Шымкентте журналистке сот үкімі шықты

Oinet.kz 03-02-2023 625

Соңғы кездері журналистердің, блогерлердің, қоғам белсенділерінің тұтқындалуы, сотталуы жиіледі. Мұны әркім әрқилы жорып жатыр. Мұның арғы жағында саяси тапсырыс, сөз бостандығын тұншықтыру бар ма, жоқ па? 

Screenshot_2.jpg

Бұған бір сөзбен жауап беру қиын шығар. Дегенмен  дәл қазір кәсіби журналист пен «төртінші биліктің» атын жамылып, жеке қалтасының қамын ойлаушылардың,  блогер мен бәлеқорлардың ара-жігін ажыратып алу маңыздырақ болып тұр. 

Өткен аптада  Шымкент қалалық соты мегаполисте емхананың төбесіне ілінген жыртық туды ұялы телефонның камерасына түсіріп, сол арқылы мекеменің бас дәрігерін бопсаламақ болған журналистке шығарылған сот үкімін апелляциялық тәртіппен қарады. Алқа алғашқы сатыдағы үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Шымкент қаласының Абай аудандық соты «Қоғамдық бақылау» деп аталатын газеттің редакторы Ғани Өмірәліге қатысты үкімді желтоқсанда шығарған болатын.  Үкімге қарағанда, былтыр сәуірде қаладағы №6 емханаға  жүкті келіншек келген. Оны емханаға тіркеуге алуға қатысты дау туындаған. Осы жерде іске Х.Абдулаев пен М.Копенов деген «журналистер» араласқан. Сол күні ұялы телефондарына әр нәрсені түсіріп, емханада біраз шатақ шығарған олар ертеңіне қайта келген. Бұл жолы мекемеге ілінген тудың жыртық екенін, оны камераға түсіргенін айтып, бас дәрігерді шақыруды талап еткен. Осы жерде іске «басты қаһарман» Ғани Өмірәлі араласқан. Емханаға келген ол полицейлерді шақырып, жыртылған ту үшін шара көру жөнінде арыз жазып берген. Осыдан кейін бас медбике Кулкиевамен сөйлескен. Медбикенің сотта берген жауабына қарағанда, Ғани Өмірәлі:

-Мен нандаймен сөйлесемін,-деп сұқ саусағын көрсеткен. Медбике оның 1 миллион теңге дәметіп отырған түсінген. 

-Бірақ сіз Абдуллаевтың әпкесі болады екенсіз,. Сондықтан 500 мың теңге болады,-дейді «журналист». Аздан кейін:

-Мақұл, онда 400 000 теңге қылайық,- дейді. Медбике:

-Оңдай ақша жоқ, тек 300 000 теңге бере алатын шығармын, оның өзін де бас дәрігерге айтып көрейін – дейді.  Ғ.Өмірәлі:

-Тірлікті бастығыңыз бүгін бітірсін, офисіме келсін болмаса «Каспимен» салып жіберсін, болмаса жұмыстан құртамын – деген сөздерді айтып, М.Копенов екеуі көлікке отырып кетіп қалады. Ертесіне «журналистер» ақша сұрап, медбикеге қайта-қайта хабарласқан. Бас дәрігер А.Қылышбаеваның берге жауабына қарағанда, осыдан кейін полицияға арыз берілген. Сол күні кешкісін Ғ.Өмірәлі көлігімен келіп, медбикеден полицейлердің алдын ала дайындап берген айғақтық зат-300 мың теңгені алғаннан кейін, ұзамай ұсталған. 

Сотта Ғ.Өмірәлі өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Алайда сот басты куәгер-медбикенің жауаптарын негізге алып отырып, оның кінәсін дәлелденді деп тапқан. Нәтижесінде  бас редактор «қорқытып алу» бабымен 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.  Ғ.Өмірәлі  2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының үкімімен «алаяқтық» бабымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін оның жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылған екен. Бұл жолы журналист жазасын  қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейтін болады. 

Осыдан екі жыл бұрын Жетісай ауданында өздерін блогер, журналист, заңгер ретінде таныстырып, жұртты қорқытып ақша алған төрт  азаматқа үкім шығарылған болатын. М.Әшімов, Ө.Жүнісбеков, М.Лесбаев және С.Мырзамұратов өздері құрған «Түркістан 2030» деп аталатын  қоғамдық бірлестіктің атын жамылып, «Защита прав потребителей», «Түркістан 2030 по борьбе с коррупцией», «Содействие Департамента по борьбе с коррупцией», «СМИ /средства массовой информаций/», «Закон и правосудие», «Информационно правовой портал», «Проводим политику президента РК» деген қызыл түсті жалған қызметтік куәліктерді және визикаткаларды жасаған. Атынан ат үркетін  ұйымдардың куәліктерімен «қаруланған» жігіттер осыдан кейін бопсалау әрекеттерін бастаған. Сот үкімінде олардың «қорқытып алушылық», «алаяқтық»  әрекеттеріне қатысты 13 эпизод келтірілген. Топтың басшысы 10, қалған үшеуі 8 жылға бас бостандықтарынан айырылған еді. 

Жоғарыдағы сот үкімдері журналистік қызметті, қоғамдық бақылауды бопсалаудың құралына айналдырғандарға сабақ бола қояр ма екен? Әй, қайдам?!

"Рейтинг" газеті, ақпан, 2023 ж

Шымкент әкімдігі иттерді піштіруге 140 миллион теңге бөлді
Қызметінен айрылған Асхат Аймағамбетов алғаш рет шындықты айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу