Нұрлан Санжар: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар»

Oinet.kz 11-06-2014 1612

Қазақ киносының классикасына айналған туындылардың бірі – «Менің атым Қожа. Балалық шақ – адам баласының ешқашан есінен кетпес естелігі, өмір бойы қиялымен тербетіп, көңілімен әлдилеп өтер сағынышы. Мұндай сезім уақыт, дәуір, кезең талғамайды. Сондықтан да бұл фильмді жасамыс та, жас та бірдей қызыға көреді. Қазір – ХХІ ғасыр, «Менің атым Қожа» экрандалған кезде бала болғандар бүгінде немере сүйіп үлгерді. Фильмнің бала жанына жақын, шынайы да шебер түсірілгені сондай, сол немерелер, яғни, жаңа ғасыр ұрпақтары да аталған картинаны жатсынбайды, жақсы көреді. Яғни, бұл – мәңгілік, өміршең дүние.

Screenshot_1.jpg

Бұған Қожа рөлін ойнаған актер, сценарист Нұрлан Санжармен сұхбаттасу барысында да көзіміз жете түсті.

– Киноны қазір көргенде қандай әсерде боласыз?

– Шынымды айтсам, көрген сайын көңілімді сол балалық шағыма деген сағыныш сезімі тербейді. Балалық кескін-келбеті экранда мәңгі таспаланып қалған мендей бақытты жан көп емес шығар? Өзіме туған әкемдей қамқорлық көрсеткен режиссер Абдолла аға Қарсақбаев алақанының жылуын қайта сезінгендей боламын. Осындай ғажап дүние жасап шығарған түсіру тобының шынайы шеберлігіне тәнті бола түсемін. Бүкіл халық сүйіп тамашалайтын осындай туындылар көп болса екен деп тілеймін.

– Осыдан елу жыл бұрынғы түсірілім сәттерінен есіңізде ерекше сақталып қалған көріністер бар ма?

– Бастапқыда біраз абыржығаным есімде. Марқұм Абдолла ағам «Нұрлан, сен үлкен актерлердің ойнауына қарама, өзіңді Қожамын деп есепте де, кәдімгі өз мектебіңде, өз ортаңда жүргендей сезін» деп, ақыл-кеңесін берді. Осы сөздердің әсері ме екен, әлде өзім де құлшына кірісіп кеттім бе, әйтеуір әрі қарай түсіру жұмыстарында көп іркіліс болған жоқ. Бір жадымда қалғаны – камера алдында жылай алмай, қиналғаным. Анам науқастанып, әрі менің бұзықтығымның кесірінен қапаланып жатқан кезде мен оны құшақтап, «Маматай!» деп жылауым керек еді. Ал менің сол кезде, неге екенін қайдам, қайта-қайта күлкім келе берді. Бірнеше дубль жасадық. Бәрібір болмады, күліп жіберемін. Анамның рөліндегі Бикен апай әбден образға енген, жылауға дайын. Ол кісіні де біраз әуреге салдық-ау деймін. Сондай сәттердің бірінде қатты ашуланса керек, режиссер қасыма жетіп келді де, бетімнен шапалақпен салып кеп қалды. Ызадан қыстығып жылап жібердім. Операторлар да әзір тұр екен, дереу түсіріп үлгеріпті...

– Кәсіби актер болмасаңыз да, Қожаның рөлін тамаша ойнап шыққансыз. Әсіресе оның Жанарға ғашық болып, Жантастан қызғанатын тұстарын шынайы көрсеткеніңізге елдің бәрі риза. Кейіпкердің айнаға қарап өзімен-өзі сөйлесетін көрінісі де керемет: естуімізше, салмақты, «түзелген» Қожа мен тентек Қожа өзара сөйлескенде, түсіру тобындағылар қыран-топан күлкіге қарық болған деседі.

– Қазір мұның бәрін мен былай түсіндірер едім. Біріншіден, сценарийдегі Қожаның көп қылығы менің өз бойымда да бар болғандықтан, солай нанымды шыққан-ау деп ойлаймын. Расында да, мен экранда өзімді-өзім ойнағандай болдым. Екіншіден, және ең бастысы, мен сияқты он екі жастағы оң-солын танымаған баланың бірден образға ене кетуі – өздігінен бола қоятын іс емес. Бұл жерде режиссердің еңбегі орасан. Ол менен қалайда өз көкейіндегі Қожаны жасап шығаруға барын салды. Ақыры, міне, өзіңіз де тәнті болып отырсыз, сол мақсатына жетті де. Мен алдыма актерлік міндет қойған жоқпын. Бастысы – режиссер мені ойната білді. Жұрттың бәрі «Сен қалай ойнап шықтың?» деп әлі таң қалып сұрайды. Мен қазір 60-тан асқан, ақыл тоқтатқан адам ретінде ғана өзімше түсіндірген болып жатырмын, ал, шын мәнінде бәрінің қалайша осылай сәтті шыққанын мүлде білмеймін. 

ed37e6887e4945c84774d22d3fb02e7f.jpg

– Режиссердің сізді табуының өзі оңайға түспепті ғой?

– Иә, бұл туралы маған Абдолла ағаның ассистенті Тұрар Дүйсебаев айтып берген. Сценарий дайын болған соң, негізгі жұмыс – басты рөлге актер іріктеу қызып кеп береді. Бұл оңай тірлік болмаған. Өйткені, Қожа – жәй бала емес, мінезі де, болмысы да, түр-келбеті де әдеттегі қалыпқа сыя қоймайтын айрықша кейіпкер. Абдолла ағаның өзі бастаған түсіру тобы Алматы, Жамбыл облыстары мен көрші Қырғызстандағы мектептерді аралап, кастинг өткізіп, табандарынан таусылады. Мыңға тарта баланы байқап көргенімен, ешқайсысы көңілдерінен шықпайды. 

Бірде фильмнің бас операторы Михаил Аранышев пен Тұрар аға екеуі түскі ас ішуге кетіп бара жатады. Алдарынан екі оқушы қыз жүгіріп өтеді (киностудия жанындағы №33 орыс мектебінде оқитынбыз). Олардың соңынан бір ұл қуып келеді екен. Мен ғой. Соның алдында ғана балалармен әбден алысқанбыз, бет-аузым быт-шыт, үсті-басым алба-жұлба. Екеуі шап беріп қолымнан ұстай алды. «Бұзықтық жасады» деп милицияға апаратын шығар деп зәрем ұшты. «Мен режиссермін, киноға түсетін бала іздеп жүр едім, сенің түр-келбетің соған лайық екен, атың кім өзіңнің?» дегенде барып, жүрегім орнына түсті. «Киноға түсесің» дегеніне тіпті қуанып қалдым. Өйткені, сабаққа қатыспауға керемет сылтау табылды ғой! Абдолла ағаға алып келгенде (киностудия ол кезде осы күнгі Жамбыл атындағы филармонияның ғимаратында еді), ол кісі де мені бір шолып өтіп, бірден киносынаққа жіберді. Алғашқы түсірілімдер көңілдерінен шықса керек, А.Қарсақбаев та, көркемдік кеңес те «мынау – дайын тұрған Қожа» деп, рөлге мені бекітті.

Түсіру жұмыстары жарты жылдан астам уақытқа созылды. Мектеп басшылығы әу баста «Қазақфильм» басшыларымен келіссе де, кейін менің сол бес айбойы сабаққа қатыспағанымды ешбір ережеге сыйғыза алмай, әбден бастары қатып, ақырында төртінші сыныпта қалдырып тынды. Сөйтіп, мектепті өзіммен бірге оқып бастаған осы күнгі атақты әнші Әлібек Дінішевтен бір жыл кейін бітірдім.

– Неге Қожа бейнесі сіздің кинодағы жалғыз рөліңіз болып қалды?

– Мен актер болуға әу бастан қызыққан жоқпын. Осы фильмге түсу барысындағы қиындықтар менің бұл салаға деген онсыз да шамалы ынтызарлығымды тіптен басып тастады. Мен режиссер болуды армандадым. 1969 жылы мектеп бітіргенімде Шәкен аға Айманов маған ерекше ықыласы түсіп, Мәскеудегі ВГИК-ке жолдама алып берді. Қуанып келе жатқанымда алдымнан Абдолла аға шығып қалды. Ол кісіге айтып едім: «Сен әлі жассың, режиссер болу үшін өмірлік те, кәсіби де тәжірибең аз», – деді. Өмірі ешкімнің айтқанын тыңдамайтын мен сол жолы Абдолла ағаның сөзіне құлақ астым. Мәскеуге бармай қойдым. ВГИК-ке мен кейін 27 жасымда барып, өз күшіммен сценаристер даярлайтын факультетке түстім. Конкурстың күштілігі сондай, бір орынға 52 баладан келген еді... Сөйтіп, қазір «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етемін, сценарийлер жазамын.

– Ал «Менің атым Қожада» бірге ойнаған балалар неге содан бері бір-бірімен мүлде байланыс жасамаған? Кейде адамдар біраз уақыт бірге жүрген соң-ақ өмірлік досқа айналып кетпей ме?

– Білмеймін, әйтеуір солай болды. Бәріміз жан-жаққа тарап кете барыппыз. Менің өмір жолым қалай қалыптасқанын жаңа айтып өттім. Жанар – Гүлнәр Қорабаева да басқа ешқандай киноға түспеген, мамандығы инженер. Сұлтан – Марат Кәкенов журфакты бітіріп, ҰҚК-де жұмыс істепті. Өкінішке қарай, 2002 жылы жүрек ауруынан қайтыс болғанын кейін естідік. Жантасты – Ерік Құрмашевті кейінгі жылдары іздестіріп көріп едік, таппай-таппай келіп, 2011 жылы көз жұмғанын бір-ақ білдік. Мен оны сол фильм түсірілімінен кейін бірде-бір рет көрген жоқпын! Кішкентай Дәулетті ойнаған дүнген баласы Юнус Шәмөзовті де табар ма едік, таппас па едік, кездейсоқ сәт табыстырды. Қайбір жылы ұшақта келе жатып, әйгілі боксшы Ермахан Ыбырайымовпен сөйлесіп қалдым. Ол: «Кинода Қожа мен Сұлтан алдап қымызын ішіп, елтірісін ұрлап кететін қойшының кішкентай баласын ойнаған актердің қазір кім екенін білесіз бе?» – деп сұрады. «Білмеймін» дедім. «Ол – қазір Қазақстан бокс құрамасының дәрігері!» деп күледі. Сөйтіп, Юнусты тауып алдық. Ол қазір Дубайда тұрады екен.

Кинода анамның рөлінде ойнаған Бикен апа Римовамен ғана азды-көпті қарым-қатынаста болдым. Көрген сайын «балам» деп маңдайымнан сүйетін. Мына сәйкестікке қараңыз: менің өмірдегі өз анам мен кинодағы анам – Бикен Римованың қабірі Кеңсай зиратында қатар жатыр! Бұл тіпті арнайы ойластырылған нәрсе емес, бәрі кездейсоқ болған. Туған анамның басына барған сайын Бикен апама да тағзым етіп қайтамын.

– Қазір сізді көшеде жұрт тани ма?

– Кейде танып, бірге суретке түсіп жатады. Бірақ олар – ересектеу адамдар. Жастар жағы тани бермейді. Өзім де өңмеңдеп, алға ұмтылмаймын. Қайбір жылы пойызда, жоғары сәкіде жатып, төменде бір қазақтардың өнер, кино туралы сөйлесіп отырғанын естідім. Бір-біріне «Менің атым Қожадағы» баланы қазір көрсек қой, бүгінде қандай болды екен?» деп қояды. Мен туралы, фильм туралы жақсы пікірлер айтып отырды. Бірақ мен оларға «сол бала менмін» деген жоқпын...

Сұхбаттасқан Сәкен СЫБАНБАЙ

Авика Гор: «Ананди маған танымалдылық алып келді»
Жамбыл Ахметбеков: «Туған жерімді көрсем, құлазып, мұңайып қалам»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу