Доктор Халел Досмұхамедұлы

Oinet.kz 19-02-2020 2010

Алаш Орда көсемдерінің бірі, айтулы мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым және ағартушы Халел Досмұхамедұлының туғанына биыл 135 жыл толып отыр. Оның күреске толы өмір жолы, талайлы тағдыры талайға сабақ. Артында қалған ғажайып мұрасы жеке азаматтың ғана емес, тұтас ұлттың мәңгілік жәдігеріне айналды.

Халел 1883 жылғы 24 сәуірде қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында дүниеге келген. Ауыл молдасынан хат танып, жергілікті орыс-қазақ мектебінде оқыған. Он бір жасында Орал әскери-реалдық училищесінің оқушысы болды. Училищені бітіргеннен кейін, жиырма жасында, Санкт-Петербург Императорлық әскери-медицина академиясына түсіп, оны 1909 жылы үздік белгілі емші (лекарь с отличием) дәрежесімен аяқтады. Дәрігерлік еңбек жолын Пермь губерниясындағы Чердынь үйездік земствосында уақытша қызмет атқарудан бастапты. 1908 жылғы 8 мамырдан 31 тамызға дейін Морчан учаскесінің дәрігері болған. Үйездік земство басқармасының төрағасы, мүшелері және хатшысы осы қысқа мерзімде Халел Досмұхамедұлының жұмыс істегенін растап қолдары қойылған және управаның мөрі басылған куәлікте: «Морчан учаскесі қабылдау бөлімімен бірге енді ғана ұйымдасып жатқандықтан, тап осы мезгілде дәрігердің таза медициналық қызметі сыртында көп қажыр-қайрат пен іскерлік қабілет танытуы талап етілген-тін, міне, осы сәтте Досмұхамедов мырза өзіне жүктелген міндетті табыспен орындап, учаскелік дәрігер лауазымын дербес алып жүруге сөзсіз дайын екендігін дәлелдеді», – деп жазылған. Одан әрі: «Әскери ведомствода қызмет атқаруға міндетті болғандықтан, Досмұхамедов мырзаның үйездік земствода қалып жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқтығына Үйездік басқарма өте қатты өкінеді», – деген сөздермен академияны енді тәмамдап келген жас маманға ризашылықтарын түйіндепті. Шынында, 1913 жылғы 20 мамырда толтырылған «Орал казак әскері 2-әскери бөлімінің кіші дәрігері, емші Халел Досмұхамедов-Машақовтың қызмет тізімі» атты құжаттан «Академияда әскери ведомство стипендиясын пайдаланғандықтан», ол «екі жыл он бір ай әскери қызмет жасауға міндетті» деп көрсетілгенін оқимыз. 

b311e12820a03e0a59dcdb1f963a181e.jpg

Осы «...қызмет тізіміне» қарағанда, Халел Досмұхамедұлы 1909 жылғы қарашаның 29-ында 2-Түркістан атқыштар батальонының кіші дәрігері қызметіне бекітілген де, 1910 жылдың 11 наурызында Орал казак әскері 2-әскери бөліміне кіші дәрігерлікке ауыстырылған. 1910 жылғы 1 шілдеде практикалық жетілдіруден өту үшін Орал әскери ауруханасына бір жылға жіберілген. Одан 1911 жылғы 1 шілдеден өзінің тікелей міндетімен қоса Калмыков қабылдау бөлімінің меңгерушісі жұмысын қоса атқарды. Сол жылғы 11 тамыздан 1912 жылдың 2 наурызына дейін 2-әскери бөлімінің аға дәрігері лауазымында уақытша істеген. Негізгі қызметіне оралғаннан соң, осы 1912 жылдың 28 шілдесі мен 7 тамызы аралығында «Тама-Құдық алқабынан қазақ территориясына оба індетінің ауысуына қарсы шара қолдану үшін командировкада болғаны» жазылып, 1896 жылғы пенсия жөніндегі уставқа сәйкес, оба ошағында өткізген бұл мерзімнің «әрбір күні 12 күнге есептеледі» деп көрсетілген. 1913 жылы әскери қызметтен босап, Орал облысының Темір үйезінде учаскелік дәрігер болды. Осы қызметінде жүріп те, 1913 және 1915 жылдары обаға қарсы күрес науқандарына қатысты. (Сол шақтардағы жанқиярлық еңбегі арнайы марапатпен – императорлық қола медальмен атап өтілген). Және, әрине, баспасөзге әлеуметтік-саяси мәселелерге байланысты өзіндік ой-пікірін білдіріп, халықтың денсаулығын жақсартуды көздейтін мақалалар жазып тұрды. «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» атты мақалалары жарияланды. 1916 жылы шыққан «Қазақ халқы ішінде обамен қалай күресу керек» («Как бороться с чумой среди киргизского народа») деген кітапшасында жұқпалы індетке қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін таратып баян етті.

Халел Досмұхамедұлының ұлттық қозғалысқа белсенді түрде араласқанын бүгінде барша жұрт біледі. Оның саяси көзқарасының жетіліп, нық қалыптасуына студенттік шағында өзі куә болған империядағы қилы толқулар, революциялық оқиғалар шешуші әсерін тигізді. Сол жылдары туған өңірінде шығып тұрған татар және орыс газеттеріне («Фикер», «Уральский листок») саясат көріністерін түсіндіретін мақалалар жазып үлгерді. 1905 жылдың соңында әйгілі қоғам қайраткері Бақытжан Қаратаев серіктерімен аймақ қазақтарының жиналысын шақырып, Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құрғаны мәлім. Осы құрылтайшы жиналысты әзірлеуге аға ұрпақпен және өзге де өзіндей жастармен бірге студент Халел де қатысқан. Құрылтайшы жиналыс оны партияның орталық комитетіне мүше етіп сайлады. Ол қазақ кадеттері қатарында бірінші шақырылған Мемлекеттік думаға облыс қазақтары ішінен депутат сайлау науқанына атсалысты. Халел өзінің белсенді қоғамдық жұмысымен Алаш қозғалысын өрістетушілердің алдыңғы шебіне шықты. Ақпан революциясы нәтижесінде монархия тарих сахнасынан ығыстырылып, жаңа туған саяси мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылған қайраткерлердің алдыңғы қатарынан табылды. 1917 жылғы сәуірде Орал облысы қазақтарының тұңғыш съезін ұйымдастырушылардың бірі болды. Съезде жасақталған қазақ атқару комитетінің құрамына енді. Сол жылғы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезі төралқасының мүшелігіне сайланды. Шілдеде Орынборда өткен Бірінші жалпықазақ съезін басқарды. Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналыс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. Ал желтоқсандағы қазақ автономиясын құрып, үкіметін жасақтаған Екінші съезде «Алаш Орда» Халық Кеңесінің мүшесі болды.

1918 жылдың басынан Халел Досмұхамедұлы Орал облыстық земство басқармасының төрағасы лауазымында істеді. Наурыз айында басқарманың бірнеше мүшесімен бірге Жанша Досмұхамедов бастаған делегация құрамында Мәскеуге аттанып, Алаш автономиясының үкіметі атынан Совет үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізуге қатысты, Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш-Орданы совет рельсіне ауыстыру жобасын жасауға атсалысты. Мамыр айында Орал облысы қазақтарының кезекті съезі құрған «Ойыл уәлаяты» атты аймақтық мемлекеттік құрылым үкіметінің құрамына кірді. Қыркүйек айында «Ойыл уәлаятының» орнына, Алаш (Қазақ) елін басқаруды оңтайландыру мақсатымен, байланыс болмай қалатын сын сағаттарда орталық Халық Кеңесінің хұқтарын пайдалануға қақылы «Алаш-Орда» Батыс бөлімшесі құрылды. Халел Досмұхамедұлы үзеңгілесі Жанша Досмұхамедұлымен бірге Батыс Алаш-Орданы республикалық режимде жұмыс істейтін дербес құрылым дәрежесіне жеткізіп, 1920 жылы кеңес өкіметі жағына шыққанға дейін басқарысты. Бұл оның мемлекет қайраткері ретіндегі қызметінің ақыры еді.

Қазақ әскери-революциялық комитеті Батыс бөлімше басшыларын алашордашыларға амнистия жарияланғанына қарамастан, ел ішіндегі саяси қызметтен оқшаулауға тырысты, Мәскеуге, ВЦИК (Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті) қарауына жөнелтті. Мәскеу оларды біраз ұстады, ақыры Жанша орталыққа, бір салалық ведомствода қатардағы жұмыс істеуге қалдырылып, Халел сол жылғы күзге қарай Түркістан Республикасына, Ташкентте жаңадан ашылып жатқан оқу орнының оқытушысы қызметіне жіберілді. Содан ХХ ғасыр басындағы қазақ азаттық қозғалысының белсенді қатысушысы, 1917–1920 жылдарғы Алаш автономиясының дүмді қайраткері Халел Досмұхамедұлы өмірінің жаңа кезеңі басталды. Ол бет алған Түркреспубликада 1918 жылғы көктемде Халық университеті, күзде Ташкент педучилищесінің Қазақ бөлімшесі ашылған-тын. 1920 жылы Халық университеті негізінде Түркістан мемлекеттік университеті құрылды. Ал орыс оқу орнындағы Қазақ бөлімшесі 1919 жылы дербес педагогикалық училище тәжін киіп, 1920 жылы Қазақ ағарту институты (Киргизский институт просвещения, Киринпрос) атты жоғары оқу орнына айналған. Ташкентке келген бетте Халел, 1929 жылы жазылған өмірбаянында көрсетілгендей – «мамандығын жетілдіру үшін» университеттің «медицина факультетінің клиникасына ординатор ретінде кірді» және сонымен бір мезгілде Киринпростың «оқытушысы, әрі мектеби-санитарлық дәрігері» боп істеді. 1921 жылы «денсаулығының әлсіздігі салдарынан» университеттегі жұмысынан босап, «қазақ халқын ағартуға бағытталған ғылыми-педагогикалық қызметке өзін біржолата арнасам деген тілегіне сай», Түркреспублика Халық ағарту комиссариатының Қазақ ғылыми комиссиясы жұмысына ден қойды. Әуелі мүшесі, сосын төрағасы болды. Комиссия жұмысына басшылық жасап, тікелей араласуы нәтижесінде мектеп бағдарламалары, ғылыми терминология жасалды, қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу құралдары жазылды, бірқатары орыс тілінен аударып бастырылды.

Xалел Досмұхамедұлы өмірбаянында 1923 жылы біліктілігі сыналғанын, бірінші категориялы ғылыми қызметкер ретінде орталық өлкетану мекемесі тізіміне енгізілгенін, сонымен қатар Мемлекеттік баспаның ғылыми-редакторлық бөлімін меңгергенін, қазақ тіліндегі барлық ғылыми және педагогикалық басылымдарды рецензиялап, редакциялағанын қысқаша ғана айтқан екен. Соларды толықтыра түсетін бірер құжат мынандай. Түркістан Республикасы Денсаулық сақтау комиссариатының 1924 жылғы 20 қарашада берген куәлігінде: «Бұл куәлік Денсаулық сақтау Халық Комиссариатының Емдеу-санитарлық  бөлімінің меңгерушісі және Коллегия Мүшесі доктор Х.Д. Досмұхамедовке берілді, ол 1922 жылғы 12 қарашадан қазіргі кезге дейін Денсаулық сақтау Халық комиссариатының Коллегия Мүшесі», – делінген. Ал Түркреспублика Денсаулық сақтау Халық комиссарының 1924 жылғы 24 мамырдағы №145 бұйрығында Коллегия мүшесі Досмұхамедовтің сол жылғы 18 сәуірден оба эпидемиясына қарсы күресу жөніндегі Орталық Комиссиясының төрағасы болып тағайындалғаны айтылған. Ол Түркреспубликаның Денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін істеді. Түркістан халық ағарту комиссариаты атынан Орынборда өткен қазақ білімпаздарының, Мәскеудегі Бүкілресейлік денсаулық сақтау қызметкерлерінің съездеріне қатысты.

Орта Азияда ұлттық-мемлекеттік межелеу өтіп, Үлкен Қазақстан құрылғаннан кейін, республиканың Оқу комиссариаты 1925 жылғы 12 қыркүйекте берген куәлікте Халел Досмұхамедовтің Қазақ Мемлекеттік баспасы күншығыс бөлімінің меңгерушісі екені жазылыпты. 1928 жылы оны Наркомпрос (Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасының Халық ағарту комиссариаты) Жоғары педагогикалық институт ректорының орынбасарлығына тағайындап, педология курсын оқытуға шақырды. Арнайы комиссияның шешімімен оған педология доценті атағы берілді. Халел Досмұхамедов өмірбаянының соңында мынандай мәліметтер бар: «1927 жылғы 21 наурызда Қазпедвуз жанындағы Қазақ Мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі Комиссиясының төрағасы болып тағайындалды, бұл комиссия құрамына үш факультет кіретін ҚазМУ-ді бес жылда ұйымдастыру жоспарын, оқу жоспарын, кіріс-шығыс  қаржысының жобасын жасады... 1928 жылғы 3 шілдеден 1929 жылғы 1 қазанға дейін Ұйымдастыру комиссиясының мүшесі ретінде ҚазМУ-дің проректоры болды. Қазіргі уақытта ҚазМУ-дің профессоры, Ғылым Академиясы жанындағы Өлкетану орталық бюросының корреспондент-мүшесі, Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшесі, Рабпрос одағының ғылыми қызметкерлер секциясының мүшесі».

Оның 1929 жылғы өмірбаянына «педагогикалық және ғылыми қызметінің нәтижесі – жоғарыда аталған пәндер бойынша жазылған бірқатар оқулықтар болды... бұларды Қазақ Ағарту халық комиссариаты мектептер үшін ұсынған» делінген хабардан кейін, «X.Д. Досмұхамедовтің ғылыми-әдеби еңбектерінің тізімі» деп аталатын қосымша тіркелген. Ол бес бөлімшеге жүйеленіп, алғашқысына «Бастырылған ғылыми-педагогикалық және ғылыми-әдеби еңбектер» деген тақырыпшамен 18 жұмыс тізіліпті. Оның алтауы 1922-1928 жылдары қазақ тілінде басылған табиғаттану, зоология, адам анатомиясы мен физиологиясы, оқушы гигиенасы туралы оқулық кітаптар. «Қазақ өлкесіндегі халық арасында обамен қалай күресу керек» деген орысша еңбегінің бірінші басылымы 1918 жылы, екінші басылымы 1924 жылы шықты деп көрсетілген. Олардан басқа он бір жұмыс оның ғылыми-әдеби бағытта да өнімді еңбек еткеніне куә болып тұр. Бұлардың арасында қазақ тілі заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан зерттеу (1923), ғылыми терминология жөніндегі баяндама (1922), қазақ тіліне латын әліпбиін пайдалану хақындағы ғылыми жоба (1924), Нәзір Төреқұловтың қазақ орфографиясы мен терминологиясы жайындағы кітабына орай жазылған ғылыми-сын мақала (1926) бар. Сондай-ақ, кіріспесіне арнайы ғылыми зерттеу мақалалар жазып, бірнеше жинақ («Халық ақыны Мұрат Мөңкеұлы», 1924; «Аламан», 1926; «Исатай-Махамбет», 1925;  Шернияз шешен туралы сыни өмірбаяндық очерк, 1925) шығарған. «Қазақ халық әдебиеті мен оның маңызы» (1928), «Бұқарадағы Көгілташ медресесінің салынуы жайлы аңыз» (Бартольд құрметіне шығарылған жинақтағы этнографиялық очерк, 1927), «Самарқандағы Тіллә-Қара және Шер-Дор медреселерін салушы Жалаңтөс батырдың ата тегі» (1928) секілді еңбектерін орыс тілінде жазған. Тізбенің екінші тараушасында Вагнердің адам организмі мен өсімдіктер құрылымы жөніндегі екі жұмысын тәржімалап бастырғанын (екеуі де – 1924) көрсетіпті. Жеке бөлімге: «Қазақ махаббат әндерінің жинағы, қазақ махаббат әндерінің мазмұны мен жасөспірім шақтағы қазақты қалыптастырудағы мәні туралы» кіріспе мақаламен бірге және «Жалпы түріктердің, соның ішінде қазақтардың есімі, әкесінің аты, жанама аты және аталуы туралы ғылыми-тарихи зерттеу» деген аталымдармен баспаға әзірленіп болған еңбектерін тіркепті. Келесі бөлімде: «Қазақ оқушысының физикалық дамуы», «Жаратылыстану бойынша терминологиялық орысша-қазақша сөздік» деген еңбектерінің дайындалып жатқаны айтылған. «Менің редакциялағандарым» деп аталған бесінші бөлімде: «Кенесары–Наурызбай, халық ақыны Наурызбайдың тарихи поэмасы, Кенесары Қасымов қозғалысы жайлы менің тарихи очеркім мен поэмаға түсініктемем қоса берілген» (1923), «Қазақ ақыны Абайдың шығармалары, менің түсініктемем қоса берілген» (1928), «Қазақ халық поэмасы «Қыз Жібек» (1933) деп басталған бірнеше кітаптың тізімін бере отырып, Туркнаркомпрос (Түркістан Республикасы Халық ағарту комиссариаты) жанындағы Мемлекеттік Ғылыми Кеңестің органы «Сана» журналының сол тізбе жасалғанға дейінгі шыққан сандары мен жаратылыстану жөніндегі «Білім бастауының» тоғыз кітабын редакциялағанын келтірген. Тізім: «Бұлардан басқа, «Еңбекші қазақ», «Ақжол» газеттері мен  «Сана» және «Шолпан» журналдарында жарияланған санитария, мектеп ісі және қазақ этнографиясы жайлы танымал мақалалар мен Түркнаркомпрос пен Қазнаркомпросқа  басуға  ұсынылған  ғылыми-педагогикалық қолжазбаларға  рецензиялар   бар»   деген  жолдармен аяқталыпты. Тізімнің соңына «10.ІІІ.1929 жыл» деген дата қойылған...

Осындай қилы жұмыстарымен Халел Досмұхамедұлы халық ағарту саласында қажымай-талмай еңбек етті, оқу-білімді, ғылымды заман талабына сай дамытуға, ғылым жетістіктерін насихаттауға ерен үлес қосты. «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушылардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», «Сүйектілер туралы» және тағы басқа оқулық кітаптары мен ғылыми еңбектерін шығарды. Ояну, өркендеу жолына түскен қазақ қоғамының мұқтаждықтарын өтейтін өзге ғылым салаларында да уақыт талабына сай аянбай еңбек етті. Қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинады. Қазақ тілі дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі болып табылатын сингармонизм заңын зерттеді. Махамбет Өтемісов, Мұрат Мөңке¬ұлы, Шернияз шешен, Ығылман жырау, тағы басқалардың шығармаларын жарыққа шығарды. Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинап, жариялады. Өзінің «Мұрат ақын сөзі», «Исатай-Махамбет», «Аламан» жинақтары, «Шернияз шешен», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Алаш не сөз?», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебиетінің тарихы» тәрізді төл еңбектері жарық көрді. Баспасөзге белсене атсалысып, «Сана» журналының редакторы болғаны, «Шолпан», «Ақ жол», «Сәуле», «Еңбекші қазақ» секілді газет-журналдарға үзбей мақалалар беріп тұрғаны мәлім.

Ташкенттегі Киринпрос (Киргизский институт просвещения, Қазақ ағарту институты) 1926 жылы Қазақ педагогикалық жоғары оқу орны (Казпедвуз, Қазпеджоо) ретінде дамытылған-тын. Қазақ Республикасының астанасы Алматыға көшірілгеннен кейін Қазпеджоо осында жаңа тұрпатта шаңырақ көтеріп, ғұмырын Қазақ педагогика институты ретінде жалғастырды. Халел Досмұхамедұлы ҚазПИ-дің доценті, проректоры қызметін атқарды. Қазақ мемлекеттік университетін ұйымдастыру жөніндегі комиссияны басқарып, университеттің профессоры, бірінші проректоры болып тағайындалды.

Қысқасы, Халел Досмұхамедұлы өткен ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ халқына қалтқысыз қызмет еткен қазақ зиялыларының көрнекті өкілі еді. Ол бірнеше салада жемісті еңбек еткен жан-жақты тұлға, ірі ғалым, ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері болды. Тек медицина, гигиена салаларынан ғана емес, жалпы табиғаттану, биология, анатомия, физиология, зоология, ботаника, сондай-ақ тіл, әдебиет, тарих ғылымдары бойынша да өз заманындағы қоғам сұранысын өтейтін елеулі жұмыстар жазды. Және олары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.

Алаш қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын иесі: тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинаушы әрі насихаттаушы, шебер аудармашы Халел Досмұхамедұлының өмірінің соңғы он шақты жылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азапты кезеңге айналды. Ол ұлттық қозғалыс қайраткерлерін репрессиялаудың екінші толқынында тұтқындалып, жер аудару жазасына кесілді. Саяси себеппен бес жылға жер аударылып барған Воронеж қаласында денсаулық сақтау және гигиена институтының бөлім меңгерушісі, балаларды емдеу-сақтандыру амбулаториясы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін істеді. «Үлкен террор» жылдары сонда қайта қамалып, әуелі Мәскеу, одан Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылғы 24 сәуірде ату жазасына кесілді. Бірақ үкім орындалмай, сол жылдың 19 тамызында түрме ауруханасында қайтыс болды.

Халел Досмұхамедовты КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы мен Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасы 1958 жылы ақтаған болатын. Бірақ оның адал есімі рухани өмірімізге ондаған жылдар бойы қайта орала алмады. Тіпті, есімі 80-жылдары алғашқы қазақ дәрігерлері жайындағы өмірбаяндық жинаққа кіргізілгені үшін кітаптың бүкіл таралымын жойып жіберген жағдай да орын алған еді. Оның есімі қайта құру саясаты өріс алған 1988 жылы күллі алашордалықтар қатарында тағы бір ақталғаннан соң ғана шындап тірілді.

Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры профессор Халел Досмұхамедұлы еңбектерінің қайта жарық көруіне, шығармашылық мұрасының мейлінше түгел жинақталып, зерттелуіне мұрындық болды. Былтыр «Арыс» баспасынан Халел Досмұхамедұлының еңбектері тұңғыш рет үш том болып, профессор Ғарифолла Әнестің құрастыруымен жарық көрді. Шартты түрде «Жан саулығы» деп аталған бірінші томға (27 б.т.) тәуелсіздік жылдары бірнеше рет жарық көрген, таңдамалы жинағына енген тарих, тіл, әдебиет, медицина, гигиена саласындағы жұмыстары және өсімдіктер тіршілігі мен адам организмінің жұмысын әңгімелеген кітаптардан жасаған аудармасы, сондай-ақ, еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші және өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері мен соларға қатысты құжаттар енген. Екінші том (31 б.т.) «Тән саулығы» деп аталып, ғалымның «Адамның тән тірлігі» және «Табиғат тану» атты еңбектерін біріктірген. Үшінші томды (33,5 б.т.) «Жануарлар» атты үш кітаптан тұратын оқулығы құраған. Үштомдықты құрастырушы һәм бірден-бір халелтанушы ғалым Ғ.Әнес жинақтардың үшеуіне де алғысөз беріп, Х.Досмұхамедұлы мұрасының мән-маңызын, еңбектердің алғаш жарияланған шақтағы ағартушылық рөлі мен қазіргі таңда да құндылығын жоғалтпаған тұстарын талдап көрсетіп отыр.

Қазіргі таңға дейін Халел Досмұхамед¬ұлының туған жеріне – Атырау облысындағы Миялы кентінде ескерткіш қойылып, Алматы және Атырау қалаларындағы көшелерге, оқу орнына – Атырау университетіне есімі берілген. Бүгінде ол – халқымыз мақтаныш тұтатын қастерлі тарихи тұлғалардың бірі. Бұдан бір ғасыр ілгеріде қазақ халқын қараңғылық түнегінен өркениетке бастайтын ағартушылық, ғылыми-педагогикалық қызметке өзін біржолата арнаған Халел Досмұхамедұлы сынды ұлт қайраткерінің өмір жолын, мол мұрасын білу – қазіргі ұрпаққа парыз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы

Бетеге кетер, бел қалар...
Қытайға тиген қазақ қызы: «Балаларымды қазақ деп жаздырдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу