Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Арман Әлиев, «Оңтүcтік цирк» мемлекеттік мекемесінің директоры: «Монте-Карлодағы фестивальден үмітіміз бар»

23.04.2015 | 14:23
Арман Әлиев, «Оңтүcтік цирк» мемлекеттік мекемесінің директоры:  «Монте-Карлодағы фестивальден үмітіміз бар»

DSC 00019-         Халықаралық цирк күнін қалай атап өттіңіздер?

-         Жақында, өздеріңізге белгілі, театр күні болды. Басқа өлкелерді қайдам, бұл дата Оңтүстік топырағында ерекше, керемет аталып өтті. «Театр көктемі» фестивалі ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өтті. Негізінен біздің аймақ өнерге, мәдениетке өте бай. Елордамыз Астанада алты театр бар болса,  біздің облысымызда сегіз бірдей кәсіби театр жұмыс істейді, циркіміз бар. Сол себепті болар, бізде мәдени іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатады. Біз де осы дәстүрден қалыспайық деп халықаралық цирк күнін атап өтуді ұйғардық. Облысымыздың жастарын, мекеме қызметкерлерін, БАҚ өкілдерін шақыртып, циркке тарту ретінде мекеме алаңына ағаш көшеттерін отырғыздық. Қонақтарға арнап ұжымның бірі наурыз көже пісірсе, бірі бауырсақ дайындап, жұмылып дастархан жайып, атап өткен жайымыз бар. Біздің цирк әлемдегі ең жас ұжым. Алдағы жылдары атаулы датаны кең көлемде тойласақ деген ниетіміз бар.

-         «Оңтүстік цирктің» алдағы уақытта көрермендерге тартар қандай қойлымдары бар?

-         Қазір шығармашылық ұжымымыз күндіз-түні дайындық үстінде. Екі манежіміздің бос қалған күні жоқ. Себебі, алдымызда бірнеше фестивальдер күтіп тұр. Биыл қазақ цирк өнерінің қаланғанына 45 жыл толып отыр. 24 шілдеде осыған орай үлкен фестиваль өтпек. Бұл тойдан біз де тыс қалмай өз қойылымымызды ұсынғалы жатымыз. Сондай-ақ, биыл Астана циркінің құрылғанына 10 жыл. Онда «Азия жаңғырығы» деген тақырыппен жыл сайын халықаралық фестиваль өтеді. Жас цирк ретінде біз де аталмыш фестивальде өнер көрсетеміз. Біздің ұжымды сонымен қатар Өзбекстанның циркі де шақыртып отыр. Биыл көрші елдің цирк өнерінің қаланғанына 100 жыл толғалы отыр екен. Соның құрметіне ұйымдастырылатын фестивальге қатысып, көрермендерді тәнті еткіміз келеді. Осы жылға аталған шоқтығы биік үш фестивальге қатыссақ төрт жасқа толғалы отырған цирк үшін үлкен жетістік болар еді.

-         Шырайлы Шымқалаға шетелдің біраз  белді цирк ұжымдары өнер көрсетіп кетті. Соған қарағанда халықаралық байланыстарыңыз нығая түскен секілді...

-         Ия, аз уақыттың ішінде он шақты цирк мекемелерімен байланыс орната алдық. Қазақстандағы екі циркті айтпағанның өзінде бүгінде Ресей, Польша, Қытай,  Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерімен іскерлік-достық қарым-қатынасымыз жақсы. Қазақстандағы цирктердің алғашқысы болып Украина цирктерімен меморандум орнаттық. Алматы, Астана цирктерімен бірлесіп Украина цирктеріне гастрольдік сапармен барып, бірігіп өнер көрсетіп қайтсақ деген жоспарымыз бар еді. Өкінішке қарай, ол жақта аласапыран болып, бұл жоспарымыз кейінге шегерілді. Енді Әзірбайжан, Грузия, Үндістан  цирктерімен  шығармашылық байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Еңбегіміз нәтижелі болып, Үндістан циркінің директоры Қазақстанға мамыр айында іс-сапармен келетін болды. Келесі жылы біздің циркке бес жыл толады. Бес жылдыққа ауқымды жоспарлар құрып отырмыз. Шымкент Ұлы Жібек жолының бойындағы көне шаһардың бірі болғасын «Ұлы Жібек жолы» деген атпен халықаралық цирк фестивалін ұйымдастыруға осы бастан кірісіп жатырмыз. Фестивальге  кем дегенде бес мемлекет қатысса нұр үстіне нұр болар еді.   

-         Әлемге әйгілі Монте-Карлодағы дәстүрлі халықаралық цирк фестиваліне қатысудан үміттеріңіз бар ма?

-         Монте-Карлодағы фестивальге қатысу үшін үлкен еңбек, тәжірибе қажет. Себебі, ол дүние жүзіндегі талабы жоғары, ең мықты додалардың бірі. Оған тек ең үздік деген ұжым ғана қатыса алады. Монте-Карлодан алтын жүлдені иемдену ең үлкен бақыт шығар, сірә. Біз де құр армандап, ай қарап жүрген жоқпыз. Кім біледі, алдағы уақытта «Оңтүстік цирк» ұжымы Монте-Карлоның манежінде өнер көрсетіп жатса таңқалуға болмас.

-         Өзіңіздің әу деп ән салатын өнеріңіз бар еді. Жеке шығармашылығыңызды тоқтатып қойған жоқсыз ба?

-         Білесіз бе, мен негізі режиссура және актер мамандығын бітіргенмін. Әзіл әндерді де орындап, халыққа танылған жағдайым бар. Алайда, цирк әлеміне келгелі бері циркке деген махаббатым басым болып кетті. Өз ісімді асқан сүйіспеншілікпен атқарамын. Кабинетте отырғаннан гөрі манежде жүргенді ұнатамын. Сол манежде кеше сальтоны екі рет секірген бала бүгін үш рет секірсе балаша қуанып қаламын. Енді актерлік шеберлігімді  cол манежде сынап көрсем деймін. Қойылымдардың бірінде екі метрден асатын еркін сатыға ешқандай сақтандырусыз шығып трюктерді көрсетуге жаттығып жүрмін. Бұл бір көңілді номер болайын деп тұр. Енді мұныма біреу күле қарар, біреу түсіне қарар. Айтайын дегенім, цирк менің өмірімнің бір бөлшегіне айналып келе жатыр. Жақында Шымкенттегі «Сақ» киностудиясы цирктің ішкі өмірінен сыр шертетін балалар телехикаясын түсірсек деген ұсынысты айтып еді. Мен қуана-қуана келісім бердім. Себебі, қазақ циркі туралы осы уақытқа дейін Қазақстанда бірде-бір фильм түсірілімепті. Осы жобаға киностудия мен цирк ұжымы қызу кіріссек ел-жұрт қызығатын туындылардың бірі болады деген сенімдемін. Өйткені, циркті өзге өнермен салыстыруға келмейтін ғажайып әлем. Цирк көрерменді күлдіреді, таңқалдырады әрі бойына үрей билеткізеді.  Соған қарамастан жеке шығармашылығымды тоқтатпақ емеспін. Әзірге көңілімнен шығатын ән табылмай тұр.

 
Көрілді: 2437
Жаңартылған: 23.04.2015 | 12:38
Категориялар: Басты жаңалықтар, Мәдениет, Мәдениеттегі басты жаңалықтар