Тұрмысын түзеген Жәмилә

Oinet.kz 15-11-2023 1533

image.png

Бүгінде Созақ ауданында халықтың табысын арттыруға септігін тигізіп отырған «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған азаматтардың саны арту үстінде. Соның бірі — Созақ ауылының тұрғыны Жәмилә Айдарбекқызы. «Елжан цехы» Жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 2,5%-бен 5 200 000 теңге несиеге қол жеткізді. Бүгінгі таңда кәсіпкер қол жеткізген несиеге заманауи үлгідегі тігін құралдарын алып, кәсібін ұлғайтып отыр.

— Ең алғаш бұл саланы осыдан 15 жыл бұрын үйреніп, 10 жылға тарта басқа кәсіпкердің қарамағында жұмыс істедім. Соңғы 5 жылда өз алдыма бөлек тігін машинасын алып, жеке кәсібімді бастадым. Қолданыстағы тігін машиналарым ескі болғандықтан, жұмысым баяу болды. Уақыт өте бұл салада кәсіби маман ретінде жұмыс істеуді ұйғарып, «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, заманауи үлгідегі тігін құралдарын алуды шештім. Небәрі 20 күннен астам уақытта несиеге қол жеткізіп, қажетті құралдарды арнайы тапсырыспен алдырдым. Нәтижесінде жұмысым едәуір жеңілдеп, бұл салаға қызығушылығым арта түсті. Бүгінде сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түседі. Халықтың арқасында табыс тауып отқан соң барынша сұранысқа сай үлгеріп, көптің көңілінен шығуға тырысамын, — дейді кәсіп иесі.

Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 269 азаматтың құжаты қабылданды. 208 азаматтың құжаттары 1 147, 225 миллион теңгеге мақұлданып, 169 азамат 928, 560 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.

«Ауыл аманаты» - шарапатты бағдарлама
Елге үлгі болған отбасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу