Түркістан облысының әкімдігінде кітапхана ашылды
Түркістанда «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында жылжымалы кітап пункті ашылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, мемлекеттік қызметшілер мен кітапханашылар қатысты.
– «Ашық әкімдікке» көптеген адам келіп, өз мәселесі мен өтінішін айтады. Тек қызметтік емес, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстарды жүргізуге де лайықталған орын болады деп ойлаймын. Бастаманы жүзеге асырған «Фараб» кітапханасы ұжымына алғысымды білдіремін. Мұнда мемлекеттік қызметшілер, «Ашық әкімдікке» өтініш айтып келушілер мен сол аумақтағы тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Азаматтар тұрақты түрде қалаған кітабын оқиды. Сондай-ақ қандай кітап қажет екенін жазып, қалдыра алады. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік қызметшілерге жігер, тәжірибе беретін, іскерлікті арттырып, мемлекеттік басқару ісінде білім жетілдіретін кітап тізімін жасауды тапсырды. Ол бағытта арнайы қаражат қаралуда. Осындай кітап бұрыштары аудан, қала әкімдіктерінде де ашылғаны жөн. Ғаламтор әрине жақсы, бірақ дәстүрлі кітап оқу үрдісін сақтап, жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бастама өміршең болсын, сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханаға келушілер үшін ақылы негізде сусын мен кофе ішетін орын да қарастырылған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталды. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған.
Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері пергамент қағазынан әзірлеген «Диуани хикметтің» көшірмесі ұсынылған. Көне Күлтегін жазбасының да үлгісін осы жерден көруге болады. Қауырсын үлгісіндегі кітап стеллажы да көз тартады. Сонымен қатар оқырман сұранысына қарай қажетті кітаптарды облыстық кітапханадан қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова баяндады.
Жалпы облыстағы 396 кітапханаға биыл жыл басынан бері 40 мыңға жуық кітап алынған. Әлі де қажетті кітаптармен толықтыру жоспарлануда. Аталған жоба мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі