Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Қасымов елге рақымы жоқ министр ме?

06.12.2016 | 11:23

 

«Рақымшылық дегеніңіз баяғы кеңестік кезеңнің қалдығы. Алдағы уақытта қалай боларын кім білсін, бірақ Тәуелсіздіктің 25 жылдыққа рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленбейді. Қазақстан сотталушыларға рақымшылық жасау тәжірибесінен бас тартып, мейілінше заманауи әдіс-тәсілдерді қолданады. Халықаралық тәжірибеде кешірім беру әдісі бар. Міне бұл бостандыққа мерзімінен бұрын шығудың жалғыз жолы. Басқа әдістер қолданылмайды. Яғни, сотталушы кешірім беру жөнінде өтініш береді. Комиссия өтінішті қарайды».

Осыдан бір ай бұрын ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ақпарат құралдарына берген сұхбатында осылай деген екен. Әңгіменің түп-төркіні 25 жылдыққа рақымшылық жасала ма жасалмайды ма деген сауалдан шығып отыр ғой.  Қазақстанда соңғы рет рақымшылық Тәуелсіздіктің 20 жылдығында жарияланған екен. Ал тоқсаныншы жылдардың аяғында амнистияны дүркін-дүркін жариялағаны есте. Осы шаралардың арқасында сотталғандардың саны жағынан АҚШ, Ресейден кейінгі орында алып, әлем бойынша алғашқы төртікке кіріп жүрген Қазақстандағы жағдай біраз дұрысталды.  Қазір түрмеде отырғандардың саны бойынша еліміз 30-40-ыншы орындарға төмендеді. Яғни, Үкімет  енді рақымшылық жасауға онша құлықты емес. Қасымовтың   шікірейтіндей жөні бар. Бірақ...

Қасымов рақымшылықтан дәмеленбеңдер деп жүргенде Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап рақымшылық жасайтынын мәлім етті. Министрдің қолынан келмеген рақымшылықты Елбасы жасады.  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын енгізді.  Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады. Рақымшылықтан азаматтардың әлеуметтік осал санаттары, кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, қарт адамдар, мүгедектер, сондай-ақ болмашы және ауыр емес қылмыс жасаған адамдар үміт арта алады. Сотталғандардың басқа да санаттарына қатысты рақымшылық олардың жасаған әрекетінің жеңіл-ауырлығын ескеріп, шектелген ауқымда және жіктелген түрде, сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеген жағдайда қолданылады. Сондай-ақ, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық жасауға тыйым салады, бұл қылмыстық жағдайды қиындату қаупіне жол бермейді.

 «Рейтинг» газеті.

 
Көрілді: 880
Жаңартылған: 06.12.2016 | 11:26
Категориялар: Басты жаңалықтар, Өмірдегі басты жаңалықтар, Өмір