Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Өнерге жақын әкiм

өңірді гүлдендіруге де ден қояды

11.11.2016 | 10:09

 

Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi қызметiне тағайындалғанына бiр ай толған Жансейiт Түймебаев өзiн өнерге жақын, өнер саласында жүрген қызметкерлердiң мұң-мұқтажына бүйрегi бұратын әкiм екенiн байқатып үлгердi. Шымкенттегi Көркемсурет галереясындағы кездесуде Қазақстанға еңбек сiңiрген өнер қайрат­керi, Сальвадор Дали атындағы халықаралық сыйлықтың жүлдегерi, “Тарлан” сыйлығының иегерi Ерболат Төлепбайдың қатысуы да “болар iстiң басына, жақсы келер қасына” деген халық даналығын ойға оралтты. “Өзiм көптен берi Алматыда тұрамын. Соңғы 25 жылда әкiмдердiң тек суретшiлермен арнайы кездесу өткiзгенiн естiген емеспiн” дедi ол об­лыс­тың су жаңа әкiмiнiң қадамына айрық­ша ризашылығын бiлдiрiп:

– Суретшiлердiң жаны қандай нәзiк болса, олардың суреттерi де сондай нәзiк. Күтiмдi талап етедi. Яғни, қылқалам шеберлерiн алақанға салып күтуiмiз керек. Сондықтан оңтүстiкте Көркемсурет галереясына арнап заманауи жаңа ғимарат салу жан-жақты қарастырылуда.

Маманданған жаңа ғимарат салын­ған соң, күн тәртiбiндегi мәселелер өз ретiмен шешiмiн табады деп ойлаймын, – дедi Жансейiт Қансейiтұлы    

Оңтүстiктi бейнелеу өнерiнiң ошағы десе болғандай. Бiр ғана Төле би ауданынан КСРО суретшiлер одағына мүше 19 қылқалам шеберi шыққан. Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Тө­лепбай, қос өнердiң тарланы Бексейiт Түлкиев, Құлагердiң тағдырын құшқан Құрасбек Тыныбеков, қай-қайсысы да қазақ бейнелеу өнерiнiң майталмандары санатында. Осы жиын барысында бейнелеу саласындағы түйт­кiлдi мәселелердi шешуге талпыныс жасалды. Одақ кезiнде қылқалам шеберлерiнiң құтты мекенiне айнал­ған Суретшiлер үйi қаңырап, ақыр аяғында сатылып кеткен едi. Сурет­шiлердiң әлеуметтiк мәселесi де өзектi. Кездесуде осындай маңызды мәселелер талқыға түстi. Облыс басшысы алдағы уақытта суретшiлердiң шеберханаларына арнайы барып, шығармашылық жұмыстарымен танысуға уақыт табатынына уәде бердi. Бү­гiнде Оңтүстiк Қазақстан суретшiлер одағының мүшелiгiне 88 қылқалам шеберi қабылданса, солардың әрқайсысына арнайы шығармашылық деректер жасақталмақ. Түпкi мақсат – өңiрдегi көркемсурет өнерiнiң дең­гейiн халықаралық дәрежеге көтерiп, шетелдiк галереяларда шымкенттiк шеберлердiң туындыларын қою. Сонымен бiрге Ерболат Төлепбай, Тоқболат Тоғысбаевтай талантты сурет­шiлердiң iзбасарларын даярлауға ерекше көңiл бөлiнбек. Бұл бағытта да әкiм ұтымды ұсыныстарын ортаға салды. Айталық Шымкентте республикалық суретшiлер конгресiн өткiзiп, шеберлiк сағаттарын ұйымдастыру iсi қолға алынбақ. Облыс орталығындағы Көркемсурет колледжiнде Ерболат Төлепбайдың арнайы сынып аудиториясын ашып, жас өрендердi шығармашылыққа баулу бағытында да нақ­ты iстер атқарылмақ. Жиынға Түркияның Ынтымақтастық және үйлестiру агенттiгiнiң елiмiздегi өкiлi Али Ихсан Чаглар мырза да қатысты. Кездесуде ол түркiтiлдес елдердiң бауырластығын нығайту   мен бiрлескен жобаларды iске асыру мәселелерiн сөз еттi.

Ерболат Төлепбай да бiрқатар құнды пiкiрiмен бөлiсiп, өнердi дамытудың жолдарына кеңiрек тоқталды. Мәскеудегi әйгiлi Третьяков галерея­сында жеке көрмесiн ұйымдастырған Е.Төлепбайдың табыстарын тiзбектеп айтып тауыса алмайсың. Кино саласындағы ең жоғарғы жетiстiк – “Оскарды” алу болса, көркемсурет саласының биiк шыңы – Сальвадор Дали атындағы халықаралық жүлде болып есептеледi. Айтпақшы, Ерболат Төлепбай мен қазақтың талантты қылқалам шеберi Тоқболат Тоғысбаев екеуi бiр отба­сын­да өскен ағалы-iнiлi екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмеуi мүмкiн. Австралиялық ағайынды сазгер Штраустар, немiс жазушылары Генрих пен Томас Манндар, голланд суретшiлерi Питер мен Ян Брей­гел­дер сияқты ғажайып құбылыс қазақтың да қанынан табылып, топырағынан жаралуы өмiрлiк оқшау фактiлердiң өзара ұқсастығы мен сабақтастығын, тамырластығын танытады. Басқосуда облыстағы Көркемсурет галереясын Тоқболат Тоғысбаевтың атымен атау туралы ұсыныс айтылып, қолдау тапты.

Жиынға қатысушылар профессор Оңалбай Аяшев басқаратын Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк педагогикалық институтының ұйымдастыруымен облыстық бейнелеу өнерi мұражайына қойылған “Ұлы дала ұрпақтары” атты шығармашылық көрменi тамашалап жоғары бағасын бердi. Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойы­на тарту ретiнде ашылған, бiр ай бойы өз жұмысын жалғастыру арқылы көрген адамның көңiлiне әдемi әсер сыйлайтын көрмеге 100-ден аса студенттiң жұмыстары қойылды. Майлы бояумен салынған суреттер, гобелен, киiз басу, ши тоқу технологиялары бойынша қолөнер туындылары, ұлттық аспаптар, кәдесыйлар көрермен назарына ұсынылды.

Жалпы, аймақ басшысының мәдениет пен өнерге қатысты мәселелердi саланың бiлiктi мамандары және белгiлi тұлғалармен ақылдасып отырып шешуi құптарлық тiрлiк. Жуырда өңiр басшысы “Түрксой” халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейiновпен бiрге  Шымкент қаласында орналасқан мәдениет нысандарын аралап, тыныс-тiршiлiгiмен таныс­ты, өнер қызметкерлерiмен жүздестi.

Байқағанымыз, Жансейiт Қан­сейiт­ұлының жұмыс iстеу стилi – кабинеттен шығып, халыққа жақын болу, әр саланың жағдайымен етене танысып, нақты шешiмдердi қабылдау екенi байқалып тұрды. Мәселен, өткен аптада “Бәйтерек” Ұлттық басқарушы холдингi” АҚ басқарма төрағасы Ерболат Досаевпен бiрге Қазығұрт ауданына барып, бiрқатар кәсiпорындар мен шаруашылықтардың жұмысымен танысты. Сапар барысында “Оңтүстiк – жемiс-жидек пен көкөнiстiң отанына айналуы тиiс” деген нақты мiндет қойылып, оны iске асырудың жолдары қарастырылды. Ал “Қазатомөнеркәсiп” ҰАК” АҚ басшысы Асқар Жұмағалиевпен бiрге Созақ ауданындағы уран кенiштерiн аралап, Таукенттегi «Орталық Мойынқұм» және «Қанжуған» компанияларының жұмысымен танысты. Созаққа iссапар барысында облыс әкiмдiгi мен ұлттық компанияның арасындағы жаңа меморандумға қол қойылды.

Бүгiнде “Қазатомөнеркәсiпте” тағам ретiнде қолданылатын ет өнiм­дерiнiң небары 38 пайызы жергiлiктi өнiм екен. Ынтымақтастық келiсiмi кезiнде Жансейiт Қансейiтұлы аталған меморандум аясында кәсiпорында жұмыс iстейтiн 12,5 мыңнан астам жұмысшыны азық-түлiкпен қамтуда Созақ ауданының жергiлiктi өнiмдерi тұтынылуы керектiгiне тоқталды. Ал мұның өзi аудан экономикасына тың серпiлiс беретiнi сөзсiз.

Ғалымжан Елшiбай,

Оңтүстiк Қазақстан облысы,

Жас Алаш №90 (16172) 9 қараша, сәрсенбі 2016

0117

 
Көрілді: 1254
Жаңартылған: 17.11.2016 | 14:20
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет, Мәдениеттегі басты жаңалықтар