Ашық сабақ: Ата- аны құрметтеу үлкен парыз

Oinet.kz 01-09-2020 1236

Мақсаты: оқушыларға ата - ананы құрметтеу үлкен парыз екенін дәлелдеу.

Ата - ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата - ананың қадірі ерекше әспеттелген.

Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ күні, мейірімнің кәусәр бұлағы – Ана есіміне қатыссыз дүниеде қасиетті ештеңе жоқ. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ.

Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды.

Бала, бала, бала деп,

Түнде шошып оянған.

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Мұзды бесік таянған, -

да ана, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да ана. Халықтың халықтығының басты нышаны – туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да ана. Сондықтан әрбір ұлттың рухани өзегі, қан тамыры болып табылатын тілі – Ана тілі деп аталады.

Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін, балбыратып уататын тұңғыш тәтті сазы, жылауын қойғызатын ән өлеңі де сол ғазиз ана бесікке сүйеніп отырып, емірене айтатын бесік жыры.

Ал нәресте өмірінің нәрі - Ана сүті. Халқымыздың байырғы ұғымында баланың Анасы алдындағы парызын өтеуі «Ана сүтін ақтау» деп аталады. Оның жөнін халық: «Ана сүтін Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарып келсең де, өтей алмайсың»,- деп түсіндіреді. Атақты орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған»,- деуі де сол шындықты айқындайды. Әрине, сондықтан да дүние жүзінің барлық елдерінде Отанға опасыздық пен Ана сүтін ақтамау ең зор қылмыс саналады.

Дін мұсылман жолында Әкені құрметтеу - айрықша парыз. «Әкеге бағыну - Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу - Алла алдында күнәһар болу» дейді Пайғамбарымыз.

Халқымыздың мақал - мәтелдерінен, даналық сөздерінен де ата - ананың қадір – қасиеті туралы айтылған асыл сөздерді табар едік.

«Алты аға бірігіп - әке болмас,

Жеті жеңге бірігіп - ана болмас»,- деген сөзде де терең ой жатыр. Ата - ананың үміт - арманы баласымен бірге жасайды. Сол себепті олардың бар тілеуі балаға бағышталған. Ақыры, ең қастерлі тілектері: бала - шағаның алдында дүние салып, солардан топырақ бұйырса, - дейді. Осындай ата - ананы сыйлау сәби шағыңда өзіңді олар қалай бағып - қақса, қартайғанда оларды да солай алақанға салып аялап, күту қандай ғанибет!

Қазақтар – « Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз.

Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата - ананың алдында адамның парыз - міндеті өлшеусіз. Қазақ ғұрпындағы ата - ананың алған ерекше биік орны, қадір - қасиеті ше! Ананың ақ сүтін, әкенің адал күшін ақтау - өз болашағыңды сақтау.

Ата - анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың. Сен ата - анаңды сыйласаң, сенің балаларың да қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып - қағатын болады.

Ата - анаға қатыгездік жасаған адам дүниедегі ең күнәсі көп, адамдық ардан безген жан болып саналады. Қазақ халқында ондай пенделер қатаң жазаға, қатты қарғысқа ұшыраған.

Алайда, «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада», - демекші, өзінің перзенттік борышын түсінбеген, сөйтіп, ата - анасын жерге қаратып, көкіректерін қарс айырғандар бұрын да болған, қазір де жоқ емес.

Абайдың: «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік», - дейтіні содан шығар.

Ата - ананың сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті ғой. Сол арқылы - ақ бала ата - анасының мейірін өсіріп, өз ортасында төрден орын алуына көмектеседі. Керісінше, ата - ананың сөзін құлаққа ілмейтін, өзі тағы жөн білмейтін жетесіз бала олардың сағын сындырып, төрдегі басын есікке сүйрейді.

Отбасындағы психологиялық оңды ахуал, татулық пен тыныштық, жайдары қабақ, пейіл - береке – оның барлық мүшелерінің ырысы, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттарының жүзеге асуының кепілі.

Балалардың ұрысқақ, жанжалқой, дөрекі - дөкірлігі әке - шешенің жатса - тұрса жадынан шықпайтын қауіпі, азабы болады. Ондай ата - аналар үнемі алаңдаумен күн кешіп, қабақтарынан кірбің кетпейді.

Бұған қарама - қарсы еңбекқор, кең пейіл, жарқын мінезді болып өскен ұл - қыз ата - ананың қас - қабағына қарап, хал - жағдайларын айтқызбай аңғарып, олардың көңілін тауып, мерейін өсіреді. Демек, балалары ата - анасын, үлкендерді қуанышқа бөлеп, бақытқа кенелтем десе, алдымен, әдепті болулары керек, өз жұмыстарын адал да тыңғылықты атқарып, отбасына кіріс кіргізіп, әке - шешенің қарттығын қажетті тыныштықпен және дәулетпен қамтамасыз етулері қажет.

Ата - ана да адам, сондықтан олардың қателесетін, жаңылысатын, ағаттық жіберетін кездері болады. Әдепті бала ондай кезде зіркілдеп, дауыс көтеріп шыға келмейді, ал үлкенді балағаттау – бала тұрмақ жасы кіші адамның ісі емес. Үлкендердің әлдеқалай істеген ісі, сөзі жанына қатты батса да, сабыр етіп, өзіңді дүниеге әкеп, зор мехнатпен әлпештеп өсіргенін есіңе түсіруің, кешірімді болуың міндет.

Ұл - қыз әдептілігінің негізі – ата - ананы риза қылып, үнемі алғыс батасын алуында. Сонда ғана үлкендердің мерейі көтеріліп, ұл - қыздардың өркені өспек!

Қорытынды:

Оқушылар бүгін сіздер ата - ана алдындағы адамдық борышымыз туралы көптеген мағлұматтар, атақты ғалымдардың сөздерін оқыдындар. Сіздер ата - ананың алдыңдағы борыштарынды ұмытушы болмандар ертең ер жеткен соң ата - аналарды өздерін құрметтеп, қадірлеп бағындар. Сіздер кішкентай емессіздер менің сөздерімді түсіндіңдер деп ойлаймын. Менің ата - аналарыңды қадірле, құрметте деген сөздерімнін мағынасы қазір көптеген ер - жеткен адамдар өздерін кішкентай кездерінен көтеріп қанаттыға шөқтырмай өсірген ата - аналарын қарттар үйіне өткізіп, апарып тастап кетіп жатады! Бұл дұрыс деп ойлайсыздарма?

Үйге тапсырма:

Үйге ата - ана, отбасы жайында 5 мақал, «Менің отбасым» тақырыбында шағын шығарма жазу

Ашық сабақ: Адамгершілік – асыл қасиет
Экожүйе деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу