Қабірлерді зиярат етудің тәртібін білесіз бе?

Oinet.kz 20-06-2019 1540

Screenshot_4.jpg 

Аллаһ тағала: «Ешкім ертең не істейтінін білмейді және ешкім қай жерде өлерін де білмейді» («Лұқман» сүресі, 34-аят.  ), – деген.

Яғни, адам баласынан ажал мерзімі мен орны жасырылған. Аятта айтылғандай, ол қашан, қай жерде жантәсілім ететінін білмейді. Өлім мерзімін құпия ұстауда Аллаһтың өз даналығы бар. Сондықтан адамдар әрдайым өлімге дайын жүруі қажет. Өзінің қашан өлетінін білмейтін адам ылғи да оған әзірленіп, оның қамын жасаумен болуы керек. Ал егер адам ажал мерзімінен хабардар болса, ол өмір бойы арқасын кеңге салып жүріп, өлім сәтіне таяған кезде ғана жанталасуы мүмкін. Сол үшін де ажал мерзімі адам баласынан құпия ұсталған, оның өлімге әрдайым дайын болуы қажет, ол өзіне белгіленген ажал мерзімі бар екенін және ол келген жағдайда бір сәтке де кешеуілдетілмейтінін түсінуі керек. Алла Тағала: «Әр халықтың белгілі бір мерзімі бар. Олар сол мерзімі келгенде бір сәт кешіктірілмейді де, ілгерілемейді де» («Ағраф» сүресі, 34-аят.) – деген.

Аллаһ Тағала әрбір пенденің өлімі үшін ешкім өзгерте алмайтын уақыт пен мекен дайындайды. Аллаһ тағала: «Әрбір жан (иесі) Аллаһтың рұқсатымен ғана белгіленген жазмыш (ажал) жеткенде өледі» («Әлі Имран» сүресі, 145-аят.  ), – деген.

Өмірлерін Аллаға және Оның Елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілікпен өткізген әрі өмірін салих амалдармен безендірген ерекше құлдар ақтық демдерінде Аллаһтың жәрдемімен кәлима шәһәдат айта отырып, рухани тыныштықпен ақыретке көшеді. Ал, керісінше, жер бетінде өткінші нәпсіқұмарлықпен дүниенің арбауына бой алдырып, рухани ішкі жан дүниесін кірлетіп, әлсіреткен жандар болса, көбінесе сол өмір сүрген салттарына қарай жан тапсырады. Әрі олар жердің астында да қасірет пен азапқа душар болады.

Жалпы алғанда адамдар қабір азабына Аллаһ тағаланы танымағандықтарынан, оның бұйрықтарына көңіл бөлмегендіктерінен және ол тыйым салған күнә істерге бойұрғандықтарынан ұшырайды. Аллаһ тағала өзін таныған, сүйген, бұйрықтарына бойұсынып, қайтарғандарынан қашық жүрген ешбір рухты да, тәнді де азаптамайды. Шын мәнінде қабір азабы – Аллаһтың пендесіне деген ашу-ызасының әсері болып табылатын Ақырет азаптарының бірі. Демек, кімде-кім бұл дүниеде Аллаһтың ашу-ызасына тиіп, сосын тәубе қылмай өлсе, ол Аллаһ тағаланың ашу-ызасы дәрежесінде барзах азабын көреді.

Мүміндердің анасы Айшадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте былай дейді: «Пайғамбар (с.ғ.с.) намазда тұрып: «Уа, Аллаһ! Мен Өзіңе қабір азабынан, мәсих дәжжалдың бүлігінен, өмір мен өлім сынағынан және жаһаннам азабынан сақтауыңды сұрап жалбарынамын», (Әл-Бұхари, Муслим ) – деп дұға қылатын».

Сүннетті ұстанушы төрт мазһаб өкілдерінің бірауыздан мақұлдауы бойынша мұның шешімі төмендегідей: «Қабір азабы мен нығметтері жан тәннен бөлінсе де, тәнмен бірге қосылып тұрса да, екеуіне ортақ, олар бірге азапталады немесе бірге нығметке бөленеді.

«Шир’ат-ул-Ислам» кітабында былай жазылған: «Қабір зияраты сүннет болып табылады. Зиярат етіп келген адам мәйіттің шірігенін ойлап, ғибрат алады. Осман (радиаллаһу анһ) қабірдің қасынан өтіп бара жатқанда көп жылайтын, сақалы суланып кететін еді. Мәйіт те жасалған дұғадан пайдаланады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) туыстарының және сахабаларының  қабірлерін зиярат ететін еді. Сәлем және дұғадан кейін, құбылаға кері бұрылып, қабірге қарап отыру керек. Хадис шәрифте: «Бір адам танысының қабіріне барып сәлем берген кезде, мәйіт оны таниды және сәлеміне жауап береді», - делінген. Ахмед ибн Ханбал (рахимә-һуллаһу та’ала): «Мазардың қасынан өтіп бара жатқанда «Ихлас», екі "Құл аузу" сүрелерін және «Фатиханы» оқып, сауабын мәйіттерге бағыштау керек. Оларға сауабы тиеді», - деген. Әнәс бин Малик (радиаллаһу та’ала анһ) білдірген хадис шәрифте: «Аят-әл күрсиді оқып, сауабын мәйіттерге бағыштаған кезде, Аллаһу та’ала мұны барша мәйіттерге жеткізеді», - делінген.

Хатим әл-Асам: «Кімде-кім молалардың жанынан өткенде өзінің де солардай болатыны туралы ойланбаса, оларға дұға етпесе, онда өзіне және оларға қиянат жасағаны», – деген.

Қабірлерге аптасына бір рет, ең болмағанда айт күндері зиярат етіледі. Бейсенбі немесе жұма немесе сенбі күндері зиярат ету сауаптырақ болады.

Қабір – бұл дүниеден өткен марқұмдардың уақытша мекені. Ханафи мазһабы бойынша, қабір үстіне белгі (тас, ағаш) қойып, өлген адамның аты-жөні, туылған, дүниеден өткен жылы жазылса жеткілікті. Ай белгісін қоюға немесе Құран аятын жазуға шариғатта тыйым салынбаған. Біріншіден, тірілерге арналған дүниені ысырап ету дұрыс емес. Өйткені, Алла тағала: «…төгіп-шашпаңдар, Алла, ақиқатында, ысырапқорларды ұнатпайды» («Ағраф» сүресі, 31-аят), - дейді. Лаймен сылап қоюдың оқасы жоқ. Екіншіден, қабірге алтын жалатса да, оның өлікке ешқандай пайдасы жоқ екенін түсіну керек. Пайдасыз жұмыс жасау мұсылман қауымы үшін – харам. Үшіншіден, қабір үстіңгі жағы ашық қалдырылғандықтан, оның үстінен түскен жауыннан өніп шыққан өсімдіктер қабір ішінде жатқан мәйітке пайдалы деген ұғым бар.

Алайда, мазарларды ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да пайдасы жоқ. Керісінше, осындай мазар құрылыстарына жұмсалған қаржыны қайырымды шараларға: кембағал, міскін адамдарға көмек беруге, жетім-жесірлерге, мүгедектерге, кедей оқушылар мен студенттерге жәрдемақы есебінде беретін болса, өліге сауабы, тіріге шарапаты тиер еді.

Алла Тағала әрбір жасаған іс-әрекеттерімізді шариғат шеңберінде жасауды нәсіп етсін. Әмин!

Омар қажы Елеуұлы Көбеков,

«Түркістан-Ахмет Яссауи» мешітінің бас имамы,

Мұрағаттан, 2015 ж

Қазақстанда діни экстремизммен күреске қанша қаржы қаралған?
Терроризм белгілері қандай болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу