Жамбыл облысында дүниеге келген үшемге елде өте ерекше есімдер берілді

Oinet.kz 03-02-2020 27653

Жамбыл облысында жыл басында Т.Рысқұлов ауданындағы Құрманалиевтер отбасында үшем дүниеге келді.

image.png

Аудан аумағынан шалғай жатқан Ақниет ауылдық округінің орталығы Дінмұхамед Қонаев ауылында тұратын Құрманалиевтер отбасы үшін жаңа жыл жағымды жаңалықпен басталған. Себебі, Дидар мен Қымбаттың бұған дейін Диляра және Дария есімді әпкелі-сіңлілі екі қыздары болса, енді олардың үш інісі бар. Бірге туған шақалақтардың үшеуі де ер бала. 

Үшемнің есімдерін 58 жастағы Дәулет аталары қазақы ырымға балап «Аман, Есен, Жүрсін» деп қойыпты. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов Дінмұхамед Қонаев ауылына арнайы барып, Құрманалиевтер әулетін құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы үшемнің денсаулығы әрқашан маңызды екенін атап өтіп, жергілікті билік тарапынан шақалақтарға барлық жағдай жасалатынын да айтты. Сондай-ақ, Аман, Есен, Жүрсінге балалар арбасы (коляска) мен жаңажылдық сыйлықтар табыс етті. 

«Алғашқыда УЗИ нәтижесі белгілі болғанда аздап уайымдаған болатынбыз. Бірақ, қазір қуанышымызда шек жоқ. Ана мен бала денсаулығы үшін барын салып еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз»,- дейді ол. 

Айта кетейік, туған сәтте үшемнің екеуінің салмағы екі келі үш жүз грамм болса, біреуінікі бір келі жеті жүз грамм болған екен. Қазіргі күні Аман, Есен және Жүрсіннің денсаулықтары қалыпты. Аудандық орталық аурухана мен ауылдық дәрігерлік емхана тарапынан қажетті көмектердің барлығы дерлік көрсетілуде екен. Бұл жас отбасы Дидар мен Қымбаттың бесінші сәбилері. Үшемнің алдында олардың Диляра және Дария есімді әпкелі-сіңлілі екі қыздары бар.


Елімізде коронавирус күдігімен 80 адам ауруханаға жатқызылды
Қазақстан Қытаймен әуе қатынасын уақытша тоқтатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу