«Work and Travel» бағдарламасы туралы не білесіз?

Oinet.kz 28-11-2019 3970

Screenshot_18.jpg

Оңай олжаға кім қызықпайды дейсіз? Жұрт тау болып үйіліп жатқан қазынаға бірден ие бола салғысы келеді. Әсіресе, оң-солын әлі танып үлгермеген жастар. Олар үшін өмір сүру деген тым жеңіл болып көрінетіні рас. Әрі солай болуы тиіс деп санайды. Әрине, бәрі болмаса да, көпшілігі. Осыған орай, жер-жерде жастарды ұшпаққа шығара қоятын жүздеген бағдарламалар ұйымдастырылуда. Оның бірі - «Work and Travel». Ел арасында: «Осы бағдарламамен тек теледидардан көретін Америкаға барып келуге болады. Жай ғана барып келмейсің, онда ел-жер көресің, тіл үйренесің, ең бастысы барып-келуге кететін шығынды жұмыс істеп ақтап аласың. Тіпті, елге бір-екі қымбат гаджет алып келесің» деген сөздер жиі айтылады. Әйтсе де, бұл қаншалықты рас? Осыған Oinet.kz тілшісі жауап іздеп көрді. 

«Work and Travel» деген не?

Бұл сұраққа жауап іздемес бұрын, «Work and Travel» бағдарламасына қысқаша тоқтала кетсек. Бұл бағдарлама 1960 жылдары АҚШ мемлекеттік департаментінің қолдауымен іске қосылды. Бұл бағдарлама бойынша дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі әрбір студент аз қаржыға АҚШ-қа жазғы демалыста 3 айға саяхаттап, оның мәдениетімен танысады. Ең бастысы, мұнда еш қиындықсыз жұмыс істей алады. Қалтасы жұқа студенттер үшін ең керегі осы емес пе? 

«Work and Travel» Қазақстанға 2005 жылдары келді. Бүгінде орта есеппен 1500 қазақстандық студент жыл сайын мұхит асып жатады. Жалпы, мұндай мүмкіндікке ие болу үшін сіз ағылшын тілін pre-intermediate деңгейде білуіңіз қажет. Яғни, неғұрлым тіл білген сайын соғұрлым өзіңізге лайық жұмыс таба аласыз. Егер ағылшынша сайрап тұрсаңыз, сіз фирмадан бөлек, АҚШ-тағы жұмыс берушімен Skype арқылы тез тіл табысасыз. Нәтижесінде даяшы, сатушы боласыз, саябақ, жағажайда түрлі сервистік қызмет көрсететін орындарда жұмыс істейсіз. Жұртпен араласып, уақытыңыз да мәнді де сәнді өтеді.  

Сонымен, сіз АҚШ-қа бару үшін кемі 2000 доллар шығындалуыңыз тиіс. Оның 1000 долларын «Work and Travel» бағдарламасымен тікелей айналысатын фирманың төлейсіз. Олар сізге барлық құжатты дайындап, АҚШ-қа барғанда не істеп, не істемеу керек, бәрін түсіндіреді. Сізге тек ұшу ғана қалады. Билетке 500 доллардан жоғары қаражат жұмсайсыз. Билеттен өзге, тағы түрлі қосымшы шығындар бар.

Барлық мәселе (бәлкім, шаттық) АҚШ-қа келгеннен басталады. Максималист жастар мұнда «биік шыңдарды бағындырамын» деген сарында асқақ арман арқалап келетіні белгілі. Дегенмен, әуежайдағы жат орта көңіліңізді су сепкендей басып жіберуі мүмкін. Әрине, егер психологиялық тұрғыда дайын болып келмесеңіз. Тіпті, осындағы офицерге түріңіз күдікті болып көрінсе, сізде елге кіргізбей қоюға толықтай құқығы бар. Ал, егер елге кіргізбесе, онда бар есіл еңбегіңіз далаға кетті дей беріңіз. Отаныңызға қайта оралуға мәжбүр боласыз. Мұндай жағдайлар оқтын-оқтын орын алып жатады. Бұл жайлы интернет форумдарда жиі айтылады.  

Ресми деректерге сүйенсек, аталған бағдарлама бойынша АҚШ-қа жылына 100 мыңнан астам студент келеді екен. Көбіне, дамушы елдерден. Ал, енді осының барлығы мұнда ойдағыдай өмір сүріп кете ме? 

АҚШ-та сізді ертегі өмір күтіп тұрған жоқ

Жалпы алсақ, «Work and Travel» бағдарламасының түрі өте көп. Соның ең көп таралған екі түрі бар: Premium – америкалық демеуші тұратын орын мен жұмысты өзі ұсынады. Бұған орай бағдарлама ақысы да 2000 доллардан жоғары болады. Ал, одан арзанырақ Independent түрі бойынша студент жұмыс берушіні өзі іздеп, онымен өзі келіседі. Фирмалар көбіне Premium түрін таңдауды ұсынады. Мұнда студентке жұмысқа орналасуы жөнінде 100 пайыз кепілдік беріледі. Дегенмен, өзіне сенімді студенттер шығындалғысы келмей, көбіне арзанына жүгінеді. Осының салдарынан олар АҚШ-та көптеген қиындықтарға тап болып жатады. Мысалы, жұмыс беруші жеме-жемге келгенде студентті алдап соғады. Қазақстаннан шығарда фирма берген Job Offer (жұмыс берушілер тізімі) кей жағдайда жарамсыз болып қалады. Бұл ашық айтыла бермейтін шындық. Ондағы нөмірлерге телефон соқсаңыз, алмай, алса да бос жұмыс орны жоқ екенін айтып, тұтқаны қоя салады. Содан жүні жығылған студент не жататын жерсіз, не жұмыссыз күйде біраз уақыт тентіреп жүреді. 

Мысалы, өткен жылы бір таныс кісінің қызы әке-шешесіне қоймай айтып жүріп, аталған бағдарламамен АҚШ-қа барған. Фирманың және АҚШ елшілігінің емтиханынан қалай өткені белгісіз, әйтеуір оған тілді жеткілікті деңгейде білмесе де баруға рұқсат беріліпті. Дегенмен, алғашқы күні-ақ оның асқақ арманы бірден аласарып кеткен. Әлгі қыз тіл жағынан әжептеуір кібіртіктегесін, әзер дегенде бір бұрыштағы тамақтанатын орынға ыдыс аяқ жуушы болып орналасқан. Күніне 16 сағат жұмыс істеген кездері де болыпты. Ал, АҚШ-тағы ең төмен, бәсекеге қабілетсіз жалақы алатындар – ыдыс аяқ жуушылар. Содан қыз бағдарлама уақыты аяқталғанда туған жеріне ақша да таппай, тіл де үйренбей әбден әбіржіп қайтқан. Әкесі осыны айтып күйеді. «Алыстан арбалаймын деп 3 ай шетте көше кезгенше, өз елінде-ақ жұмыс істеуге болатын еді ғой» дейді ол. 

Кенесары Қасымов: 

Жұрттан жырақтап кісікиікке айналасыз

Мен 2015 жылдан бастап 3 жыл қатарынан АҚШ-қа «Work and Travel» бағдарламасы бойынша барып келіп жүрмін. Алғашқы жылы Висконсин штатына келдім. Мұнда қиын болды. Тіл жағынан қиналдым. Көңіл-күйім болмай, 3 ай қалай шыдаймын деп ойладым. Себебі, мұнда келерде қайтар билетіңіз міндетті түрде болуы керек. Әйтпесе, әуежайдағылар сізді тергеп, елге кіргізбей қоя алады. 

Бастапқыда мен ресторанда даяшының көмекшісі болдым.Алдын-ала келіскен жүмыс беруші мені лақтырған жоқ. Жұмыс ауыр. Күнұзақ жұрттан жырақтап робот секілді ары-бері шапқылап жүресіз. Мұнда уақытым текке өтіп жатқасын, бұл жұмыстан шығып кеттім. «Мен АҚШ-қа жұмыс істеу үшін келген жоқпын» деп елді аралап, жұртпен араласып, ағылшын тілінен деңгейімді көтеріп алдым. Ең негізі мақсатым осы емес пе?!.  

Көзім ашылған соң ба, қазір ешқандай қиындық көріп жүргенім жоқ. Түсінгенім, сіз мұнда ертегі өмірге тап боламын деп емес, қиындықпен бетпе-бет кездесем, онымен аянбай күресемін деп психологиялық тұрғыда дайын болып келу керек. Сонда «неге мен ойлағандай болмады» деп көңіліңіз құлазымайды. Кімге сенуге болады, кімге болмайды, кім дос, кім дұшпан, бәрін тосылмай аңғара алатын боласыз. Қысқаша айтсақ, «Work and Travel» бұл – өмір мектебі. 

Абылай Сағади:

Портта кальмар, шаян сатушы болып жұмыс істедім

Мен осы бағдарлама бойынша АҚШ-та 2 рет болдым. Мұнда келгендер көбіне үй мәселесінен қиналады. Біз бірнеше жігіт болып, қала шетінен үй жалдап тұрдық. Төлдемді First week (алғашқы апта), Last week (соңғы апта) және Deposit жүйесімен төледік. Мұнда ай сайын емес, апта сайын төлейсіз. Әр апта сайын бір адам 110 доллар төледі. Әрине, бұл бізге қымбат көрінер. Дегенмен, бұл АҚШ-тағы ең арзан үйлер қатарында еді.

Үй мәселесін шешіп алған соң, біз жұмыс іздей бастадық. Қазақстаннан шығарда ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білетін сияқты сезініп едім. Әйтсе де, АҚШ-қа келгенде сол жеткілікті деңгейдегі тіліңіз түкке жарамай қалады екен. Себебі, мұнда халық тез сөйлейді. Біз түсінбейтін диалект сөздері тағы бар. Осының салдарынан мен портта орналасқан дүкенде балық, кальмар, шаян сатушысы болып орналастым. Бұл жұмысты игеріп кеттім. Нәтижесінде осында келуге кеткен шығынды екі есе шығарып алдым. 

Жаңа келген студенттерге берер кеңесім, олар АҚШ-тың брендіне айналған Нью-Йорк қаласында ұзақ бөгелмегендері жөн. Бұл қала өте қымбат. Тамақ, жолкіресі болсын. Әуежайдан түскенде Манхэттенге қарай ешқашан такси шақыртпау керек. Мұндағы  такси жүргізушілері көбіне Орта Азиядан, Оңтүстік Азиядан келгендер. Олар жаңа келген студенттерді алдап, қаланы 1,5 сағат айналып барып қана Манхэттенге жеткізеді. Бұл 1,5 сағатта сіз 150 доллардай ақшаңыздан айрыласыз. Одан да Манхэттенге бармай, сіз «Work and Travel» бойынша жіберген өз қалаңызға тіке тартқан жөн. 

Қайтар кезде шекарадан бар болғаны 2 телефон алып өте аласыз. Одан көп алып шығуға рұқсат жоқ. Және 10 мың доллардан артық ақша алып шыға алмайды деп естіп едім. Бірақ, менде ондай көлемде ақша болмағасын, бұның не рас, не жалған екендігін білмедім. Аз-маз ақшамды беліме буып, «қайдасың Қазақстаным» деп тартып тұрдым. 

Назерке ТӘЖІБАЙ

«91» тобының жастарды «бұзатыны» рас па?
Атың шықпаса жер өрте: Жалған пиар жасаушылар нені көздейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу