте жауапты басшы шығады. Кадрларды өсіру кезінде біз бұған көп мән беретін боламыз,--деді Бейбіт Атамқұлов.

 
Көрілді: 2014
Жаңартылған: 18.02.2016 | 16:50
Категориялар: Бейне-материалдар, Басты жаңалықтар, Саясат